Жаңалықтар

Хромтау жылы ма?

Әдетте Хромтаудың қысы қатты болады. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының энергия цехы Хромтау қаласының жылумен жабдықтау нысандарын жылыту маусымына дайындау қамында ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл мақсатқа компания 136 миллион теңге қаражат бөлген.

Аталған компанияның корпоративтік коммуникация қызметі берген дерекке сүйенсек, «Орталық» қазандығы жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 1 қазаннан бастап жеке үйлерге, мектептер мен балабақшаларға жылу берілді. 7 қазаннан бастап қаладағы көп қабатты үйлерді қосу жоспарланған.

– Жылу желілеріндегі жұмыстар жоспар бойынша жүрді. Электр қозғалтқышы бар екі сорғыны ауыстыру және Есет батыр көшесі, 5, 5А, №3 мектептен Абай даңғылына дейінгі ұзындығы 1250 метрлік желі күрделі жөнделді.  Жабдықтарды ауыстыруға және жылу желілерін жөндеуге 62 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Хромтау қаласын жылумен қамтамасыз ететін қазандықтарды қазанның 15-іне дейін аяқтау жоспарланып отыр, — дейді Дөң тау-кен байыту комбинаты энергия цехының басшысы Мирхан Бикиев.

Кәсіпорынның 2021 жылғы инвестициялық бағдарламасы аясында қалада жылу және сумен қамтамасыз етудің негізгі нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы шамамен 1 шақырым су құбыры күрделі жөнделіп, кәріз коллекторы және сорғы қондырғылары ауыстырылды. Бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша сумен жабдықтау және су тарту жүйелеріне 2021 жылы 74 млн теңге инвестиция қаралған.

Хромтаудағы энергетикалық компания қаланың су-жылу желісі мен қазандықтарына табиғи монополия субъектісі болып саналады. Жұмыстар компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жылу және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту мен жөндеу тұрғындарға қыс мезгілінде жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге кепілдік береді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button