Жаңалықтар

Тұрғындар қалашығы ауданында үйеңкі көшеттері егілді

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері Тұрғындар қалашығы ауданында 500 үйеңкі көшетін екті. Зауыт қызметкерлері «Жасыл Қазхром» акциясына сол маңдағы тұрғындарды да шақырған. Осылайша компания Мемлекет басшысының алдағы бес жылда Қазақстанда 2 миллиардтан астам ағаш егу тапсырмасын қолдады.  Бұл туралы аталған компанияның Корпоративтік коммуникация қызметі хабарлады.  

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылығы тұрғындардың өтініші бойынша Тұрғындар қалашығы ауданындағы аллеяға жас көшеттер екті.  Қазхромдықтар жергілікті жұрт арасында «стометровка» деп аталып кеткен алаңды жайқалтуды көгалдандырудан бастап кетті.

— Биыл біз тек кәсіпорын аймағы ғана емес, қала ішінде де ағаш отырғызуды ұйғардық. Тұрғындар қалашығы ауданының таңдалуы тегін емес. Мұнда зауыттың бірнеше құрметті ардагері, қызметкерлер мен олардың отбасылары тұрады. Аллея мен көшеттерге әрі қарай ұқыпты қарап, қамқорлық көрсету үшін жақын жердегі үйлердің тұрғындарын отбасыларымен бірге біздің акцияға қолдау көрсетуге шақырдық. Бұл — осы аумақты гүлдендірудің алғашқы қадамы. Себебі келесі жылы күн жылына бастасымен мұнда жаңа орындықтар мен қоқыс жәшігін орнатуды, баспалдақтар мен бетонды орындықтарды жөндеуді және гүл егуді жоспарлап отырмыз.

Аллеяны көгалдандыруға кәсіпорын жетекшілері, осы ауданда тұратын зауыт қызметкерлері отбасыларымен қатысты. Бұл жерге шаған жапырақты үйеңкі егілді. Аллеямен балалар жүгіріп-ойнап, ата-аналар серуендейді. Сол себепті металлургтер әрлі-берлі өтіп жатқан көліктер тарататын улы газдан сақтану үшін  осындай жасыл қорған жасауды ұсынды, —  дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры, қалалық мәслихат депутаты Жалғас Мұсабеков.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылығы ағаштарды уақытында суару мен күтіп ұстауды жауапкершілігіне алған мердігер ұйыммен келісімшартқа отырды. Сондай-ақ осы келісімшартта егер көшет күтімсіздіктен қурап қалса, мердігерді жаңа ағаш отырғызуға міндеттейтін тармақ бар.

Компанияның экологиялық стратегиясына сай біздің зауыт қоршаған ортаны қорғау шараларының әрқайсысына жауапкершілікпен атсалысады. Біз жыл сайын санитарлық қорғау аймағына жасыл желектер отырғызуға қомақты қаражат бөлеміз. Сонымен қатар екінші жыл қатарынан қалада көшеттер егуді қолға алдық. Осылайша ортақ іске өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл — қала тұрғындары ретінде біздің  міндетіміз. Биыл Тұрғындар қалашығы 500 көшет, зауыт аумағына 230 көшет, зауыт жұмысшылары тұратын Батыс-2 ауданындағы үй аулаларына 50-ден астам көшет отырғыздық. Компания осы мақсатқа 5 миллион теңгеге жуық қаражат бөлді. Енді осы айда Тұңғыш Президент саябағында да ауқымды ағаш отырғызу шарасы жоспарланған.

Аллеяны көгалдандыру компанияның Тұрғындар қалашығы ауданын абаттандыруға қосқан үлесі болды. Естеріңізде болса, жаңарту ескірген үйлерді қалпына келтіру жобасынан басталды. ERG мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында бөлінген қаражат арқасында 32 үйдің қасбеті мен шатыры жаңарды. Бұл мақсатта жарты миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ бұл аймақта бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайының алдындағы алаңда және «Алақай» қуыршақ театры ғимаратының артында орналасқан ойын алаңдары орнатылды. Жалпы, компания Ақтөбе облысында ойын алаңдарының құрылысына 145 миллион теңге бөлді, — дейді зауыт директоры Жалғас Мұсабеков.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button