Жаңалықтар

Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

 Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаровтың төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.

Бұл шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов, облыс активі қатысты. Қуаныш Жапақов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тұжырымдамасын бүге-шігесіне дейін таныстырды.

Оның айтуынша, аталған құжат 7 бөлімге бөлінген. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, парасатты қоғам қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықты азайту, жазаның бұлтартпастығын күшейту, жемқорлықпен күресте азаматтық қоғамды тарту және т.б. мәселелер қаралған.

— Тұжырымдамада лоббистік қызметті реттеу, сондай-ақ депутаттардың әдеп кодексін қабылдау, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру, әлеуметтік пакетті кеңейту, қосымша табыс алу мүмкіндігін қарастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар болған жағдайда лауазымды тұлғаларға берілген осы жеңілдіктер мен артықшылықтардан айыру механизмін енгізу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ бұл тұжырымдамада қаржыны игеру мерзіміне емес, жобаның орындалу мерзіміне басымдық беру қарастырылған. Себебі мұндай жағдай күнтізбелік жыл соңында жалған жұмыс актілеріне асығыс қол қоюға, яғни басшылық етуде қателіктерге жол береді, ал бұл сыбайлас жеморлыққа жол ашады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан болатын», —  деді Қуаныш Жапақов.

Жемқорлардың мемлекеттің ақшасын қылмыстық жолмен жымқыруы арқылы заңсыз баюы мәселесі де айтылды.

—  Қылмыстық активтерді іздеу бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Бұл үшін параллель қаржылық тергеулер, оның ішінде мемлекетаралық деңгейдегі зерттеулер де жүргізілетін болады. Сонымен бірге жемқорлардың  ірі сатып алулары мен транзакцияларын бақылайтын Мемлекеттік жария лауазымдар тізілімі жасалады, — деді Қ.Жапақов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тәуелсіз және еркін БАҚ институты да барынша ықпал ете алады десті мамандар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту тұжырымдамасында осындай қылмыстарды зерттейтін журналистердің құқығын қорғауға кепілдік беру мәселесі қарастырылған, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы журналистік тергеу институты іске асырылмақ.

— Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарды қорғау шаралары қабылданатын болады, — деді Қ.Жапақов.

Жиынға қатысушылар 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын қолдап, мақұлдайтындарын жеткізді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button