Жаңалықтар

Ата-ананың рұқсатынсыз вакцина егілмейді

Әлеуметтік желілерде «COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны оқушыларға манту сынамасы түрінде егеді екен» деген ақпараттар тарап жатыр. ҚР санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Аталған комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев Facebook-тегі парақшасында мектеп қабырғасында балаларды жасырын вакцинациялау туралы хабарламаның жалған екенін жазды:

«Манту сынамасын жүргізу арқылы туберкулезге қарсы ревакцинациялау –жоспарлы іс-шара. Ол тек қыркүйек айында ғана жүргізіледі. 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 77-бабына сәйкес, ешкім ата-ананың жазбаша, дәлелді келісімінсіз балаға екпе сала алмайды. Коронавирусқа қарсы вакцинация туралы айтар болсақ, «Pfizer» препараты шамамен осы жылдың IV тоқсанында қолжетімді болады. Сондай-ақ екпе баланың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жасалатын болады. Жалған ақпаратқа сенбеңіздер, тек ресми дереккөздерді пайдаланыңыздар», – деп жазды Ержан Байтанаев.

Е.Байтанаевтың айтуынша, манту сынамасы мен КВИ-ге қарсы вакцинаны шатыстыру мүмкін емес. «Манту сынамасы білекке, тері астына егіледі. Ал коронавирусқа қарсы вакцинаны иық бұлшықетіне салады», — дейді ол.

Тағы бір жаңалық — қазақстандық«QazVac» вакцинасының штамм құрамы өзгеретін болды. Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария осылай деп мәлімдеді.

«Үкіметтің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс «дельта» штамы ел аумағында тіркелген кезде басталған болатын. Клиникаға дейінгі зерттеулер толығымен жануарларға жүргізілді және вакцинадағы штамм құрамын ауыстыру жануарларда жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде бұл ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілді және вакцинаның келесі партиясындағы штамм құрамын ауыстыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл қиын жағдайды түсініп, бұрын-соңды болмаған қадамға барады:  ДДСҰ-дан кеңес алмай, тұмауға қарсы вакциналар тәжірибесі бойынша, жақын күндері «дельта» штамын ауыстыруға ресми рұқсат беріледі. «Ухань» коронавирусын «дельта» штамына ауыстырамыз, ол өте жақсы нәтиже көрсетті. Ғалымдардың тәуекелге баруы нәтижесінде жақсы вакцина алынды, енді ол жақын арада жеткізіліп, шығарыла бастайды», — деді Күнсұлу Закария.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button