Жаңалықтар

Ескерткіш-тақта орнатылды

Талантты ақын, Абай, Махамбет, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов,  Қалтай  Мұхамеджановтардың шығармаларын орыс тілінде «сөйлеткен» ғажап аудармашы, мықты журналист Амантай Өтегеновтің туғанына биыл 70 жыл толады. Өткен сенбіде ақын білім алған  Қобда ауданы Жарсай орта мектебінде  ескерткіш-тақта орнатылды.

Амантай Шәмілұлы — туған жер тақырыбын ерекше жырлаған ақын.  Қобданың суы мен нуы, қарапайым адамдары оның өлеңінің бөлшегіне айналып кеткелі қашан?! Өзі де қолы қалт етсе, қармағын алып, кіндік қаны тамған Қарағандысына тартатын. Одан бес шақырым жердегі өзі білім алған Жарсай орта мектебіне де жиі соғатын. Сол Жарсайға ескерткіш-белгі қойылады деген хабарды естіп, бірге оқыған достары жиналып келіпті. Жете алмағандары бейнебайланыс арқылы хабарласып, ниеттерін жеткізіп жатыр.

— Қобда —  батырлар елі. Бірақ қашанда батырдың намысын жанитын ақын емес пе? Амантай Шәмілұлы орыс тілінде жазса да, әрбір өлеңінен қазақы болмыс аңқып тұратын сөз иесі еді. Биыл Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұсынысымен Амантай Өтегеновтің рухына арнап  мүшәйра өткіздік. Жалпы құны 1 миллион теңге тұратын сайысқа ағасының атын ұлықтап жүретін жас буын қатысты. Биыл ауданда «Амантай Өтегенов оқуларын» өткіздік. Енді ол дәстүрлі түрде өтетін болады, — деді аудан әкімі Болат Құлов.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы Амантай Өтегеновтің поэзиясы, оның өмір жолындағы кейбір деректерді ортаға салды. Ал ақынның жары Орынгүл Тургенова мектеп ұжымына ақынның шығармаларын  сыйлай отырып, қызықты естелік айтты, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Ескерткіш-тақта ашылғаннан кейін шара мектеп ішінде жалғасты. Мектеп дәлізінде ақынның кітаптары, әр жылдарда басылым беттеріне шыққан шығармалары, кездесулерде түсірілген суреттерден көрме ұйымдастырылыпты.

Шарада «Амантай Өтегенов оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мектеп директоры Айгүл Абрахманованың айтуынша, мектепте Амантай Өтегеновке деген құрмет бөлек.  Оны оқушылар жарыса өлең оқығанда өзіміз де аңғардық. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Таисия Есентюк ақынның өлеңдерін жатқа айтады екен.

Амантай Өтегеновтің досы, белгілі ақын Бауыржан Құрманқұлдың әңгімесін жиналғандар қызыға тыңдады. Кластастары Жақсығали Сариев, Юрий Шевченколар қызықты естеліктер айтты. Ақынға арналған облыстық мүшәйраның жеңімпазы Нұрдәулет Қабасов өлең оқыды.

Мектеп ұжымының жоғарыға бір ұсынысы бар екен. Ол — білім ордасына Амантай Өтегеновтің есімін беру. Біздіңше, өте дұрыс ұсыныс!

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button