Жаңалықтар

Ащы Ойылдың перзенті

Азамат — ауыл ажары

Қай ауылға барсаңыз да алдыңыздан еңсесі көтеріңкі, сол елдің күллі тірлігіне көңілі құлап тұратын атпалдай азаматтары шыққан кезде мәртебең бір көтеріліп қалады. Көпке тұлға, жаны жайсаң сондай жарқын пейілді жігіт ағасыз біз Тасқопа ауылынан кездестірдік.

Ол Ащы Ойылдың азаматы атанған Нұрлан Батырханұлы екен! Осы өңірде еңбекпен есейген, кешегі кеңестік заманда шаруашылықтың белді мамандарының бірі болған Нұрекең қолы босаған сәтте қалам мен қағазды серік етеді екен.

Шилі, Нулы көк тіреген құрағы,

Ащы Ойылым — ата-баба тұрағы.

Алыс кетсем, жүрек құрғыр дүрсілдеп,

Саған қарай тартады да тұрады,— деп жазуы оның туған мекенге деген ыстық ықыласынан, іңкәр көңілінен туса керек.

Бастауын Келбатыр, Шотан, Бесбұлақ, Торғайөлген, Белқұдық өзендерінен алатын Ащыойылдың бойында Кенелдік, Күкіртті, Қырықошақ, Қараша атты көлдері бар екен. Суында күні кешеге дейін шортан, алабұға, ақбалық, табан, сазан болған. Әңгіме арасында бір байқағанымыз, Нұрлан аға Ащы Ойылдың суын ащы көріп отырған жоқ, қайта мөлдіретіп мақтай түседі.

«Менің кіндігім әуелден осы ауылға берік байланған. Сондықтан да алыс ұзап шығып көргенім жоқ, ондай ниетім де болған емес»,— дейді ол. Анығында да солай.

Ол әкесінен бес жасында қалады. №24 ауылда егіс бригадасының бригадирі болып жүрген қырық төрт жасар Батырхан өмірден өткенде әлі есін жиып үлгермеген үш қыз, бір ұлдың ортасында жан-жағына алақтап қала берген анасы Нұрбалқан көп ұзамай белін буып, колхоз тірлігіне кіріседі. Кішкентай Нұрлан әкесінің інісі Әндір Нышановтың бауырластық қамқорлығын өмір бойы ұмытпайды. Жетімдік көрсетпеді, жақсы білім алуына, жетілуіне жағдай жасады.

Жаңадан құрылған «Теректі» кеңшарының қалыптасу кезеңінде, яғни 1974 жылы жоғары басшылық ауыл жастары арасынан Нұрлан Қалмағанбетовті шаруашылық комсомол ұйымының хатшысы қызметіне лайық көрді, сенім артты. Кеңшар директоры Сүлеймен Әбішев те талап қоя отырып, тәрбиеледі, жанына жақын ұстады. Бұған дейін шаруашылықта шопан болып еңбек етіп, одан кейін көлік тізгінін ұстаған жастар жетекшісі жаңа істе қамшы салдырған жоқ. Ауылдағы бірінен кейін бірі ілесіп келіп жататын науқандық жұмыстарда жалауын желбіретіп комсомолдар жүретін болды.

Ал Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу міндеті қойылған кезде Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының бастамасын қолдау қажеттігі туындады. Жас кезінде өзі де шопан таяғын ұстап үлгерген комсомол Нұрлан енді ізіндегі іні-қарындастарын осы іске бейімдеді. Сөйтіп жүріп олардың болашақ тағдыры үшін жауапты екенін де айқын сезінеді. Екі жыл қой баққан жастардың кейіннен далада қалғаны жоқ. Бірсыпырасы жоғары оқу орындарына түсіп, қалаған мамандықтарын игерді. Кейбіреуі отбасын құрып, өмірден өз орындарын тапты.

«Теректі» кеңшарының жастары сол бір жылдарда ерекше белсенділік танытып жүрді. Ауылда көркемөнерпаздар жұмысы өрістеді, спортпен шұғылданушылар қатары артты. Әртүрлі танымдық, тағылымдық қызықты кештер апта сайын дерлік өткізілетін. Соның бәрінің басында тыным таппайтын комсорг Нұрлан жүргені көпшіліктің жадында берік сақталып қалыпты.

Одан бергі уақытта Нұрекең он сегіз жыл бойы «Теректі» кеңшарының кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Социалистік жарысты өрістету, жұмысшыларды ынталандыру, басқа да біраз мәселелер жаңашыл жетекші тарапынан жүзеге асып жатты. Тіпті шаруашылықтағы салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерді бөлу кезінде де кәсіподақ комитеті өз тізгінінен айырылған жоқ. Мұның барлығы еңбекшілер арасында кәсіподақ беделін арттыра түскені айқын еді.

Ұйытқы болған игі іске

Нарық заманы талап қылып, тіршілік жасаймын, шаруамды түзеймін деген адамға кең жол ашты. Бірақ ол түсіп алып, алға тарта беретін түп-түзу сүрлеу емес-ті. Нағыз қолы қимылдағанның аузы қимылдайтын кезең енді келгендей еді.

Мұны Нұрекең қапысыз ұғынды. Ойланды, толғанды. Соңынан еремін деген бірсыпыра ауылдастарының басын құрап, «АщыОйыл» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бұл бұрынғы «Теректі» кеңшары аумағындағы жаңа бастамалардың бірі болатын. Сондықтан оған сын көзбен қараушылар да аз болған жоқ.

Осы ауылда өніп-өсіп, туған жердің қадірін жүрегімен ұғынып өскен жігіт ағасы жерлестеріне жол көрсетуді өзінің азаматтық парызы санайды. 1998 жылы жеке кәсіпкерлікке осылай келеді.

Әрине, ауылда тұрғасын басты кәсіп — мал шаруашылығын дамыту екені белгілі. Басты шаруа осы бағытта өрбіді. Дегенмен онымен шектеліп қалуға және болмайды. Тәуекелмен егіс салуға бел буды. Ауа райына, оның ішінде жаңбырдың болуына қарай өнімі өзгере беретін егіншіліктің де елге берер ырысы аз болмады. Сол тұста Қытайдан диірмен сатып алып, ұн тарттырды. Ауылдың айналасы, көршілес Байғанин ауданының біраз тұрғындары сапалы ұнның әр қапшығын 1000 теңгеден алып, бір жарылқанып қалды. Басқа тағамын айтпағанда, еті мен ұны жақыннан табылған ауылдың ажары кете қойған жоқ сол ауқымда. Оның үстіне үлкені-кішісі бар біраз азамат қожалық шаруасын көтеруге үлес қосып, тұрақты айлықтарын алып тұрды.

«Ащы Ойыл» шаруа қожалығы өз тапқандарын өз бауырларына баса берген жоқ. Ауылдағы мектепті, мәдениет, басқа да салаларды қамқорлыққа алып тұруды ұмытпады. Елдегі аз қамтылған отбасыларының еншісіне деп бөлек сыбаға әзірледі.

Қалай болғанда да бір қиындау кезең еді ғой сол екі ғасыр тоғысындағы жылдар. Бірақ ел азаматына сенді. Нұрлан Батырханұлы да тыным таппай еңбек етті. Ерді жасы — елуге беттеген тұсы еді. Ел сенімі, халық қолдауы шығар, бойға ерекше жігер біткендей сезініп, тек қана алға ұмтылды. Ауылдастары оның іс-қимылына ырзашылықтарын білдіріп, қатарынан төрт рет Темір аудандық мәслихатына депутат етіп сайлады. Жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Елдегілер ендігі мәселелерді өздерінің сенген өкіліне айтатын болды. Ал шешімін күтіп тұрған проблемалар аз емес-ті.

Нұрекең кеңестік замандағы тәжірибесі бар, жаңа уақыт талабына сай түсінігі де тәуір болғандықтан ауыл жақтың бірсыпыра қажеттіліктерін ауданның құзыретті органдары алдына ұсына отырып, соңынан қалмай жүріп, бірсыпырасын реттеп те алды. Осындай белсенді іс-қимылы нәтижесі болар, 2000 жылы ауданның жыл адамы атағына ие болды.

Достықтың жөні бір басқа…

Жаңа көрген адамының өзіне ақ жүрегімен жайылып түсетін Нұрекең негізінде жан-жағына жақсылық жасауға жаратылған жан сияқты көрінеді. Шынында да, солай. Тіршілікте оның азаматтық қолдауын, жолдастық жанашырлығын көргендер аз емес. Солай десек те, ол достықта талғампаз. Өзінің досқа арнаған бір өлеңінде:

Адал болсаң алдамас үміт-перде,

Достарыңды сақ болғай іріктерде.

Тізгін берсең далаға тастай қоймас,

Кеудесінде оты бар жігіттер де…—

деп тебіренеді.

Оның сондай сенімді достарының бірі — Нұрмұхан Өтепов. Нұрекең көп жылдар ауданның басшы органдарында қызмет істеді, биік лауазымдарға шықты. Бірақ екеуінің арасындағы сонау жетпісінші жылдардан басталған достық жібі бір сәт те үзілген емес. Ылғи да бірін-бірі іздеп, тілектес көңілдерін танытып отырады. Ара-арасында жарасымды әзіл-қалжыңдары да тоқтамайды. Аудан орталығына жол түсе қалса, алдымен Нұрмұхан досын тауып алады. Бұлардың арадан қыл өтпейтін достығына сырт көз қызыға қарайды, бәлкім, қызғанатындар да бар шығар.

Тағы бір досы Әнуар Қойбағаров ауылда тұрады. Ұзақ жылдар осындағы орта мектепте шәкірттерге математика пәнінен сабақ берді. Бүгінде елді мекендегі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бұрын жас буынды тәрбиелеп келсе, енді қарияларға қамқорлық көрсетеді. Ең бастысы, осы ауылдың гүлденіп, көркеюіне мүдделі адам. Ауылдың нағыз патриоты. Кешегі күні қалаға көшемін деген талай замандастарына қарсылық білдіріп, «жұмақтан адам қаша ма?» деп назын да айтқан, жастарды да «елде еңбек етуге қалыңдар» деп тежеуге тырысқан — осы кісі.

Нұрлан досы екеуі қазір де үлкендіктің әңгімелерін бірлесе айтып, жастарға жол көрсетеді. Кейде жайланып шай ішіп отырып, жастық шақтың естеліктерін шертетіні де бар.

Біздің кейіпкеріміз тағы бір досы туралы ерекше сағынышпен айтты. Ауылда тракторшы болып еңбек еткен Оңдасын Серғазин өткен жылы өмірден өтіпті. Онымен Кеңес әскері қатарында бірге болған екен. Жауынгерлік жылдар бұларды бірге туған бауырлар секілді мәңгілік жақын еткен.

Осы төрт азаматтың аяулы жарлары — Ғалия, Жамал, Қайшагүл және Сәуле қай үйде кездессе де, дастарқандарын кең етіп жайып, достардың бабын тауып отырады екен.

Айтпақшы, Нұрлан Батырханұлының үйіндегі апайымыз туралы ерекше айтып өтуге болады.

Әулетке үш перзент сыйлаған ардақты ана, асыл жар Сәуле Мұқтарқызы 1972 жылы Гурьев педагогика институтының тарих-филология факультетін бітіріп, жолдамамен осы ауылдағы Теректі орта мектебіне келеді. Теңіз бойында өскен балықшының қызына көзі түскен жас жігіт Нұрекең Атыраудың аруынан енді айырылмайды.

Қырық жылдан астам уақыт бір мектепте ұстаздық еткен тәлім иесі алдынан жүздеген шәкірттер өтеді, олардың ішінде жиырмадан астамы тарихшы мамандығын таңдайды. Сәуле апайдың өзі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, содан кейін директор болып біраз жыл қызмет атқарады. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанады. 2004 жылы еліміз бойынша «Үздік ауыл мұғалімі» номинациясында жеңімпаз болады.

Білім беру саласында маңдай терін төгіп еңбек еткен, ұлағатты ұстаз атанған ол бәрібір басты міндетін азаматының жағдайын жасау, шаңырақта шуақ орнату, үлгілі балалар тәрбиелеу деп ұғынады екен. Сол мақсатына жеткендей де. Олардың үлкені Жолдас — ел басқару ісіне ертерек араласқан азамат. Кешегі күнге дейін өзі туып-өскен Темір ауданының әкімі қызметін атқарды, қазір облыстың білім саласының жетекшісі. Ортаншы бала Әділет те жастайынан атқа мінген. Тасқопа ауылының, Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі болған, аудандық спорт, мәдениет салаларына басшылық еткен. Шаңырақтың діңгегіне ие болып отырған кенже бала Кеңшілік Теректі мектебінің мұғалімі.

Нұрлан ағаның үш перзенті де мұғалімдік мамандықты таңдаған. Әулеттің келіндері Балдырған, Райхан және Нұргүл — ата-енелеріне немерелер сүйдіріп отырған, бір-бірімен сыйласқан инабатты жандар.

Нұрлан аға үшін әр немересінің орны бөлек екені байқалады, дегенмен қолдағы Демеу мен Нұрсәттің «мәртебелері» жоғарылау секілді. Олар ата-әжесіне арқа сүйеп, үйде барлық айтқандарын орындатумен бірге, кейде билікке араласатыны да білінеді.

Осы тарауды, негізінен, достық тақырыбында өрбіткен едік. Сөзімізді де сол желімен тәмамдайық.

Нұрлан аға мен Сәуле апайдың достарында осы үйдің балалары өз әке-шешелеріндей сезінеді екен. Тіпті немерелер де оларды ата-әжелеп, жандарынан шықпайды.

Осындай жарастығы мол, жайдары жүзді жандардың басы қосылған әулеттің көшбасында Нұрлан Қалмағанбетов сынды еңбекпен есейген, көпке қамқорлығын аямаған абзал азамат келе жатқаны қуантады. Күні кеше ғана өзінің жетпіс жасқа толғанын атап өткен ардақты аға Тасқопа ауылының шырақшысындай көрінді бізге.

Ауылдың қарапайым еңбеккері Нұрлан Қалмағанбетовтің еңбегі «Тың игерудің 50 жылдығы» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен атап өтілді. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдық мерекелік төсбелгісінің иегері атанды.

 

* * *

Әкесі Батырханның ерекше бір қасиеті — әншілігі екен. Алыс жолдан келе жатқанда дауысы алты қырдың астынан естілетін болса керек.

Баласы Нұрланға ақындық өнер қоныпты. Осыдан он шақты жыл бұрын «Жырларым менің — жылдарым» атты жыр жинағы жарық көрді. Негізгі тақырыбы — өскен өңір, туған жер, ата-ана, аяулы жар, досқа сыр… осылай жалғаса береді.

«Айналамдағы адамдардың жақсы көңіл күйін, ақ ниетін көргенімде жаным жадырап, әлдебір әдемі әуендер көкірек сарайымды толтырады. Соны ірікпей қағазға түсіремін», — дейді Нұрекең.

Атамекен — Ащыойылын асылындай ардақтайтын Нұрекең сынды азаматтар әр ауылда болса, қәнеки…

    Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button