Жаңалықтар

Суретшілер назарында — Абат-Байтақ

Белгілі композитор, музыка зерттеушісі, публицист Ілия Жақановтың тағы бір қыры — суретшілігі екен. Ол Атырау мемлекеттік университетіне түсіп, 78 жасында суретші-дизайнер мамандығын меңгерген.

Дипомдық жұмысы — «Жерұйық» триптихі. Бұл еңбекте қазақ даласының о шеті мен бұ шетіндегі табиғаттың қайталанбас әсем көріністері бейнеленген. Еңбек автордың туған еліне деген үлкен махаббатын паш етеді.

— Мен әлемді шарлай жүріп, қазақ жерінің сұлулығын басқа ештеңемен салыстыруға болмайтынын түсіндім. Жерұйық дегеніңіз — Қазақстан, — дейді ол.

Міне, жақында Ілия Жақанов, өзінің 85 жылдық мерейтойына орай бір топ суретшілермен бірге арнайы Қобда жеріне келді. Атап айтқанда, оның мерейтойы аясында «Бұл — менің ұлы мекенім» атты халықаралық пленэр ұйымдастырылып отыр. Суретшілерді Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы бастап келді. Еліміздің 8 облысынан қылқалам шеберлері қатысқан жобаның бұл жолғы мақсаты — әйгілі Абат-Байтақ кесенесін, оның айналасындағы қорымды аралап көру. Бұл сапарды болашақта осы киелі орынды өз туындыларына арқау ету жолындағы суретшілердің ізденісі деп түсінсек те болады.

Ілия Жақанов өзінің Абат-Байтақ сапарынан алған әсерлерімен бөлісіп, Қобда аудандық музейіне кітабын тарту етті.

Г.ЕРҒАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

Қобда аудандық бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button