Жаңалықтар

Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары қаралды

Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жөніндегі және терроризмге қарсы комиссиялардың бірлескен отырысы өтті», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға облыс прокуроры, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар департаменті мен салаға жауапты басқарма басшылары қатысты. Отырыста суға түсу маусымындағы қайғылы оқиғалар мен далалық өрттер, қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау мәселелері қаралды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Аманбаевтың айтуынша, өрт ерекше өршитін кезеңде облыс аумағының дала алқаптарында 5500 гектардан астам аумақта 240 өрт оқиғасы болған. Сонымен қатар соңғы 2 жылда жазғы мезгілде суға шомылу маусымында қабылданған шараларға қарамастан, судағы қайғылы жағдайлар азаймай тұр. Суда қаза табудың негізгі себептері — тыйым салынған жерлерге мас күйінде шомылу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру.
Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы С.Әбденовтің баяндамасында көрсетілгендей, азаматтарды өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында комитетпен qamqor.gov.kz сайтында ақпараттық сервис құрылған. Ақпараттық сервисте интернет желісіне қолжетімділігі бар азаматтар 20-ға жуық құқықтық статистика, қылмыстар туралы өтініштерді бақылау, қылмыс картасы, жол-көлік оқиғалары картасы, әкімшілік құқықбұзушылыққа шағым жасау сынды ақпараттық қызметтерден өзіне қажетті мәліметтерді ала алады.
Облыс әкімі баяндамашыларды тыңдап, жауапты сала басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алу және қысқа даярлық жұмыстарын жүргізуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button