Жаңалықтар

«Волонтерлер кеңесін» құруды ұсынды

Бұл ұсыныс облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның өңірдегі волонтерлік топтардың жетекшілерімен кездесуі барысында айтылды.

Ләззат Оразбаева ерікті жастарға пандемия кезінде халыққа көрсеткен қолдаулары мен көмектері үшін алғыс білдірді.

Еркін форматта өткен кездесуде өзекті мәселелер талқыланып, жастар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Кеңесте сөз алған «Volonter.2020_aqtobe» ұйымының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев жыл бойы жасаған жұмыстары туралы айта келе, облыста «Волонтерлер кеңесін» құру туралы ұсыныс жасады.

— Облыста бірнеше волонтерлік топ бар. Барлығымыздың мақсатымыз бір.

Осы ретте бір-бірімізбен тығыз байланыста болу үшін «Волонтерлер кеңесін» құрсақ деген ұсынысым бар. Кеңесті құрудағы басты мақсат — халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу. Және бұл жұмысқа облыстық басқармаларды тартсақ, көптеген мәселе өз шешімін табар еді, — деді Нұрбек.

Ал «Ақтөбе волонтерлер лигасының» жетекшісі Нарқозы Қартжан ақтөбелік жастар үшін кешке бос уақытын өткізетін жердің жоқтығын айтып, келесідей ұсынысын жеткізді.

— Сөздің шыны керек, бізде жастар үшін тегін спортзалдары жоқтың қасы. Спорт клубтарына баруға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Оған қарағанда түнгі клубтардың бағасы арзанырақ. Сондықтан жастар сол жаққа жиналады. Жастардың кешкі уақыттарын тиімді өткізуі үшін спортзалдарымен келісім жасалса, нұр үстіне нұр болар еді, — деді.

Волонтерлік топтардың жетекшілерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы жастардың ойларын құптап, бұл бағыттағы мәселелер шешімін табатынын жеткізді.

— Мен осы жерде отырған топтардың жетекшілерімен де, олардың жасап жатқан жұмыстарымен де жақсы таныспын. Барлықтарыңыз ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Ол үшін сіздерге үлкен алғыс білдіремін. Айтқан пікірлеріңіздің барлығы орынды. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынатын болады. Нұрбектің «Волонтерлер кеңесін» құру туралы ұсынысын да қолдаймын. Волонтерлердің бағыттары әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір. Сондықтан біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс жасауымыз қажет, — деді Ләззат Оразбаева.

Шара соңында облыс көлемінде волонтерлік қозғалысты дамытуға атсалысып жүрген еріктілерге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы атынан Алғыс хаттар табысталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button