Жаңалықтар

Кәсіпкерлер экофестивальдің өтуіне мұрындық болды

Озон қабатын қорғаудың халықаралық күніне орай жергілікті кәсіпкерлер қала мектептерінде қайырымдылық шаралар өткізуге мұрындық болды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жергілікті өнім өндіруші компаниялар ұйытқы болған алғашқы шара «НұрАқтөбе» шағын ауданындағы №60 мектеп алаңында өткізілді.

Мектеп ауласында макулатура қабылдайтын мобильді пункт ұйымдастырылды. Оқытушылар мен 5-11 сынып оқушыларының ортақ күш-жігерінің арқасында бірнеше жүз килограмм қағаз шикізаты жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

— Қоршаған ортаны таза ұстау — өз қолымызда. Айналамыздың таза болуына бәріміз де мүдделіміз. Біздің сөрелерде қанша артық қағаз, қажет емес құжаттар, журналдар мен газеттер бар, соларға «екінші өмір» сыйлауға әбден болады, — дейді «Eco Madeniet»ЖШС басшысы Айман Сексенова.

Өңдеуші компания өкілдері экофестивальға қатысушыларға жиналған макулатурадан таза қағаз, қаптама және тіпті құрылыс материалдарын алуға болатындығын айтып берді. Қайта өңдеуге жарамды шикізат индустриалды аймақ аумағында орналасқан «LucrumStar» ЖШС Ақтөбе қағаз өнімдерін өндіру зауытына жіберіледі. Аталған зауытта қағаз майлықтар мен сүлгілер, дәретхана қағазы шығарылады, өндірістік цехқа іргелес аумақта сұрыптау және сақтауға арналған қойма бар.

Акцияға қатысқан мектеп оқытушылары мен оқшылар «LucrumStar» компаниясының өнімдерін сыйға алды, сондай-ақ кластарға бөлме өсімдіктерін сатып алуға сертификаттарға ие болды.

— Біздің зауытта жүзге жуық адам еңбек етеді. Шикізат жинайтын мобильді топтарымыз бүкіл қала аумағында жұмыс істейді. Осындай экофестивальдер аясында балалар өңдеуге жіберілетін шамамен төрт жарым тонна шикізат жинады. Оқушылардың осындай акцияға деген қызығушылығын көріп,  қала мектептері арасында макулатура жинау бойынша жарыстарға демеушілік жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді аталған серіктестіктің өңірлік менеджері Ғабиден Халенов.

«QAZAQTECH», «Baisanat-A» ЖШС басшылары да балаларға сыйлықтар тапсырды. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жобасын іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйым «Оператор РОП» ЖШС экосумкалар мен кітаптар, «А-TEXTILE» ЖШС Ақтөбе тігін фабрикасы футболкалар сыйға тартты.

— Қағазды басқа қалдықтардан бөлек жинау —  орман экожүйесін сақтауға қосқан үлес. Жалпы, қоқыстарды бөлек жинауға, мұндай мәселеге немқұрайлы қарамауға балаларды ерте жастан үйрету керек. Қалдықтардың одан әрі өңделетінін айту, ескі заттардан жаңа заттар шығаруға болатыны туралы ақпарат беру балалар үшін қызық. Сондықтан мұндай шараларға басқа да кәсіпкерлерді қатысуға шақырамын. Бұл экофестивальді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» 8 жылдығына орайластырып өткізді, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Сұлупан Шынтасова.

Шараға қалалық білім бөлімінің және Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.Жыл соңына дейін осындай экофестивальдар басқа оқу орындарында да өткізіледі. Акцияны №60 орта мектеп басшылығы №70, 78 және М.Арын атындағы орта мектептерге жалғастыру үшін табыстады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button