Басты жаңалықтар

Оқырманын тапқан газет өміршең болар

Баспасөз-2022

Баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің өкілдері Ырғыз ауданына барып, оқырмандармен кездесті. Кездесу барысында қос газеттің тұрақты және белсенді оқырмандары марапатталды.

Аудандық «Арай» мәдениет үйінде өткен шара ырғыздық оқырмандардың «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспа өнімдері мен музей экспонаттарынан жасақталған көрмесін тамашалаудан басталды. Ырғыздықтар қос газеттің тарихымен танысып, игі істердің куәсі болды. Сондай-ақ Мәдениет үйінің фойесінде «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері аудан тұрғындары үшін баспасөзге жазылуды ұйымдастырды. Іс-шара аясында «Ақтөбе Медиа» ЖШС, Ырғыз ауданының әкімдігі және «Қазпошта» АҚ арасында өзара ынтымақтастық жөнінде үш жақты меморандумға қол қойылды.

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев облыстық қос басылымның өкілдері мен жанашырларына Ырғыз өңіріне арнайы келгендері үшін ризашылығын жеткізді.

Бүгін, міне, ауданымызға елдің азаматтары, баспасөз қызметінің өкілдері келіп отыр. Биылғы баспасөзге жазылу науқаны аясында Ырғыз өңіріне арнайы келіп, оқырмандармен кездесіп жатқанына өте қуаныштымын.

Ырғыз — тарихы мол, шежірелі өлке. Осы өңірден талай аудандар бөлініп шықты. Бұл туралы газет бетінде талай мақалалар жазылды. Ырғыздың халқы газет-журнал, кітап десе, ішкен асын жерге қояды. Бұған дәлел — осы облыстық қос басылымға жазылу жағынан біздің ауданымыз әрдайым көш бастап келеді.

Облыстық «Ақтөбе» газеті биыл ауданымызда жүзеге асырылған «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты жобамызға қолдау көрсетіп, газет бетінде мақалалар жариялап, жаңа бастаманы насихаттады. Әрдайым ауданда болып жатқан жаңалықтарды оқырманға уақытында жеткізіп отырасыздар. Сондықтан аудан халқы атынан сіздерге ерекше алғысымды білдіремін. Сіздерге шығармашылық табыс, қажымас қайрат, береке-бірлік тілеймін, — деді Ә.Әуелбаев.

Бұдан кейін кездесуде сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қазіргі таңда өңірде баспасөзге жазылу науқаны қарқынды түрде жүріп жатқанын жеткізіп, облыстық қос басылымның ұзақ жылдар бойғы тұрақты оқырмандары болып келе жатқан аудандық білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.

Ырысты мекен Ырғыз — бүгінде өңірдегі іргелі, тарихы мол, жылдан-жылға дамып келе жатқан аудан. Бұл ауданда біздің қос газетіміздің тұрақты, жанашыр оқырмандары көп. Бүгін аудандарыңызға келіп отырғандағы мақсатымыз — сіздермен емен-жарқын кездесу, жанашыр оқырмандарымызға құрмет көрсету.

Биыл баспасөзге жазылу науқанын сіздердің аудандарыңыздан бастап отырмыз. Сондай-ақ кездесуге облыстық қос басылымның сіздер сияқты тұрақты оқырмандары, елге белгілі азаматтар, атап айтсақ, «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Келдібай Еспағамбетов және белгілі қайраткер, меценат, мемлекеттік қызметтің ардагері Арынғазы Беркінбаев арнайы мейман ретінде келіп отыр. Алда біз осындай жанашыр азаматтармен өзге де аудандарға барып, өздеріңіз сияқты аудан тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырмыз.

Өздеріңізге мәлім, биылғы жыл бәрімізге де оңай болған жоқ. Елдегі пандемияға қарамастан, біздің ұжым тынымсыз еңбек етіп, газеттеріміз аптасына үш рет үзіліссіз жарыққа шығып келе жатыр. Бүгінде облыстық «Ақтөбе» газетінің 17 мыңнан астам, ал «Актюбинский вестник» газетінің 5 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Алдағы науқанда оқырмандар саны тағы да көбейеді деп сенеміз.  

Тарихты түгендесек, осы ауданнан көптеген Социалистік Еңбек Ерлері, белгілі тұлғалар, есімдері ел жадында сақталған танымал азаматтар шыққан. Ауданға арнайы іссапарымыз аясында біз облыстық қос басылымның жанашыр оқырмандарын марапаттап, осы өлкеден шыққан тұлғаларды ұлықтау, оларға құрмет көрсету мақсатында арнайы номинациялар дайындаған болатынбыз. Соларды бүгінгі шарада өздеріңізге табыстағалы отырмыз, — деген медиахолдинг басшысы Раукен Отыншин бастаған топ ырғыздық оқырмандарды марапаттап, сый-сияпат жасады. Атап айтсақ, шарада мемлекет және қоғам қайраткері, өткен ғасырдың ортасында Ырғыз ауданын басқарған тұлға Нұрқасым Бердіқұлов атындағы сыйлық аудандық қаржы бөлімінің басшысы Көптілеу Қосаяқовқа, қазақтың көрнекті жазушысы Өтебай Қанахин атындағы сыйлық Қазақстанның құрметті журналисі, қаламгер Рахымжан Өтеміске, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, тіл жанашыры Нұқы Қартбайұлы атындағы сыйлық Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық кітапхананың директоры Марат Мырзалыға табысталды.

Сондай-ақ «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбай, облыстық «Ақтөбе» газетінің редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Актюбинский вестник» газетінің редакторы Айгүл Нұркеева аудандағы белсенді ұжым өкілдеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Бұдан соң шарада газет жанашырлары — «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов пен белгілі меценат, мемлекеттік қызметтің ардагері Арынғазы Беркінбаев, сондай-ақ «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Қосыбек Бөлекбайлар сөз сөйлеп, ырғыздықтарға жүрекжарды лебізін білдірді.

— Ырғыз — облыстан шалғай жатса да, тарихта өзіндік орны бар, талай ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, Социалистік Еңбек Ерлері туып-өскен киелі аудан. Мысалы, кеңес дәуірінде осы ауданнан 24 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Алып қарасақ, бір ауданнан осыншама Еңбек Ерінің шығуы өте сирек құбылыс, әрі мұның өзі тарих.

Жалпы облысымызда «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған 108 адам бар. Осыны ескере отырып, біз алдағы уақытта облыс орталығында орналасқан «Батырлар» аллеясы сияқты осындай Еңбек Ерлеріне арналған аллеяны жасақтау жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Қазір аудандар бойынша осы азаматтар туралы мәліметтер жинақталуда. Бұл идеямызды облыс басшысы да қолдап отыр. Аллеяға Еңбек Ерлеріне арнап ескерткіш қойылмаса да, мемориалды тақта орнату жоспарда бар. Бұл — ел, жер үшін, елдің дамуы үшін еңбек еткен азаматтарымызға деген құрмет. Игі жоба жүзеге асса, жас ұрпаққа үлгі болады, олардың еңбекке деген ұмтылысын арттырып, ел үшін адал қызмет етуіне өз ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.  

Ал бүгінгі кездесуге ойыссақ, қос газет қашан да өңірдің жаршысы болып келеді. Бірі ғасырдан асқан, бірі ғасырға жуық жасаған қос басылымның ғұмырының ұзақ болуы сіз бен бізге байланысты. Сіздер сияқты оқырманы бар басылым алда талай белестерді бағындырады деп сенеміз. Сондықтан осы қос газеттің жанашыры ретінде ырғыздық оқырманға, аудан тұрғындарына амандық, еңбекте табыс, бақыт пен береке тілеймін, — деп Келдібай Еспағамбетов тілегін жеткізсе, Арынғазы Беркінбаев аудан әкімдігіне естелік сыйлығын тарту етті.

Кездесу соңында аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев Ырғызға арнайы келген қос газеттің өкілдеріне тұрғындар атынан алғыс айтып, сый-сияпат жасады.

Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Р.S. Оқырмандармен кездесу барысында ырғыздық кәсіпкерлер — «Ұзақ» шаруа қожалығының басшысы Жадыра Ағыбаева мен «Наубек» шаруа қожалығының  басшысы Мариямкүл Бердалиева демеушілік жасап, аз қамтылған екі отбасын «Ақтөбе» газетіне тегін жаздырып берді. Енді бұл отбасылар келер жылдың 6 айында «Ақтөбені» үзбей оқитын болды.    

Оқырмандар тілегі

Сапар САҒЫНОВ, еңбек ардагері:

  • Мен «Ақтөбе» газетінің көп жылдан бергі оқырманымын. Газеттің әр нөмірін асыға күтемін. Облыстың жаңалықтарын, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін оқып, біліп отырамын. Газет апта сайын әртүрлі мәселелерді көтеріп отырады. Әсіресе білім, медицина, ауыл шаруашылығы саласындағы бастамалар мен жобалар туралы оқып, кеңінен мәлімет аламыз.

Мен осы ауданда ұзақ жылдар техник, инженер болып жұмыс істеген адаммын. Қазір зейнеткермін. Осыған дейін аудан орталығындағы «Отан» оқыту орталығында оқытушы болып, талапкерлерге көлік жүргізуден дәріс бердім. Қазір де сол орталықта қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Зейнетке шықсам да, шаруаға араласып, белсенді болғанды жақсы көремін. Қолым қалт етсе «Ақтөбе» газетін оқып, қасымдағыларға өңірде болып жатқан жаңалықтарды айтып беремін. Бүгінгі кездесуде осы газеттің аудандағы жанашыр, тұрақты оқырманы ретінде марапатталдым. Өте қуаныштымын. Сонау облыс орталығынан келіп, оқырмандармен кездесіп жатқан газет ұжымына, басшыларға алғысымды айтамын. «Ақтөбенің» біз сияқты оқырманы көбейіп, өркендей берсін!

Бағдат Бейсенбаева, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:

— Менің ұстаздық жолда қызмет еткеніме 32 жыл болды. Осыған дейін жүздеген шәкірт тәрбиелеп, аудандағы білім саласының дамуына өз үлесімді қосып келемін. Ұстаздық жолдағы еңбегім еленіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын, «Үздік педагог» атағын алдым.

Жыл сайын «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне жазыламын. Әр кез қос басылымдағы жаңалықтарды оқып, оқушыларыма жеткізіп отырамын. Әсіресе ашық сабақтар, түрлі дәрістер өткізгенде облыстық газеттерде жарияланған танымдық материалдарды, тың деректерді қолданамын. Кей кездері мектебімізде болған игілікті істерді, шараларды газет редакциясына жолдап отырамыз.

Бүгінгі шарада тұрақты оқырман ретінде «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының арнайы Алғыс хатын алдым. Біздің басылымға деген жанашырлығымыз бен белсенділігімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан газет өкілдеріне алғысымды айтамын. Қос басылымның ғұмыры ұзақ болып, оқырмандарымен осылай қауыша берсін деп тілеймін.

Әлия ЖҰМЫРОВА, «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының қызметкері:

— Мен аудандық филиалда 2014 жылдан бері хат тасушы болып қызмет етіп келемін. Осы күнге дейін аудан тұрғындарынан ешқандай шағым түскен жоқ. Біз газет-журналдарды уақытында таратамыз, халық тарапынан ұсыныс-тілектер болса басшылыққа жеткіземіз. Біздің аудан жыл сайын «Ақтөбе» газетіне белсенді түрде жазылады. Қазір де тұрғындар науқанға қатысып жатыр.

Өзім «Ақтөбенің» әр санын асыға күтіп, оқимын. Біздің аудан облыс орталығынан шалғай жатқандықтан, өңірде болып жатқан жаңалықтарды «Ақтөбеден» оқып, біліп отырамыз. Облыстың жетістігі болса қуанып, әр кез жазылушылармен бөлісеміз. Қос басылымның ұжымына сәттілік, жаңа жетістіктер тілеймін. Сондай-ақ барша облыс тұрғындарын «Ақтөбеге» жазылуға шақырамын.

Жадыра АҒЫБАЕВА, «Ұзақ» шаруа қожалығының басшысы:

—  Біз жыл сайын ауданда баспасөзге жазылу науқанына қатысамыз. Бұл жолы тек өзіміз ғана жазылмай, аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға демеушілік көрсетіп, қолдау білдіруді жөн көрдік. Осылайша аудандағы кәсіпкерлер бірнеше отбасын алдағы алты айға «Ақтөбе» газетіне жаздырып беріп отырмыз.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, біз үшін облыстық газеттің орны бөлек. Сондықтан газетке жаздыру арқылы біз осы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың жақсы оқып, сауат ашып, болашақта ел қамын ойлайтын азамат болуына өз септігімізді тигізсек деген ойымыз болды. Осы игілікті іске атсалысқанымызға ризамыз. «Ақтөбенің» оқырманы көп, тілшілердің жазары таусылмасын деп тілейміз.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Ырғыз-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button