Басты жаңалықтарЖаңалықтарТәуелсіздік — 30

Оқушылар «Ер Едіге» жырын жатқа айтты

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Nur Otan партиясы мен «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырған республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі өтті. Жүзден жүйрік атанғандар марапат биігінен көрініп, сайыстың қомақты жүлдесін еншіледі.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жетекшісі Арман Абдуллаевтың айтуынша, жыр додасында 6-10 сынып аралығындағы оқушылар бақ сынасты. Қатысушылар бірінші кезеңде Қаныш Сәтбаевтың нұсқасы бойынша 47 беттен тұратын «Ер Едіге» жырын жатқа айтса, екінші кезеңде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығынан әзірленген сұрақтарға жауап берді.

Аталған байқаудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін ықпалы зор.

– Негізгі бағыт тарихи эпостарды жаттау. Яғни туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, жырдағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі. Байқау алғаш рет 2018 жылы «Алпамыс батыр» жырын оқудан Алматы қаласында ғана өтті. 2019 жылы республикалық байқауға ұласып, «Қобыланды батыр» жырына арналды. Былтыр пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі — тарих пәнінен де сұрақтар қосылып отыр, — дейді Арман Абдуллаев.

Бұған дейін байқаудың қалалық және аудандық кезеңі өтті. Өңірімізден мыңға жуық бала қатысып, әр ауданнан 3 оқушыдан іріктеліп алынды. Облыстық кезеңге 40 оқушы жолдама алды.

Шара соңында оқушылардың өнерін бағалаған ақын, «Ақтөбе» облыстық-қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы балалардың талабы жоғары екенін айта келе, бойында жырдың қуаты бар ұлттың болашағы мықты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатар шараның маңыздылығына тоқталды.

— Байқау «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді іске асыруды көздейді. Елбасымыз: «Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген болатын. Ер Едіге — Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген атақты батыр. Ата-бабаларымыздан бізге жеткен рухани мұрамызды жас ұрпақ білуі керек. Бүгінгі шараға қолдау білдірген «Qazaq Epos» қоғамдық қорына және де жырсүйер жүйрік жастарды дайындаған олардың ұстаздарына да алғысымызды білдіреміз, — деді Ербол Данағұлов.

Байқау нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясының оқушысы Амира Сәбитова (жетекшісі Роза Баекешева) жеңімпаз атанды. Оған  750 000 теңге, жетекшісіне 1 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын алған Ойыл ауданындағы Сапақкөл орта мектебінің оқушысы Әсел Тоғызбаева (жетекшісі Рахима Абдрахманова) 350 000 теңгенің, жетекшісі 700 000 теңгенің сертификатын алды. Үшінші орындарды Мәртөк ауданындағы №3 Мәртөк орта мектебінің оқушысы Гулбану Алдамжарова (жетекшісі Нұршат Рахманова) мен  Шалқар қаласындағы №8 орта мектептің оқушысы Эленора Шалқарбайқызы (жетекшісі Айсұлу Қалдина) алды.  Оларға жүлде қорынан 200 000 теңгеден, жетекшілеріне 400 000 теңгеден беріледі.

— Бұл байқауға өте тыңғылықты дайындалдық. Оқушым дарынды, оқуын үздік оқиды. 2019 жылы 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқып, екінші орын алған едік. Бүгін де үмітімді ақтады, «Ер Едіге» жырын мүдірмей оқып, жеңімпаз атанып отыр.

Менің шәкірттерім Абай, Махамбет өлеңдерін де жаттап, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындардан көрінді. Өлеңнің әр сөзіне, оқу мәнеріне ерекше мән беремін. Жастарды қазақ әдебиетінің бай қазынасымен сусындатып, өз тілін, Отанын сүюді осындай жырлар арқылы бойларына сіңіруіміз керек, — дейді жеңімпаз Амира Сәбитованың жетекшісі Роза Баекешева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button