Жаңалықтар

МӘМС: қордан пандемиямен күреске қанша қаражат бөлінді?

Пандемия басталған уақыттан бері елімізде дәрігерлерге 229 миллиард теңгеден астам мөлшерде үстемеақы төленген. Ал Ақтөбе облысы бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бастап маусым айына дейін COVID-ке қарсы күрес шараларына тартылған медицина қызметкерлеріне төленген үстемеақы  көлемі 4 920 457 122,46 теңгені құрады.

Жуырда  әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатындағы  іс-шараларды қаржыландырудың қорытындылары туралы есеп берді. Сондай-ақ алқа отырысы барысында медицина қызметкерлеріне қаржылық қолдау көрсетудің  жаңа моделіне көшу туралы  да айтылды.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында КВИ-мен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыруға барлығы 219 миллиард теңге бағытталған.  Оның ішінде 197,6 миллиард теңге тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі қаражаты есебінен, 21,4 миллиард теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалыпты. Медициналық қызметтер үшін жұмсалған  қаржы 112,8 миллиард теңге, ал COVID-ке қарсы күрес шараларына тартылған медицина қызметкерлеріне берілген үстемеақы 106,2 миллард теңгені құрады.

Қор басшысы айтып өткендей, дәрігерлерге қаржылық қолдау 2020 жылдың наурыз айынан бастап беріле бастады. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі үшін төленетін үстемеақылар үш тәуекел тобы бойынша төленеді: I топ – 850 мың теңге; II топ – 425 мың теңге; III топ – 212,5 мың теңге. Ағымдағы жылдың маусым айына дейін осы мақсаттарға шамамен 229 миллиард теңге бағытталған. Сондай-ақ алқа отырысында үстіміздегі  жылдың ақпан айынан бастап дәрігерлерді вакциналаудың арқасында олардың арасындағы аурудың қаупін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілгені туралы айтылды. Осыған байланысты тамыз-қыркүйек айларында ауруды жұқтыру қаупі үшін үстемеақылар төлеу әрбір тәуекел тобы үшін белгіленген мәндердің 50 пайызы мөлшерінде жүргізілетін болады. (I топ — 425 мың теңге; II топ —  212,5 мың теңге; III топ — 106,25 мың теңге).

— Мемлекет басшысының кеңейтілген отырыста берген тапсырмасына сәйкес, дәрігерлерді ендігі ынталандыру бойынша  үстемеақылар жүйесі  үстіміздегі  жылдың қазан айынан бастап  эпидемиологиялық  ахуалға қарамастан, жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қолдау және ынталандыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады, — деп атап өтті Болат Төкежанов.

COVID-19 инфекциясымен күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараларда жұмыс істегені үшін инфекциялық стационарлардың, провизорлық және карантиндік стационарлардың дәрігерлік, орта және кіші медициналық персоналы, дәрігер-реаниматологтар, дәрігерлік персонал, орта медициналық персонал, алғашқы медико-санитарлық көмек мобильді бригадаларының, медициналық авиацияның жүргізушілері, шұғыл стационарлардың, алғашқы медико-санитарлық көмек ұйымдарының қабылдау бөлімшелерінің қызметкерлері, сондай-ақ блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері, СЭС вирусолог-дәрігерлері мен зертханашылары; СЭС дәрігер-бактериологтары мен зертханашы-бактериологтары, СЭС сынамаларын қабылдау және іріктеу жөніндегі ЖМК және дәрігерлері, СЭС жүргізушілері, санитарлары және дезинфекторлары қосымша ақы алатын болады. Жоғарыда аталған қызметтерден басқа, оларға босандыру қызметінің, стационардың педиатриялық қызметтің, пульмонологиялық қызметтің, ядролық медицинаның, сәулелік диагностика қызметінің, патологоанатомиялық қызметтің, алғашқы медико-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері де қосылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button