Басты жаңалықтар

Ауыл шаруасына алаң көп 

Ойтүрткі

Халықты сапалы азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруашылығы саласына жүктелер міндет қашан да жеңілдеген емес. Бір кездері Қазақстан Кеңестер Одағының ірі қалаларын етпен толық қамтамасыз ететін. Қазір сырттан ет алып отырғанымызға біреу сеніп, біреу сенбес.

Еліміздің кең жайылымдарында миллиондаған қой-ешкі, мыңдаған ірі қара, түйе, жылқы бағылатын. Ата-бабамыздың «Жер — тұяқсыз, мал иесіз болмауы керек» деген аманаты қапысыз орындалып жатты. Алайда экономикамыздың драйвері — ауыл шаруашылығы саласы бүгінде заманның қыспағында қалғандай күй кешті. Қазақстанның ғалымдары бас қосқан үлкен жиында ауыл шаруашылығына тиесілі жайылымдық жерлердің көп бөлігі деградацияға ұшыраған деген мәлімет айтылды. Бұл шындыққа жанасады, өйткені мал тұяғы тимеген жайылымдық жерлерде шөп шықпай қалу қаупі барлығы ғылыми дәлелденген. Одан басқа техногендік қауіп-қатерлердің атмосфераға келтірген залалдары салдарынан жауын-шашын болмай, қуаңшылықтың орын алуы, өзен-көлдер мен бұлақтардың тартылып қалуы мал өсіруге деген ұмтылысқа тосқауыл сияқты көрінді.

Бүгінде еліміздегі жайылымдардың жартысына жуығы суаттың болмауына байланысты пайдаланылмайды. Жайылымдарды суландыру үшін құдықтарды салу жоспарының орындалмауы себептерінің бірі — жерасты су ресурстары қорларының жеткілікті зерттелмеуі. Сондай-ақ құдық қазып, скважина бұрғылауға қаржы мардымсыз бөлінеді. Жайылымдық мал шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымының жоқтығы да бұған қосымша бір себеп.

Осындай жағдайлардың ескерілмеуі, шұғыл шаралардың дер кезінде жүзеге асырылмауы салдарынан Маңғыстау және Қызылорда облыстарында құрғақшылықтан үлкен мал шығыны орын алғанын көріп отырмыз.

Ағымдағы жылы елімізде картоп пен сәбіз бағасының шарықтап өсіп кетуінің себебі неде? Басқа-басқа, Пәкістаннан картоп тасымалдауды немен түсіндіреміз?

Ауыл шаруашылығының басты проблемасы — жер мәселесі. Өйткені егін егемін десең де, мал өсіргің келсе де жеріңнің болуы басты шарт. Бүгінгі жағдайымызда бүкіл жер ресурстары кім болса соның қолына өтіп кеткен. Бұл жайт ауыл шаруашылығының дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр.

Жерді иелігіне алғандар жерлерін не өздері өңдемейді, не өзгеге бермейді. Ауылдық жерлердегі шаруалардың, жеке қожалықтардың азын-аулақ малын бағатын жайылымдары да аз.

Салық төлеушілер, негізінен, қарапайым халық. Жыл сайын елімізде ауыл шаруашылығына 300 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр. Бұл қаражат көлемі жыл сайын өсуде. Алайда осыншама қыруар қаржы фермерлерге және жеке шаруа қожалықтарына беріліп, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мақсатты жұмсалса, неге есепсіз мал шығынына жол беріледі, күнделікті халық тұтынатын азық-түліктің бағасы неге тұрақталмайды?

Егер өнім бағасы өссе — бұл сол өнім азайды немесе сырттан тасымалдана бастады деген сөз. Бұл жағдайға, негізінен, Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты.

Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы өте қиын кезеңді бастан кешіп жатқанда жасалып жатқан жедел шараларды көріп отырған жоқпыз.

Ауыл шаруашылығы секторы экономикамыздың негізі болып табылатындығына қарамастан, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 4,2 пайызын ғана құрайды екен. 1990 жылы бұл көрсеткіш 9 пайызға жуық болыпты.

Мына дерекке назар аударыңыз. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы саласында 1 миллион 227 мың адам жұмыс істейді. Бұл — барлық жұмыс істейтін адамдардың 14 пайызы. Ауылдық жерлерде қазіргі уақытта халықтың 42 пайызы өмір сүреді. Егіс көлемі — 21 миллион гектар. Ал еңбек өнімділігі мүлдем төмен. Себебі техникалық жарақтану мәселесі нашар. Тиімді агротехникалық технология жоқтың қасы.

Қазақстанда 1 гектар жерге бір трактордан келсе, Америка Құрама Штаттарында — 27, Үндістанда — 16, Бразилияда — 11 трактордан келеді. Қазақстандағы қазіргі бір трактордың орташа пайдаланудағы есептелген мерзімі — 17 жыл.

Азық-түлік қауіпсіздігі туралы қаншама рет айтылғанымен, баяғы жартас — бір жартас. Мұның мынадай салдарын да ұмытуға болмайды. Ауыл шаруашылығының кенжелеп қалуы басқа салалардың дамуына кедергі келтіріп отыр. Осы арада әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссоның «Мемлекетті біреуден тәуелсіз етіп ұстайтын бірден-бір құрал — бұл ауыл шаруашылығы. Күллі әлемнің байлығы қолыңызға іліксе де, ішетін тамағыңыз болмаса сіз басқаларға тәуелдісіз. Сауда байлыққа бастайды, ауыл шаруашылығы азаттыққа жетелейді» деген ғажап сөзін біздер ұмытпауымыз керек.

Бүгінде әр жерден естіліп қалатын «мал қырылып жатыр» деген хабар қазақ санасында «жұт» деген баяғы қатерлі сөзді қайта еске түсіріп, жадымызда сол бір қорқынышты кезеңді қайта оятқандай әсер береді.

Әлем индустриялық дәуірге көшкен кезде бізде мал шаруашылығы толығымен жекенің қолына өткізіліп, жұттың алдын алатын «техногендік қауіп-қатер алды» шараларымен қамтамасыз етудің салмағы шаруаның өзі басына түскендей хал байқалады. Негізінде «қауіп-қатердің алдын алу шаралары» ұжымдық деңгейде ғана атқарылуы мүмкін. Олар — кешенді шаралар. Үкімет ұжымдарды мәжбүрлеп таратқан кезде сол қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді өз мойнына алып қалуы керек еді. Өкінішке қарай, бұрынғы ұжымдық тұрғыда ұйысып жұмыс істеп тұрған, құрғақшылық және тағы басқа төтенше жағдайлардың алдын алу қауіпсіздік шараларын атқарып тұрған ұжымдық-мемлекеттік жүйе өз қызметін жоғалтып алды.

Биыл көптеген жерлерде ірі шаруа қожалықтарын былай қойғанда, жекелеген үй шаруашылығындағы мал бағушылардың өздері де бірсыпыра қиындықтармен бетпе-бет келуде. Мал азығы қыс жақындаған сайын қымбаттап барады. Жаз бойғы қуаңшылық салдарынан шабындықтардың реңі кетіп қалды. Міне, күз келгенде қарапайым шаруалардың бірсыпырасы қолындағы азын-аулақ малын сатуға шығара бастады. «Олар алдындағы малынан айырылса, қарапайым халықтың күн көрісі қиындамай ма?» деп алаңдаушылар да баршылық.

Ауыл шаруашылығының жаңадан тағайындалған министрі Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, биылғы мал азығын дайындау жоспары толығымен дерлік орындалып қалғанға ұқсайды. Ал ауыл-елден келгендердің әңгімесі бұған кереғар.

Үкімет аграрлық саясатты дамыту тұрғысынан көптеген шаралар белгілеп жатыр. Оны көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Ауылға арзан несие апару, шаруа бизнесін дамыту үшін көптеген жеңілдіктер жасау сияқты жұмыстар жүзеге асты. Субсидия, дотация беру жобалары ойластырылды. Өкініштісі, сол қолдаулар өзін-өзі ақтап жатыр ма, нақтылы нәтиже бар ма — осы сауалдардың жауабы әлі де көбімізді ойландырады.

Алысқа бармай-ақ қоялық, біздің облысымызда субсидияның көмегін пайдаланып, мал шаруашылығын дамытып, асылтұқымды мал өсіріп, тер төгіп еңбек етіп жатқан шаруалар баршылық екенін көріп жүрміз. Алайда бұл жалпыға ортақ жетістік пе?

Ең бастысы, мынаны ұмытпайықшы: Қазақстанның басты байлығы ауыл шаруашылығы өнімдері — еті мен сүті, астығы, малының терісі мен жүні емес пе?!

Қазақ әлімсақтан төрт түлік мал өсіріп, ұлы дала төсін төлге толтырған, береке-байлықты, игілікті содан өрістеткен еді ғой. Демек, мал бағу, өсіру, одан өнім алу біз үшін — атакәсіп. Мәселе — сол шаруаларды қалай ұйымдастыруда.

Қазіргі кезде шағын жеке қожалықтарымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтындығымыз күнделікті тұтынатын тамақ өнімдерінің қымбаттай түсуінен-ақ көрініп отыр. Сондықтан олардың басын біріктіріп, ірілендіру, арнайы бағдарламалар арқылы жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін уақыттың өзі көрсетуде.

Ауылдың өркендеуінің экономикалық қана емес, халық үшін әлеуметтік және моральдық-психологиялық та астары бар.

Жас ұрпақ ата-бабаның тарихи мекенін, ауылдық жерді көріп-біліп, оның өркендегеніне куә болып өсуі керек.

Ауыл қазір қаншама мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жан-жақты мүмкіндіктер жасалып жатқанымен, заманның қыспағында қалып, ел азаматтарынан араша сұрап тұр. Оны тұйықтан шығарудың бірден-бір жолы — атакәсіпті өркендету болмақ. Ең бастысы, сіз бен біз құр тұтынушы, сырттай қызықтаушы болып қала бермей, ортақ істің оңтайлы дамуына үлес қосқанымыз жөн, ағайын!

Ұлан АБДУЛЛИН,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button