Жаңалықтар

Бейбітшілік — тәуелсіздік тарихының басты тағылымы

Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерге қазір түрлі баға берушілер бар. Тәуелсіздік тарихының тағылымы қандай?

Тұрмыстағы кейбір мәселелерді, халықтың жаппай қалаға көшіп, алыс ауылдардың жартылай бос қалуын алға тартып, кеңестік дәуірмен салыстырғанда «артқа кеттік» дегенді айтушылар да бар. Дегенмен кеңестік дәуірді сағынушылар ол кезеңде қазақтың ұлт ретінде жойыла жаздағанын, өз жерінде кемсітушілікті, қудалауды бастан өткергенін айта бермейді. Жалпы, тарихқа біржақты баға беру әділеттілік пе?

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының инстаграм желісіндегі парақшасында «Тәуелсіздік тарихынан тағылым» тақырыбында ұйымдастырылған онлайн-сұхбатта осы тақырып қозғалды. Сұхбатта белгілі қаламгер, баспасөз саласының ардагері, қоғам қайраткері Идош Асқар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сұхбатты облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Бақытгүл Ешмұратова жүргізіп отырды.

— Тарихқа тек тұрмыстық мәселелер тұрғысынан көз тастап, біржақты баға беруге болмайды. Рас, тәуелсіздік жылдарында бірқатар қателіктерге жол берілді. Мысалы, халықтың қолымен, еңбегімен жасалған ортақ дүниелердің біразы жекеменшікке өтіп кетті. Сондықтан жекешелендіру саясаты төңірегіндегі реніштер орынды.

Екінші жағынан, біз — кеңестік заманда елдік санадан айырылып қала жаздаған жұртпыз. Өткен ғасырдың ішінде өз жерімізде, сан жағынан, халықтың 30 пайызын ғана құрап қалған кезіміз болды. Тұрғындардың басым бөлігі, яғни 70 пайызы өзге ұлт өкілдері еді. 30 пайыз дегеніңіз не? Бұл — өз жеріңде отырып, диаспораның күнін кешу. Қазіргі жастар оның не екенін түсіне алмауы мүмкін, ал біз оны басымыздан өткергендіктен де жақсы білеміз. Бүгінде сол 70 пайыздық үлес біздің еншімізге бұйырды. Солай болғанымен, елдік сана жағынан әлі де кемшінбіз. Оның бір себебі кеңестік заманда тілден айырылып қала жаздағанымызда болса керек. Тіл — руханияттың өзегі. Тәуелсіздік бізге тіліміздің мерейін өсіруге, сол арқылы руханиятымызды тіктеуге мүмкіндік беріп отыр. Бірақ бұл мәселеде әлі де «әттеген-айымыз» көп, әлі де өзімізді қамшылай түсуіміз керек. Оны жүзеге асыратын кейінгі буын. Біз қазіргі жастарға үміт арта аламыз. Ал тәуелсіздік алған жылдарда жастардың көпшілігі орысша оқыған, орысша ойлайтын адамдар еді, — деді Идош Асқар.

Сондай-ақ, оның пікірінше, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің басты игілігі — бейбітшілік.

— ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда бізде үлкен бүліншілікке, алауыздыққа жол берілген жоқ. Бұл — үлкен жетістік, — деді Идош Асқар.

Сұхбат кезінде ол тәуелсіздік тарихын дұрыс пайымдауы үшін жастарға тек бірыңғай бүгінгі емес, кеңестік замандағы, КСРО ыдыраған тұстағы қиындықтарды да баяндап отыру керектігін айтты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button