Басты жаңалықтар

Қазақстанда әр адам маңызды!

1 қыркүйек күні елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Бұл — еліміз тәуелсіздік алғалы ұйымдастырылып отырған үшінші санақ. (Біріншісі 1999 жылы, екіншісі 2009 жылы өткізілді). Үшінші халық санағы негізінен 2019 жылға жоспарланған болатын. Алайда дүниені дүр сілкіндірген COVID-19 вирусы тудырған пандемия салдарынан 2020 жылға, одан 2021 жылға шегерілді. Бұл жолғы санақтың ерекшелігі сол — алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өткізіліп жатыр.

Санақ неше кезеңнен тұрады? Қалай жүргізіледі? Цифрлық технологияларды қалай қолдану керек? Осы және басқа да сұрақтарды  Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Избасқановаға қойған едік:

— Жалпы халық санағын жүргізудің мақсаты қандай? Бұлай сұрап отырған себебім — қазір елімізде ортақ электронды база бар. Электронды үкімет арқылы кез келген адам туралы, оның отбасы туралы толық мәліметті алуға болады. Яғни база бар, оны қайтадан жинақтаудың қажеті қанша?

— Иә, дұрыс айтасыз, елімізде электронды база бар. Дегенмен ол жеткіліксіз. Не үшін жеткіліксіз? Бұл ретте халық санағының мақсатын айтып өту керек.

Халық санағы ел тұрғындарының демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірінің көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді. Халық санағын жүргізу арқылы республика аумағында ғана емес, әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы туралы әртүрлі ақпаратты біле аламыз.

Халық санағы — елдің ұлттық статистикалық жүйесінің ажырамас бөлігі, халық және оның тұрғын үй жағдайлары туралы деректердің негізгі көзі. Екінші санақ пен үшінші санақ аралығында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістер нақтыланып, соған қарап қоғамның әр саласындағы жүргізілетін жұмыстар реттеледі. Соған сәйкес мемлекеттік бюджет қалыптастырылады.

Яғни экономика мен бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, жүзеге асыру үшін халық санағының ақпараттық деректері қажет, олар тұрғын үй салу, бөлу жөніндегі, демографиялық және көші-қон процестері жөніндегі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала жөніндегі бағдарламаларды дамытуға және жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары, еңбек ресурстары туралы, ал бизнес үшін түпкілікті тұтынушы туралы маңызды және нақты ақпарат береді. Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге елеулі үлес қосатынын түсінуі тиіс. Сондықтан Қазақстанда әр адам маңызды!

— 1 қыркүйекте халық санағы басталғанын білеміз. Бірақ әзірге есік қағып, аралап жүрген интервьюерлер, нұсқаушылар көрінбейді?

Иә, себебі қазіргі уақытта санақ онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Жалпы, биылғы ұлттық халық санағының жаңашылдығы — заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру. Яғни халық туралы деректерді жинау процесі екі әдіспен жүзеге асырылады.

Бірінші әдіс —  sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтта интернет-сауал қою арқылы санақ жүргізу әдісі. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін тұрғындар осы сайтқа кіріп, өзі туралы мәліметтерді қалдырып, халық санағына үлес қоса алады. Егер осы аралықта үйлеріңізге адамдар келіп, «біз халық санағы үшін келдік» десе, оған сенуге болмайды. Алаяқтар болуы мүмкін. Қазір санақ тек қана онлайн жүргізіліп жатыр.

Арнайы сайтқа кіру үшін ешқандай электронды цифрлық қолтаңба қажет емес, тек жеке сәйкестендіру нөміріңізді білсеңіз болды. Сайт үш тілде — қазақ, орыс, ағылшін тілдерінде жасалған. Жүйеге телефон нөміріңіз немесе электронды пошта арқылы кіруге болады. Сайтта 2021 жылғы халық санағы туралы маңызды ақпараттарды, соңғы жаңалықтарды білуге болады, сонымен бірге санақтан өтуге қатысу үшін бейненұсқаулықтар да берілген. Сайт виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттердің орналасқан жеріне қарамастан, өздігінен санақтан өтуге және өзімен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Және портал 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Сайтқа кіріп, 91 сұраққа жауап беру керек болады.

Сонымен бірге «Электрондық үкіметтің» порталы арқылы да санаққа қатысуға болады.

— Әр адамға 91 сұрақ қойыла ма? Мәселен, бір үйде 5 адам болса, 500-ге жуық сұраққа жауап беруі керек пе?

— Жүйе 91 сұрақ ұсынады. Алайда азаматтар сауалдардың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек әйелдерге, ерлерге, балаларға ғана қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі ғана жауап береді.  Әр азамат өз отбасы мүшелеріне жауап бере алады. Қолында жеке сәйкестендіру нөмірі болса болғаны.

2009 жылғы халық санағына қарағанда тілдерді меңгеру, неке жағдайы, бала туу және жұмыспен қамту сұрақтары кеңейтілді. Негізінен тұрғын үй жағдайлары, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, бала туу, жұмыспен қамтылу, күнкөріс көздері, тіршілік қызметіне қатысты сұрақтар болады. Биылғы жылдың ерекшелігі — пандемияға қатысты сұрақтар енгізілген. Пандемияның жұмысына әсері, вакцина алу секілді сұрақтар қаралады.

Санақ парақтарына көрсеткіштерді енгізу кезінде 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорын жүргізу жөніндегі Еуропалық статистердің конференцияда айтылған ұсыныстары негізге алынды. Сондай-ақ ТМД және ЕАЭО кеңістіктерінде 2020 жылы жүргізілген ұлттық халық санақтарында енгізілген ТМД мемлекетаралық статистикалық комитетінің әдіснамалық материалдары пайдаланылды. Оған қоса БҰҰ-дағы мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған сұрақтар енгізілді.

Бір дерек:

Ақтөбе облысында 2009 жылғы халық санағы қорытындысы:  757 768 адам (Оның ішінде 601 463 қазақ, 103 069 орыс, 25 485 украин, 800 өзбек және т.б.).

1999 жылы Ақтөбе облысында жүргізілген халық санағы қорытындысы: 682 558 адам. «Оның ішінде 482 285 қазақ, 114 416 орыс, 46 848 украин, 566 өзбек және т.б.) 364 486 ер адам, 393 282 әйел адам.

— Мәселен, мен онлайн сұрақтарға жауап беріп жатқан кезде шұғыл шаруам болып қалса, сұрақтарға толық жауап бере алмаған болсам, оны тоқтатып қоюға бола ма?

— Егер «аяқтау» деген тетікшені баспаған болсаңыз, сайтта бланкіні толтыруды тоқтатып және оны кейін қайта жалғастыра аласыз.

— Жалпы, биылғы халық санағы неше кезеңнен тұрады?

— Негізінен, екі кезеңнен тұрады. Дайындық кезеңінде, яғни маусым айының 1-30-ы аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шықты. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізілді. Санақтық аудандастыру дегеніміз – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
Негізгі кезең 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткізіледі. 1 қыркүйек-15 қазан аралығында, жоғарыда айтқанымыздай, онлайн жүргізіледі. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында болады. Бұл кезде санақ онлайн режим арқылы өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі. Егер сіз онлайн санақтан өткен болсаңыз, интервьюерге санақтан өткеніңіз туралы телефоныңызға түскен хабарламаны көрсетсеңіз болғаны, интервьюер оны өзіне белгілеп алады.

Биылғы жаңашылдық — интервьюерлер жаппай аралау кезінде планшеттерді пайдаланады, бұрынғыдай қағазға жазбайды, бірден электронды түрде мәліметтерді енгізеді. Бұл санақ персоналының еңбек шығындарын азайтуға, адами фактордың деректер сапасына әсерін азайтуға, жеке сәйкестендіру нөмірін қолдана отырып, халық санағы деректерінің анықтығы деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе керек-жарақтарын айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ деректерді жинау кезінде интервьюерлердің ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы тәсіл кезінде алғашқы деректерді автоматты түрде енгізу және оларды республикалық деңгейде өңдеу көзделген. Планшетке арналған мобильді қосымша әзірленді, ол интервьюерге барлық енгізілген арифметикалық-логикалық бақылауларды ескере отырып, сауал салуды жүргізуге, жіктеуіштер мен анықтамалықтарды қолдануға және сауал салу аяқталғаннан кейін алынған деректерді VPN арнасы арқылы тікелей жалпы деректер базасына жіберуге мүмкіндік береді.

Үй-үйді аралау 1-30 қазан аралығында өтеді. Деректердің қамтылуын және анықтығын тексеру мақсатында респонденттердің 10пайызына бақылау аралау қосымша жүргізілетін болады. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сұралатын адамның жеке сәйкестендіру нөмірі пайдаланылатын болады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

— Халық санағына Ақтөбе облысы бойынша қанша адам тартылады? Және үй-үйді аралаған кезде оларды қалай танимыз?

— Дәстүрлі халық санағы кезінде, яғни 2-ші кезеңде облыс бойынша 1200-ден астам нұсқаушы-бақылаушылар және интервьюерлер қатысады. Интервьюерлермен және нұсқаушы-бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалады. Уақытша жұмысқа жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс жасай алатын Қазақстан азаматтары тартылады, олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Сонымен қатар қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кандидаттар міндетті түрде вакцина алған болуы тиіс.

Интервьюерден бейджін қарау үшін талап етуге құқыңыз бар. Онда аты-жөні, суреті, берілген күні және оның қолданылу мерзімі,  аумақтық статистика бөлімшесі басшысының қолы және мөрі болады. Егер күмәндансаңыз, куәлікте көрсетілген нөмірді  sanaq.gov.kz сайты арқылы тексеруіңізге болады. Сонымен бірге интервьюерде санақ логотипі бар көк түсті шарф, көк түсті портфель және электрондық санақ парақтары бар планшет болады.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button