Жаңалықтар

Жаңалығы көп жаңа оқу жылы

Биылғы оқу жылын Байғанин ауданына қарасты мектептер де дәстүрлі форматта бастамақ. Оқушылардан мектеп формасы талап етілмейді. Алайда классикалық киім үлгісі сақталуға тиіс.

Алғашқы қоңырау салтанатты жиыны тек бірінші сыныптар үшін ғана ұйымдастырылмақ. Екінші сыныптан жоғары сынып оқушылары арнайы бекітілген кабинеттерде «Тәуелсіздік жетістіктері» атты республикалық сынып сағатына қатысады. Жаңа оқу жылында А.Байтұрысыновтың әдістемесіне негізделген «Әліппе» қайта оралмақ. Мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керек. Оқушылар кластан-класқа көшпей бір кабинетте отырып оқиды. Бұл талаптар балабақшаларда да сақталмақ.

Аудан мектептері биылғы оқу жылында 4787 оқушыны қабылдайды. Бірінші сыныпқа 499 оқушы электронды өтініш тапсырған. Білім күнінде бірінші сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» табыс етілмек. Айта кетейік, 2015 жылы «Әліппе» оқулығы «Сауат ашумен» ауыстырылған болатын. Жаңа оқу жылындағы білім саласының сүйінші жаңалығы бұнымен бітпейді. Биыл 100 оқушыға арналған Бұлақтыкөл орта мектебі мен Қарабұлақ орта мектебінің спорт залы ашылады. Сонымен қатар 15 миллион теңгеге барлық мектептердің спорт инвентары жаңартылмақ. Сондай-ақ бірқатар мектептер модернизациялаудан өтеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Р.Хайырмүхамбетов өз сөзінде аталған мектептердің физика, химия, биология кабинеттерін жаңалауға 26 миллион теңге қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ 5 мектептің асханасын, кабинеттеріндегі парта мен орындықтарын, стелаждарды, мектеп гардеробын жаңарту, заманауи безендірулер мен ІТ бұрыштарын жасау, ер балалардың еңбек кабинетін жасақтау, кітапхана жиһаздарын ауыстыру жоспарлануда. Аталған мектептердің компьютерлік кеңсе техникасы ауыстырылмақ. Бөлім басшысы бұл жұмыстардың 50 пайызы қыркүйекке дейін, қалған жартысы жыл ішінде жасалатынын жеткізді. Бұл жолы мектеп кітапханаларына көбірек көңіл бөлініп отыр. Кітапхана жанға жайлы жиһаздармен әрленіп қана қоймай, электронды кітаптар мен көркем әдебиеттер, ІТ алаңдарымен толықтырылмақ. Биыл құны 46 миллион теңге болатын 23 500 мектеп оқулығы мен көркем әдебиет алынған. Жарқамыс, №2, №3 мектептерде робототехника кабинеті ашылады. Сондай-ақ 800 оқу партасы жаңаланып, 15 класқа 75 тақта алынып берілмек.

 Арайлым ҚАСЫМ,

Байғанин ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button