Басты жаңалықтар

Ойыл табыстың тойын тойлады

Күзгі жиын-терін аяқталып, аулаларына мал азығын толтырып, қыстық қорын қамдап болғаннан кейін мерекеленетін бұрынғы Шопандар тойының жалғасы араға біраз жыл салып қайта жалғасын тапты. Совхоз ыдыраған соң-ақ оның да сәні кеткен-ді. Бірақ бұл үрдістің қайта оралғаны 30 жыл бойғы тынымсыз еңбектің жемісі болса керек. Шаруалар ала жаздайғы бейнетінің зейнетін көретін күзгі мерекені асыға күтеді. Малшы, механизаторлардың мерейі көтеріліп, алғысқа бөленетіні де осы кез. Бұған Ойыл ауданында өткен ауылшаруашылық қызметкерлері күнінде көз жеткіздік.

Сонымен…

Жәрмеңке және мереке

Бүгінде «көзі тірі» «Көкжар жәрмеңкесі» ойылдықтар үшін  тарих қойнауына енер жол.  «Көзі тірі» дейтін себебіміз — облыс аумағындағы ғимараттары сол күйі сақталған жалғыз жәдігер осында. Сондықтан ойылдықтар қандай мереке болмасын жәрмеңкесіз бастамайды. Оның үстіне ауылшаруашылық қызметкерлеріне арналған мерекенің жәрмеңкесіз өтуін елестетудің өзі ұят.  Ал жәрмеңке тарысыз тағы болмайды. Таразыдан түспейтін осы бір төл өнім десе, кезкелген адам ойланбастан қалтасындағы ақшасын сарт еткізіп сатып алғыш-ақ. Сөренің сәніне айналған Шығанақтың дәні сұраныстан түскен емес. Керісінше, күн өткен сайын құны арта түсуде. Ғасыр алмасса да сол Ойылдың «бренді» сауда әлемінде жыл сайын «трендте».

…Ертемен басталған жәрмеңкенің негізгі тауары тағы да сол тары болды.  Сарыбие ауылдық округінен келген «Жақып» шаруа қожалығының бұл өнімі тұтынушыларын тез тапты. Сонымен қатар Қараой ауылдық округіндегі «Барыс» шаруа қожалығының тарысы да сатылып кетті.

Биыл қос округке жауын мол түсіпті. Еккен тарылары бітік шыққан. Алайда аудандағы жалғыз, ескі комбайн бұзылып, толық орылмапты. «Барыс» шаруа қожалығы 10 тоннадай тарысын жинап үлгеріпті.  Ал 120 гектар жерге дән сепкен «Жақыптың» алқабына арнайы техника жетпеген соң келдектеп жинаудан басқа амалы болмаған. Бірақ қорда тары жеткілікті жиналған.

Біздің тары-талқанымыз тек жәрмеңкелерде ғана сөреге шығады. Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарынан таба аласыз. Сондықтан мұндай жәрмеңкелерде тез өтіп кетеді. Тарының келісі — 1200 теңге, — дейді тары сатып тұрған сарыбиелік Зоя Иманбаева.

Оның сөресіндегі тарыдан басқа шұбат, майқұрт, сүзбе, ірімшіктерді тұрғындар түгел сатып алыпты.

Ауданның шаруа қожалықтары ет-сүт өнімдерін әкелді. Жеке тұрғындар да дайындап әкелген тағам түрлерін ұсынды. Жәрмеңкенің саудасы қызған тұста арнайы тігілген киіз үйде әр ауылдық округтің дастарқаны жайылды. Онда жәрмеңкеге келген қонақтарға тегін ыстық шай, бауырсақ, қуырдақ, палау берілді. Жалпы, жәрмеңкенің қызықтырғаны түгелдей ауданның өз өнімдері. Таза, табиғи өнімдерден тұрғындар ақша аяған жоқ. Жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкеге әкелген өнімдері сапалы әрі нарықтағы бағадан төмен болды.

Тоннаға жуық мал еті, 100 келі сүт өнімі және 110 келі тары, тағы басқа ауылшаруашылық өнімдері сатылған жәрмеңкенің сауда айналымы 2 315 000 теңгені құрады.

Марапаттың иесі — малшы мен механизатор

Мәдениет үйінде мереке иелеріне арналған салтанатты шарада алдымен ауданның он айда жеткен жетістіктері қорытындыланды. Өткен қыс ойылдықтарға мықтап сабақ болды. Қыс ерте түсіп, көктем жай шықты. Кейбір округтер тіс шұқитын шөп таба алмай, сырттан екі есе бағасымен келген қара шөпке таласып қалды. Біраз мал көтерем боп көкке ілінбей қалса, жілік майы үзілмеген жылқылар әупірімдеп аман шықты. Сондықтан биыл әрбір ауыл, әрбір аула мал азығына ертерек толыпты. Соңғы 2-3 жылда Көптоғай ауылдық округінің жері тақырға айналып, тырмаға ілігетін ештеңе қалмады. Былтырғы қыста шығынға ұшырағанда осы округ еді. Биыл ертерек қамданып, округке сырттан шөп тасу тыңғылықты ұйымдастырылды. Округ әкімі Ерлан Асылбаев жан-жаққа хабарлап, мал азығын жеткізу үшін шөп тиеген көліктерді Атырауға емес, ауылдарына бұруға күш салды. Камазшылар үшін бұл да тиімді болды. Бір бума шөп 600 теңге болса, бір орамасы 7 мың теңгеден бағаланды. Бірақ тұрғындар оған да қарамай сатып алды.

«Бұрын атыраулықтарға күлетін едік. Соншама қымбатына шөп алып малды несіне ұстайды деп. Сол жағдай өз басымызға келіп жатыр. Мен биыл миллион теңгеге мал азығын алдым» дейді сол ауылдың бір тұрғыны.

Қазір Ойыл ауданында шөп тапшылығы байқалмайды. Аулалардың дені мал азығына толған.  Аудан жеріндегі шабындық жетіп артылды. Оған қоса көршілес Қобда ауданынан шөп тасу ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде баға арзандамаса да, тұрғындар толықтай мал азығын түгендеп алды.

Тек бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын өңірдің жетістіктері де аз емес екен. Биылғы мал қыстатуға 220,7 мың тонна шөп керек болса, ол 100 пайыз жиналған. Шөп қажет ететін 2008 ауланың барлығы дерлік қамтылды. Облыста қойы көп аудан саналатын Ойылда 168 мыңнан астам Шопанатаның тұқымы қысқа түседі. Жаз бойы 60 мың тоннадай ет өндірілген. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнімнен  12634,2 миллион теңге пайда тапқан аудан үшін бұл көрсеткіш былтырғы межеден асып түсіп, 106 пайызға жетіп отыр.

Биыл ауа райының қолайсыздығынан дәнді-дақылдардың шығымы төмен болыпты. Ауданның алға қойған ендігі мақсаты— суармалы жерлерді көбейту. Бұл үшін келесі жылы қосымша 540 гектар жерде суармалы алқаптың инфрақұрылымы жүргізілмек. Ауданның тағы бір міндеті — мал тұқымын асылдандыру. Биыл ауданның  өрісі 1260 ірі қара мен 2376 асылтұқымды қоймен көбейген. Ауданға 36 жаңа трактор келіп, 53 арнайы техникалармен толыққан.

Өзен-көлдері тартылып, су тапшылығын көріп отырған аудандардың бірі — Ойыл. Облыстың бірнеше ірі аудандарына тән бұл проблема  ұңғыма құдық қазу арқылы ғана шешіле бастады. Ойыл ауданы биыл 21 ұңғыма құдық қазып алыпты.

Міне, көктем шыға осындай жұмыстардың жүзеге асырылуына бірден-бір себепші, әрине, малшылар, механизаторлар, жұмысшылар.

Аудан басшысы Асқар Қазыбаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне белсене қатысқаны үшін Өркен Ақеділовке Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің Алғысхатын табыстады.

Одан кейін 8 адам ауданның ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың Алғысхатымен марапатталды.

— Қазір мал бағатын адам табылмайды деп жатамыз. Мал бағу оңай емес. Күнұзақ далада, қыстың суығы мен жаздың аптабында жүретін сіздердің еңбектеріңізді ешкім жоққа шығара алмайды. Ауданды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалықтарындағы малшылар мен тракторшылар, қарапайым жұмысшылар. Біз сіздердің өндірген өнімдеріңізді сатып алып, өзіміз тұтынамыз, — деген аудан әкімі Асқар Қазыбаев үздік малшылар мен жұмысшыларды Алғыс хатпен марапаттады.

Марапат алғандардың ішінде жастайынан трактордың рөліне отырған «Үздік механизатор» Бекмұхамбет Нұрғалиев те бар.

«Рақым» шаруа қожалығында трактор айдап жүргеніме 10 жылдан асты. Айлығым тұрақты. Сыйақымыз тағы бар. Қазір жастардың көбі тракторшы болудан қашады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бүгінде тракторлардың көбі жаңарды. Жыл сайын жаңа техника аламыз.

Бұрын Алғысхатты тек кеңседе жұмыс істейтіндерге ғана береді деп ойлайтынмын. Міне, малшылар мен механизаторларға да құрмет көрсетіліп жатыр. Мен мұндай қошеметке қуанып тұрмын, — дейді сарыбиелік тракторшы Б.Нұрғалиев.

Марапатталғандардың ішінде бұрынғы кеңшарда қызмет етіп, өмірінің жартысын трактордың тар кабинасында өткізіп, зейнетке шыққан тәжірибелі механизаторлар да бар. Оларға ауданның 100 жылдық мерейтойлық медалі берілді.

Солардың бірі — Қабидолла Мұхамбетқазиев ауылшаруашылығын жандандыруда өмірлік тәжірибесін айта келіп, егіс салып, суармалы жерлерді көбейту бүгінгі күннің талабы екенін айтты.

Оның айтуынша, сырттан сатып алатын арпаның бір қабы — 2500 теңге. Оның өзі 2-3 шелектен ауыспайды. Сондықтан егісті қайтадан қолға алу керек.

Мерекеге облыс орталығынан арнайы келген қонақтар да болды. Ауылшаруашылық қызметкерлеріне арнап жайылған дастарқан басында Ақтөбе фермерлік орталығының төрағасы Марлен Баймағамбетов шаруалардың мүддесін көтеріп, олардың мәселесін ұдайы қозғап, талқылап жүретінін айтты. Соның нәтижесінде Ақтөбелік шаруалар соңғы екі жылдан бері субсидияға қол жеткізді.

Ал ақтөбелік кәсіпкер Батырбек Шәуленов қазіргі таңдағы мал шаруашылығын дамытудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Ауылдан мал бақпаймыз деп қашып кетіп ек, қалаға барып мал бағып жүрміз. Айналып келгенде, атакәсіптен қол үзбеу керектігін түсіндім. Ауыл болсын, қала болсын өз өнімімізді тұтынушыларымызға ұсынып отырсақ, нарықтағы баға да тұрақталады. Бүгінгі күні шаруаларға беріліп жатқан мүмкіндіктер мен қолдауларды тиімді пайдалануымыз керек,— деді ол.

Бәйге… Бәйге…Бәйге…

Бәйгемізді бастамас бұрын ауданның ат спортын дамытудағы бүгінгі ахуалына тоқталып кетейік.

Ашығын айтсақ, Ойыл ат спорты кенжелеп тұрған аудандардың бірі. Оған себеп те көп. Кеңшар тарап, жылқылар қазіргідей техника көбейгенше қамыттан босамады. Бірен-саран жүйрік ұстағандар болғанымен, тұрмыстық жағдай жар бермей, көбі жүйріктерін жүгеннен босатып қоя берді. Бірақ мұнымен ауданда жүйрік ұстайтындар жоқ деуге болмайды. Сарыбиелік Бюриндер ата дәстүрді жақсы-ақ жалғастырып келе жатыр. Алайда тұлпардың орнын техника ауыстырған тұста біраз атбегілер бұл кәсіптен қол үзіп кетті. Оның үстіне жүйрік ұстаудың да машақаттары бар.

Бақ емес, бап шабатынын ұғынатын атбегілер де азайды. Бірақ бір жұбанатын нәрсе, Ойылда көкпаршылар бар. Ұлттық спорттың бұл түрінен ауыз толтырып айтатындай жетістіктері де аз емес.

Дегенмен соңғы жылдары ат жаратқан аудан жастары көбейе бастады. Алдымен тай жарыстырып, тәжірибе жинағандар жүйрік ұстауды да үйренді. Бәйгеге қосатын сәйгүліктің де сұрқы бөлек, күтімі де ерекше. Ал мұндай тұқым сырттан ғана келеді. Олардың біреуінің бағасы біздің жабылардың бірнешеуін орап алады екен. Әйтсе де соған қарамастан тұқым алып, бағын сынап жүргендер жетерлік. Ауылшаруашылық қызметкерлері күні мерекесіне арналған шарада бәйгеге қосылған аттардың қарасы көп болғаны көңілге қуаныш ұялатты. Бұрындары наурыз тойларында оншақты тайдан аспайтын бәйге едәуір көбейгені көрінді.

Сонымен қатар біраз жылдан бері ауданның тарихи мерейтойлары мәдени шаралармен ғана көркемделіп өтетін. Екі жыл бұрын басталған індеттің кесірінен адам шоғырына шектеу қойылып, ат жарыстары өтпей қалды. Жастардан құралған әуесқой атбегілер сонда да аз тайдың басын құрап, індет сәл саябырлаған тұста бірнеше рет шаптырып жүрді. Сондай қызығушылықтардың арқасында осы мерекеде бәйге ұйымдастырылды.

Сонымен… Ойдағы бәйге алаңы адамға толды. Көптен бері аттың шабысын көрмеген ойылдықтар сағынып-ақ қалыпты. Ұлттық спорттың алды теңге ілуден басталды. Аттың құлағында ойнайтын жігіттер жердегі жеңісті іліп әкетуге барын салды. Бұл сайыста ептілігімен көзге түскен Ерұлан Қанатовтан өзге ешкім теңгені іле алмады. Одан әрі аударыспақ ойынына ұласқан шара өте қызықты өтті. Қарашаның ызғарлы желі болса да денесі қызып, белуардан жалаңаштанып алған білекті палуандар ат үстінде күш сынасты. Ұлттық ойынға деген құмарлық пен қызығушылық барлық қатысушылардан табылды. Ақыры қараталдық Ринат Смағұлов барлық қарсыластарын аттарынан аударып тастап, чемпион атанды. Ол бұған дейін де аударыспақтан әлем чемпионы.

Көпшілік тағатсыздана күткен бәйгеде алдымен тайлар шапты. Жұрттың делебесін қоздырған тай бәйгесінде Қалдыбай Әбуовтың «Жауынгер» атты тайы мәре сызығын бірінші боп кесті. Одан кейін Мұхит Рахатовтың «Хабар» атты тайы, ал үшінші болып Манарбек Мырзаханұлының «Найзағайы» келді.

Қашықтығы 18 шақырымға созылған аламан бәйгеде Жандос Галиякпаровтың «Жедел» атты жүйрігі бірінші келді. Оның артын ала басынан-ақ оза шапқан үш аттың қатарында болған Ғалым Көңілқостың «Көгершіні» ұшып өтті. Аламанның үшінші жүлдесі Мұхит Рахатовтың «Ақтабан» атты сәйгүлігіне бұйырды. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне 400 мың теңге, ал тайдың жүйрігіне 150 мың теңге сыйлық берілді. Одан кейінгі 2-3 орын алған жүйрік иелері де ақшалай жүлделерге ие болды. Сөйтіп, Ойылдағы ауылшаруашылық қызметкерлері күні мерекесі көптің көңілінде осындай қызықты сәттерімен есте қаларлықтай көңілді өтті.

Жалпы, Ойылда «Көкпар» жақсы дамыған. Облыс орталығында, көршілес аудандарға да барып жүлделерге ие болып жүрміз. Мереке өтеді дегеннен бастап ат жарыс өткізуді ұйғардық. Бір топ әуесқойлар қолға алған  бұл ісімізді  аудан басшылығыда құптап,  келісімін берді. Бұдан басқа қыз қуу, көкпар, құнан бәйге секілді ұлттық ойындарымызды өткізбекші едік. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты кірмей қалды. Бұл бәйге ойдағыдай өтті. Жігіттер енді ояна бастады. Сілкініс бар. Бұл —аудан ішіндегі жүйріктердің  сынақ бәйгесі. Сондықтан сырттан ат қостырмадық. Көп адамдар ат қосуға ниет білдірген болатын. Келесі жылы ауданның құрылғанына 100 толуына орай үлкен той өтпекші. Соған дайындалып жатырмыз. Атбегілер де құлшынып отыр. Жан-жақтан адам шақырып, бәйгенің ауқымын кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Бәйге өткізу үшін демеушілер іздейміз. Егер ауданда ат спорты жандансын десек, жанашыр демеушілерді көптеп тартуымыз керек. Негізгі мақсатымыз — жастарды оятып, ауданда ұлттық спортты дамыту. Алдағы күндері ат спорты федерациясын ашуға ниеттеніп отырмыз, —  дейді мерекедегі бәйге мен ұлттық ойындарды ұйымдастырушы Айбат Үсенғалиев.

P.S.Жергілікті ұлттық спорт жанашырларының айтуынша, Ойылда небір палуан жігіттер бар екен. Оны басқа өңірлерге барып, өнер көрсеткен кезде мойындағандар көп болыпты. Алайда ат спортын одан әрі көркейту үшін қаржылай демеушілер керек.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button