«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Қала көркейе түседі

Кеше облыс әкімі бастаған атқарушы билік өкілдері Ақтөбе қаласындағы бірнеше нысанды аралап, көріктендіру жұмыстарымен танысты.

Ең әуелі Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы Шахматшылар аллеясындағы жөндеу жұмыстары көрсетілді. Қыркүйек айының ортасында басталған қалпына келтіру шаралары желтоқсанға дейін аяқталады деп күтілуде. Мердігер мекеме — «КМК строй» ЖШС.

— Аллеяның ұзындығы — 540 метр. Соның 9453 шаршы метріне қырлы тас салынады. Қазіргі таңда аталған жұмыстың 50 пайыздан астамы жасалды. Сондай-ақ 120 жарық шам, 60 орындық пен қоқыс жәшігі қойылмақ. Көгалды суару бойынша қосымша жұмыстар атқарылады, — дейді жоғарыда аталған компанияның директоры Еркінбек Инжел.

Оның айтуынша, демалыс орнына үйеңкі, терек ағаштары және көпжылдық гүлдер егіледі. Бюджеттен осы жұмыстарға барлығы 150 миллион теңге бөлінген.

Аллеяның жөндеу жұмыстарын қарап шыққан облыс әкімі Оңдасын Оразалин бәрін сапалы әрі уақтылы орындау — басты міндет екенін атап өтті. Ең бастысы, — тұрғындардың жайлы тынығуына жағдай жасалуы керек.

Одан соң «Мәскеу» шағын ауданындағы автокөлік жолының жөндеу жұмыстары назарға ілікті. Мұнда былтырдан бері «Ерхат жолдары» ЖШС оннан астам көшеге орта деңгейдегі жөндеуді жүргізіп жатыр. Жоба құны — 645 406 312 теңге.

— Өткен жылы басталған жөндеу жұмыстарын аяқтап қалдық. 13 көшенің көлік жолына асфальт төселді. Енді жыл соңына дейін Черепанов, Білтабанов, Пушкин көшелерін жарықтандырамыз, — дейді  «Ерхат жолдары» ЖШС директоры Мұхтар Ермұханов.

Тұрғындардың бірі Владимир Долгополов атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты өз пікірін былай деп білдірді: «Осы Сейфуллин көшесі (бұрынғы Красная) Кеңес Одағы кезінде жөнделген шығар. Бұл жерде соңғы рет қашан асфальт салынғаны есімде жоқ. Енді, міне, биыл біраз дұрысталып қалды. Қоқыс жәшіктерін де орнатты. Біз, тұрғындар, бұған қуаныштымыз. Енді барлығын соңына дейін сапалы аяқтаса екен деген тілегіміз бар».

Өңірде үш ауысымдық мектептер мәселесі өзекті. Әсіресе күз-қыс мезгілдерінде кешқұрым қараңғы ерте түседі, балаларға үйге қайту қиын. Сондай түйткілге тап болған Ақтөбе қаласының іргесіндегі №53 орта мектеп таяу уақытта қалыпты жұмыс режиміне ауысты. Мұғалімдер мен оқушылар бұған дән риза.

— Жергілікті атқарушы органдардың бірінші міндеті — үш ауысымдық, апаттық жағдайдағы мектептерді жою. Біздің өңірдің тұрғындары жылма-жыл өсіп, көрші облыстардан көшіп келіп жатқандардың да көптігінен мектептерде орын санының тапшылығы айрықша сезіліп отыр. Болжам бойынша алдағы 5 жылда облыстағы 50 мың бала мектептегі орын тапшылығын сезінуі мүмкін. Бұның алдын алу үшін арнайы жоспар құрылды. 2025 жылға дейін өңірде 54 мектеп салынбақ. Егер бұл сәтімен іске асса, оқушылар әлгіндегі мәселені айналып өтеді.

Бүгінгі таңда облыста 9 үш ауысымды және 3 апаттық жағдайдағы мектеп бар. Жыл соңына дейін біразының мәселесін шешеміз. Мәселен, он жылдан астам бері үш ауысымда оқып келген №53 орта мектептің жағдайы дұрысталды. Жанынан 350 орынға шақталған қосымша ғимарат салынды. Соның арқасында бұл мектеп екі ауысымға көшті. Қазіргі таңда мектепте 2 мыңға жуық бала оқиды. Тап осындай жағдай №68, №23 және №13 мектептерде қайталанып, қосымша құрылыстар салынды, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, Ақтөбедегі Батыс-2 және «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарында мектептердегі орын тапшылығы мәселесі әлі де бар. Бала саны көп. Сондықтан аталған аумақтарға әлі де білім мекемелері қажет-ақ.

Жергілікті билік өкілдері «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынып жатқан аллеяның құрылысына да барды. Мұнда ұзындығы 600 метр, ал ені 40 метрлік демалыс орны пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда қырлы тастар салынып жатыр. Орындықтар, жарық шамдар, басқа да қажетті заттар қойылады деп күтілуде. Жұмыстар қыс мезгіліне дейін тәмамдалмақ. Облыс басшысы барлығын талапқа сай аяқтауды тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button