Жаңалықтар

Шахтер марапаты

Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек ететін Бауыржан Қайырмағамбетов үшін биылғы шахтерлер күні ұмытылмас сәтпен есте қалды. Бұл күні «Өндіріс саласына сіңірген еңбегі үшін» марапатына ие болған ұңғымашы кәсіпорынның шахта-құрылысында он сегіз жыл еңбек етіп келе жатыр. Ауыл баласының шахтер атанып, карьерлерде жүруі – өзінің жүрек қалауының таңдауы.

Еңбек жолын жүкші болып бастап, кейін комбинаттың шахта-құрылыс цехына тау-кен жұмысшысының үйренушісі болып қызметке тұрады. Жаңа орта, жаңа ұжым. Бір сөзбен айтқанда, «шахтерлердің қайнаған қазанына» түскеніне қуанған Бауыржан сол кезде бойында қорқыныштың болғанын да жасырмады. Ұңғыма жұмыстарына дейін тау-кен жұмысшысы бола жүріп, біраз тәжірибе жинақтайды.

Шахтаға түсу алғашқыда өзіме қиын болды. Бірақ жұмысқа кіргенде ­алдын ала дайындықтан өттік. Техника қауіпсіздігін сақтауды да үйрендік. Шахта еркін жүруді ұнатпайды. Қателікті кешірмейді. Біз бәріміз бір шахтада болғандық­тан­ жанымыз да бір. Шахтада әртүрлі ұлт өкілі жұмыс істейді. Ұлтқа ешқашан бөлінбегенбіз.Сыйластықта адами фактор басым. Бәріміз бір адамдай жұмыс істейміз, — деді ол сөз арасында.

Уақыт өте ұңғымашылыққа қадам басып, күні бүгінге дейін талай түйісім, талай орттарды бойлап келеді. Кезіндегі №3 тау-кен-капитал жұмыстары учаскесінің үйренушісі «Объединенный» карьеріне түсіп, өзінің қызметіне кірскен-ді. Бүгінде алдыңғы қатарлы шахтерлердің көшін бастап жүр. Көбіне транспорттық еңістерде, плюс 160-горизонтта, төменге қарай бағытталған өрлемелер тесуде сапалы әрі өнімді нәтиже көрсетіп жүрген Бауыржан Қайырмағамбетов алған марапатына адал және тынымсыз еңбегімен қол жеткізді.

— Дөң тау-кен байыту комбинаты біздің Хромтаудың жүрегі десем, артық айтқаным емес. Сол себепті зейнетке шыққанша хром кенін өндіруде өзімнің деүлесімді қосқым келеді, — дейді сөз арасында білікті ұңғымашы.

Қазіргі таңда Бауыржанның ұжымы 250-горизонтта №80 ортты өтіп жатыр. Бұл орт түйісімге апаратын жолдың бірі болмақ. Сондай-ақ кен аудару ісін де қатар жүргізіп келді. Тоғыз баланың кенжесі, әке-ананың жауапкершілігін өз мойнына алған жігіттің өндіріске қарай бет бұруы — кейінгілерге өнеге болар іс. Ол тау-кен саласын таңдап жатқан жастарға: «Диплом үшін оқымаңдар, маман ретінде қалыптасуды ойлаңдар» деген кеңес береді.

Бүгінде төрт баланың әкесі ұл-қыздарына тәрбие беріп, сексен төртке келген қарт анасын бағып, қызметінде жемісті еңбек етіп, әдемі өмір сүруде. Кенже ұл мен келіннің қолында шаңырақтың ұйытқысы болып отырған кейуананың батасы Бауыржанды әркез қолдап жүретіндей.

 Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button