Жаңалықтар

Өзекті мәселе туралы әңгіме өрбітті

Облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимаратында вакцина салдыруға қатысты басқосу өтті. Кездесу барысында медицина мамандары жиналғандарға екпе, оның салдары мен денсаулықты нығайту жолдары жөнінде мәлімет берді.

Атап айтсақ, №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Назым Жұмабаева мен осы емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Лена Жантөрина және дәрігер Алмагүл Айтқұловалар мәдениет саласының қызметкерлерін вакциналау жөнінде жан-жақты хабардар етті.

— Екпе салу тегін жүргізіледі. Ақпарат электронды түрде базаға енгізіліп, паспорты беріледі. Екпе салдырғаннан кейін бас ауруы, температура көтерілуі, тамақтың қышуы секілді белгілері болуы мүмкін. Дегенмен оны тек қана коронавирусқа қарсы екпенің салдары деуге болмайды. Кез келген екпеден кейін де дәл осындай белгілер байқалуы мүмкін, — деп түсіндірді дәрігер Назым Жұмабаева.

Коронавирусқа қарсы екпе салу тәртібі мен ережесі айтылған кездесуде осы тақырыпқа қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап та берілді.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталинаның айтуынша, бұл — жоспарлы шаралардың бірі. Өйткені қызметкерлер арасында қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған вакциналауға қатысты сұрақ көп. Алдағы уақытта да осындай жүздесулер ұйымдастырылады деп күтілуде.

Айәли АЙБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button