Жаңалықтар

Кәсіпкердің құқы қорғалды

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнестің проблемалық мәселелерін қарау бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің  отырысы өтті. Онда «Инабат С» ЖШС-ның Байғанин ауданы әкімдігі лауазымды тұлғаларының негізсіз іс-әрекеттеріне байланысты мәселені шешуге көмек көрсету туралы өтініші қаралды.

«Ботақан» балабақшасының («Инабат С» ЖШС меншігі) меңгерушісі Сұлушаш Жоламанның айтуынша, аталған балабақша 2018 жылы ашылған.

— Қазан айында өткен балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі, ауыл әкімі мен білім бөлімінің басшылары қатысты. Салтанатты шара біткеннен кейін білім бөлімінің басшысы біздің жұмысқа қабылданған 19 жұмысшымен жиналыс өткізді. Жиналыста: «Сіздер жұмыстарыңызды 1 қазаннан бастап атқара беріңіздер, біз сіздердің айлықтарыңыздың көлемін келесі болатын сессияда қараймыз және оны сіздерге аударамыз», — деп рұқсаттарын беріп кеткен болатын. Сол білім бөлімінің рұқсаты негізінде және ата-аналардың балаларды балабақшаға алу жөніндегі өтініштері негізінде біз жұмысымызды бастап кеттік. Ол уақытта мұндай мәселе болады деп ойлағанымыз жоқ, — дейді ол.

Мәселе былай болған: 2021 жылғы 10 қыркүйекте серіктестіктің мекенжайына 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №42 мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт шеңберінде жан басына қаржыландыруға аударылған (50 балаға арналған мемлекеттік тапсырыс) 4 209 000 теңге сомасында бюджет қаражатын қайтару туралы Жарқамыс ауылдық округі әкімінің қолы қойылған хат келіп түскен.

«Инабат С» ЖШС директоры И.Сабыржанов ауылдық округ әкімі мен аудандық білім бөлімінің іс-әрекеттерімен келіспей отыр, өйткені 2018 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін 50 баланы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бойынша қызмет көрсеткенін айтады. Өз дәлелдерін растау үшін палатаға кәсіпкер балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бойынша ата-аналармен арада жасалған шарттарды, балабақша жұмысшыларымен жасалған еңбек шарттарын, 2018 жылдың қазан-желтоқсан айлары, 2019 жылдың қаңтары және төленген салықтар бойынша түбіртектерді ұсынған.

Кәсіпкерлер палатасы «Инабат С» ЖШС өтінішінде баяндалған дәлелдерді зерделеп, Жарқамыс ауылдық округі әкімінің хаттарын, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды, орындалған қызметтер актілерін, сондай-ақ тексеру комиссиясының қорытындысы мен еңбек шарттарын қарады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Есімхан Құрманғазин Кәсіпкерлер палатасына «Инабат С» ЖШС-на мемлекеттік органдарда, соның ішінде сотта консультациялық-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ қажет болған жағдайда мәселені реттеу үшін медиативтік жұмыс жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар палатаға облыс әкімдігіне Байғанин ауданы әкімдігінің және аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан кәсіпкердің құқықтарын бұзу фактілері туралы ақпарат пен бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау үшін хат жолдау ұсынылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button