Жаңалықтар

Көпбалалы ана тігін цехын ашты

Алты баланың анасы Нұргүл Ақнажиева нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, Хромтау қаласында «Нұр ханым» тігін цехын ашты.  Қазіргі таңда ол 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

— «Бастау-Бизнес» жобасына 2019  жылы қатыстым. Оқу барысында өте жақсы білім алдым. Негізгі мамандығым — қаржыгер. Бизнес нұсқаушылардың үйреткені жоғарғы оқу орнында алған білімімді толықтырды деп айта аламын.  Оның кәсіп жасау барысында көмегі көп болып жатыр, — деп бастады әңгімесін Нұргүл Ақнажиева. — Тігін цехын ашу — арманым болатын. Шынымды айтсам, жүрексінетінмін. Сөйтіп, жалға алынған орында жұмысымды жалғастыра бердім.  Сөйтіп жүргенде көпбалалы ана екенімді білген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Хромтау аудандық филиалының директоры Жаңыл Сейітқалиқызы маған «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысуды ұсынып, хабарласты. Екі жыл бұрын бағдарламаға қатысып, 555 600 теңге көлеміндегі грант иегері атандым. Сол қаражатқа мата торлауға арналған және тігін машиналарын сатып алдым. Одан соң ел ішінде індет тарап кетті де,  үйден жұмыс жасауға кірістім. Карантинге қарамастан, тапсырыстар көп болды. Мақсатқа қол жеткізуге семинар-тренингтердің септігі көп тиді.  Жаңыл Сейітқалиқызына рақмет, қандай да бір мемлекеттік бағдарлама болса да, оқыту курстары өтіп жатса да хабарлап отырады. Бойыма сенімділік ұялатып: «Қолыңыздан келеді! Қатысып көріңіз» деп ынталандырады. Сол кісінің кеңесімен бірде-бір тренингтен қалмай қатысып келемін. Себебі, онда дәрісті аяқтарына нық тұрған кәсіпкерлер мен бизнес-тренерлер өткізеді.  Бойымдағы қорқынышты жеңіп, өз күшіме сенуді де мен сол сабақтардан үйрендім.

Нүргүл сондай көп тренингтің бірінде баласы ауыратын аналардың басы қосылып қалғанын айтады. Аналар өз бастарынан өткен оқиғаларды айтқаны, кейіпкеріме қатты әсер етеді. Себебі, Нұргүлдің де алты баласының бірі — ерекше бала.

— Олар сөйлеген сайын әрқайсысы менің оқиғамды айтып жатқандай болды. Сондағы бір ана: «Қорыққан жоқпын. Балаларымды аяққа тұрғызу үшін алдыма нық мақсат қойдым. Соған анық қадам бастым», — деді.  Оның сөздері маған қатты әсер етті. Содан кейін  үйге келіп ойымды жинақтадым да бизнес- жоспар құрып бастадым. Алайда алдымда бір мәселе тұрды. Ол — цехқа орын табу. Жалға алатын болсам қалтам көтермейді: матаны сатып алу керек, алатын құралдарым бар, жұмысшыларға төлеу керек. Сөйтіп жүргенімде, тағы бір тренингте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Сұлупан Панақызы өңірде бір цехтың бос тұрғанын айтты. Міне, сөйтіп арманыма қол жеткіздім, — дейді тігінші Нұргүл.

Бүгінде тынымсыз, ізденімпаз Нұргүлдің кәсібі едәуір кеңейген. Олай дейтініміз, қазір тігін цехында — 4, Ақтөбе қаласында үйден жұмыс жасап отырған 3 тігіншісі тағы бар. Негізі цехта 11 тігін машинасы тұр. Көпшілігі сынып, жөндеп алыпты. Грант қаражатына сатып алған мата торлайтын машинасы да осы жерде тұр. Бүгінде Нұргүл жетекшілік ететін тігіншілер қыз жасауын дайындаумен айналысады. Сондай-ақ тапсырыспен жұмыс істейді.

Цехқа кіріп келгеннен біз ондағы берекелі, көзге ұнамды қалыпты байқадық. Өз істеріне ерекше ықыласпен берілген тігіншілер көздің жауын алатын бұйымдарды тігіп отыр. Олардың жүздерінде күлкі, ойларында айқын мақсат бар. Кейін сұхбат барысында оның себебін де анықтай алдық. Сөйтсек, бұл  жұмыс беруші Нұргүл Ақнажиеваның қол астындағы жұмысшыларын әрдайым қолдап, олармен барынша адал қарым-қатынас құруға деген талпынысының әсері екен.

— Кәсібімді жаңадан ашқаныма қарамастан маған сеніп келген 7 жұмысшымның орны мен үшін бөлек. Мен өзім сияқты аналардың жұмыс істегенін қалаймын. Сол себепті 3 жұмысшымның үйден жұмыс жасауына жағдай жасадық. Оларға матаны өзім алып барамын, бұйым дайын болған соң алып кетемін. Қыздар алғашында тігу білмейтін. Бірақ қазір барлығын үйретіп болдым. Енді өздеріне тапсырма берсем, кез келген нәрсені дайындап қояды. Кәсібім кеңейсе, тігіншілер санын көбейту ойда бар, — дейді Нүргүл.

Оны қанаттандыратын — балалары. Ең үлкен баласы — төртінші сынып оқушысы, ал ең кішісі — он айлық нәресте. Ойыңызға Нұргүлдің барлығына қалай уақыт табатыны жайында сұрақ келген болар. Біз де көпбалалы анаға дәл осы сұрақты қойдық.

— Балаларымның барлығы кішкентай. Дегенмен мен ешкімнен ештеңе сұрамай, балаларымды ел қатарлы өсіргім келеді. Сондықтан да кенжем он айлық болғанына қарамастан, жұмыстан қалмаймын. Иә, күні бойы цехта болатыныма байланысты оларға білім берумен айналыса алмаймын. Бірақ әр нәрсемен өз саласының маманы айналысса жаман болмас деген оймен оларды даярлық сыныптарына қатыстырамын. Маған үздіксіз еңбек етуге күш беретін — балаларымның күлкісі. Шаршап, сәл көңілім түссе болды соларға қарасам барлығы өз орнына келеді. Мақсаттарымды орындауда жолдасымның көмегі зор. Өзі теміржолда жұмыс жасайды, — дейді табанды келіншек.

Нұргүлдің ендігі мақсаты — кәсібін кеңейтіп, жұмысшыларының санын 20-ға жеткізу. Сондай-ақ, орталықтан цех өнімдерін сататын дүкен ашқысы да келеді.

— Менің байқағаным, тұтынушылар тауарды әлеуметтік желіден суретіне қарап сатып алғаннан гөрі, қолмен ұстап таңдап алғысы келеді. Сол үшін де дүкен ашсам деймін. Алдағы уақытта балалар киімін тігу де жоспарда бар. Көпбалалы аналар үшін балаларына сапалы киім алу —  қиын. Ал біз сондай сапалы киімдерді тиімді бағамен нарыққа ұсынғымыз келеді, — дейді талабы таудай тігінші.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button