Жаңалықтар

Қоқыс мәселесі өзектілігін жойған жоқ

Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ақтөбе облысында экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасының биылғы 9 айында іске асыру қорытындылары» тақырыбында брифинг өтті.

Аталған Жол картасы өткен жылдың қазан айында әзірленіп, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бекітілгені белгілі. Құжатта қарастырылған 33 іс-шара 6 бағытты қамтиды — ауа, қалдықтар, көгалдандыру, су, жер ресурстары және экологиялық мәдениетті арттыру.

— Атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын қысқарту бойынша 6 іс-шара жоспарланған. Бұлардың ішінде кәріз сорғы станцияларында жағымсыз иістерді басу үшін препараттарды қолдану, бірінші санаттағы кәсіпорындар шығарындыларының көзіне атмосфералық ауаның мониторингі жүйесін енгізу, сарқынды сулардың тұнбасын кәдеге жарату, тағы басқа.

Ал қалдықтарды басқару саласы бойынша 9 іс-шара қарастырылған. Айталық, елді мекендерді жабық контейнерлік алаңдармен, «құрғақ» және «сулы» немесе белгілі түрлеріне арналған контейнерлермен қайта жабдықтау тек Ақтөбе қаласы бойынша ғана жүргізілуде. Осы  жылы Батыс және «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарында 65 алаң дайындалып, 183 контейнер қондырылды. Қазан айының соңына дейін 100 контейнер орнатылады деп күтілуде.

Сондай-ақ қайта өңдеуге болатын материалдарды жинау  бойынша  Ақтөбе қаласында 6 пункт ашылғанмен, аудандарда бұл мәселе әлі күнге қолға алынған жоқ, — деді Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Оның айтуынша, былтыр Мәртөк, Қобда, Байғанин аудан орталықтарында қатты- тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың құрылысы басталған. Жыл соңына дейін аталған нысандар тапсырылады деп жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Ойыл, Ырғыз, Әйтеке би, Темір аудандарында осындай полигондар салынбақ.

— Ақтөбе қаласында қоқыс жағатын зауыт салу ісі пилоттық жобаға енді. Жер телімін бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп, коммуникацияларға қосылу нүктесі анықталды. Сондай-ақ «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен қалалық полигон аумағында сұрыптау цехы ашылады деп жоспарланып отыр, — деді спикер.

Брифингте биылдыққа санитарлық қорғау аймақтарында өнеркәсіп кәсіпорындарымен барлығы 13395 ағаштың егілгені де айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button