Жаңалықтар

Тамыз: тынымсыз тірлік айы

Әдетте тамызда көп іс тындырылады. Себебі, алда келе жатқан күз хабары бұрыннан қолға алынған шаруаларды тиянақтауға, алдағы қысқа қапысыз дайындық жасауға мәжбүрлейді. Сондықтан да облыс басшысы Оңдасын Оразалин бірнеше Ырғыз, Байғанин, Темір, Алға және Қарғалы аудандарында болып, көптеген түйінді мәселелерді шешу жолдарын негіздеді.

Бұл ай қалай дегенде де елге біраз мазасыздық тудырды. Ол, негізінен, әлемді жайлаған індетке байланысты. Екпе жұмыстары жүйелі жүргізіле бастағанына қарамастан ауыртпалықтар айқын білінді. Тамыздың соңғы аптасында ғана аздап жеңілдік лебі ескендей болды. Дегенмен әлі де болса, сақтық шараларын күшейтпей болмайтындығы және білініп тұр…  

Жарты жылдың жемісі

Облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин депутаттар алдында өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы туралы есеп берді.

Облыс басшысы халықтың денсаулығын қорғау, тұрғындардың тұрмыс деңгейі мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ экономиканы дамыту, білім, спорт, басқа да әлеуметтік салалар кеңінен қамтылды.

Жарты жылда өнеркәсіп өндірісі 997,2 миллиард теңгеге жетсе, өңдеу секторындағы меже 345,1 миллиард теңгені құраған. Жыл соңына дейін 800 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Облыста 125,7 миллиард теңгеге 31 жобаны іске асыру міндеті тұр.

Биыл 14 ауылға газ жеткізіледі. Жарты жылдың ішінде 367 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Олимпиадаға қатысушыларға құрмет

Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан ақтөбелік спортшылар  және олардың жаттықтырушыларын облыс әкімі қабылдап, құрмет көрсетті.

Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаев «Құрмет» орденімен марапатталды, пәтер кілтін иеленді. Олимпиада ойындарына қатысқан палуан Мейрамбек Айнағұловқа, суда жүзуші Диана Назароваға, сонымен қатар спортшылардың жаттықтырушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.

Палуан Юсуп Батырмырзаев, каратэші Нұрқанат Әжіқанов, жүзуші Виталий Худяков және басқаларына да сондай құрмет жасалды.

Кәсіпкерлікке — мемлекеттік қолдау

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар жұмысы көңілден шыға ма?

«Самұрық» мәдени-туристік орталығының құрылысы мен жабдықталуына 2,9 миллиард теңге жеке инвестиция бөлінген. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 550 миллион​ теңге жеңілдетілген несие берілді. Аталған орталықта ұлттық тағамдар мейрамханасы, банкет залы және «Angel in Us» франшизасы бойынша мейрамхана бар. Мұнда 35 жұмыс орны ашылды.

«Ideal Plast Construction» ЖШС металл-пластикалық құрылымдарын шығаратын цех 70 адамды жұмыспен қамтыды. Цехта өнімдер роботтандырылған-автоматтандырылған жабдықта шығарылады. Жұмысшы-қызметкерлер 200 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жалақы алады. Өндірісті кеңейту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 80 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген банктік несие берілді. Бұдан басқа «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 15,7 миллион теңгеге электр энергиясы желісі қосылды.

«Atameken Aктове» микроқаржы ұйымының көмегі

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификатқа ие болған азаматтар енді жаңадан құрылған «Atameken Aктове» микроқаржы ұйымының қаржысын пайдалана алады.

2017-2020 жылдары «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 9 345 адам оқу курсынан өтті, оның ішінде 2 831 түлек 4,4 миллиард теңге мөлшерінде бизнес-жобаларын іске асыруға қаржыландыруға ие болды.

Биыл 1200 адамды оқыту жоспарланды.«Бастау-Бизнес» жобасымен білім алғандардың жобаларын қаржыландыруға Ақтөбе облысы бойынша 1,3 миллиард теңге бөлінген.

Несие бизнес-жоспарын қорғаған түлектерге ғана беріледі. Мал шаруашылығындағы жобалар үшін қаржы 7 жылға есептеледі.

Ауылдық жерде тұратын азаматтар кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы өтінім бере алады.

 «E-Salyq Business» — тиімді жоба

«E-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасы салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету мақсатында әзірленген, ең бастысы, ол ақысыз ұсынылады. Аталған қосымша барлық бизнес иелері үшін тиімді әрі қолжетімді. Осы қосымшаны пайдалану арқылы онлайн режимде тіркеуден өтуге, хабарлама алуға, төлемдерді басқаруға, т.б. қызметтерді көруге болады.

Пилоттық жоба биылғы қазан-желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы аумағында іске асырылады.

Кәсіпкерлер үшін таптырмайтын жаңашылдық болып табылатын жобаға патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар ретінде тіркелген жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары қатыса алады.

Жұмыспен қамту жемісі

Елімізде жұмыспен қамту орталықтарының ашылғанына он жыл болды. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы жыл сайын орта есеппен 17 мыңға жуық жұмыссыздардың екі қолға бір күрек табуына ықпал етеді.

Олардың арасында қиын жағдайдан шығып, белгілі кәсіпкерлер санатына енгендер де бар. Қайтарымсыз гранттар арқылы мемлекеттік көмек алып жатқандар да жеткілікті. Облыс орталығында бос орындар жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жұмыссыздардың еңбекпен қамтылуы,оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

«Жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында жастар тәжірибесі, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, қайта даярлау курстары, шағын несие беру және тұрақты жұмысқа бағыттау бағдарламалары іске қосылды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне бағыттау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жұмыс орнын құру, оқу орнының түлектеріне «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді.

Алтын семсердің сәулесі

Облыста «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ қорымынан табылған жәдігерлер арасында алтынмен қапталған семсер осындай зерттеулердің үлкен олжасы болып табылады.

Жағабұлақ қорымы — біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV ғасырларға тән ірі кешен болып табылады. Бұл жерден алтын семсерден басқа, қола айналар, басқа да бағалы бұйымдар алынды.

Қарғалы ауданынан табылған қола дәуірінің қоныс-мекендері де зерттеушілер бақылауында.

«Baqytty bala» байқауы

 Биыл үшінші рет өткізілген «Baqytty bala» ІІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті. Оған 20 жас өнерпаз қатысты. Олардың жетеуі — шетелдіктер.

Өнер додасының бас жүлдесін тараздық Айлун Заушева алды. Оған 1 миллион теңгенің сертификаты берілді.

Биылғы фестиваль-байқауды тамашалауға 2018, 2019 жылдары жеңімпаз атанған өнерпаздар да арнайы келді.

 Денешынықтыру — денсаулық кепілі

Облыста бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдерге арналған 32 спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда он тоғыз мыңнан астам бала жаттығып, денсаулықтарын нығайтуда. Мұның сыртында отыз алты мың бала аула клубтарына барады. Осы бағыттағы жұмыстарды нығайту үшін спорт мектептеріндегі жаттықтырушы-оқытушылардың саны 105 адамға көбейтілді.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін өткен жылы 115 миллион теңге бөлінді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбе қаласында триатлон паркі пайдалануға берілді. Шалғайдағы ауылдарда спорт кешендерін салу үшін қаржы көздері қарастырылуда.

Облыс тұрғындарының 32 пайыздан астамы денешынықтырумен және спортпен шұғылданатыны белгілі болып отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жақсара түспекші.

Балғындар жаңа «Әліппені» қолға алады

Биыл 417 мектепте 167 мыңнан астам оқушы партаға отырмақшы. Бірінші сыныпқа баратындар саны он сегіз мыңнан асады.

405 мемлекеттік мектептің 377-сінде толықтай ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бірінші сынып оқушылары үшін оқулықтар мен дәптерлер толық сатып алынып, білім беру мекемелеріне кестеге сәйкес жеткізілді.

Балғындар биыл Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қолдарына алады.

Бірінші тоқсанда балалар дәстүрлі форматта оқиды деп күтілуде, бірақ өңірдегі эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады.

* * *

…Тамызда егінге орақ түсті. Бау-бақшалардағы өнімдерді жинау жұмысы қарқын алды.

Жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен мектептер жаңа оқу жылына әзірленіп, балаларға есігін айқара ашуға әзір.

Ай соңында жылдағыдай Ата Заңымыз — Конституция күні аталып өтеді.

Тамызды тиянақтай отырып, қыркүйек айынан жақсы, жағымды жаңалықтар күтеміз… 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button