Жаңалықтар

Садақ атып сайысты

Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына шалқарлық жастар спорттық сайыстар арқылы үлестерін қосуда. Осы мақсатта аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен садақ ату және үстел теннисінен жарыс өтті. Бұл шараға қатысушы командалар алдымен белгіленген мөлшердегі жарналарын төлеп, жиналған сол қаржыны қайырымдылыққа жұмсауға бағыттаған.

Шалқар қаласындағы «Алау» стадионы мен орталық саябақта өткізілген қос шараға ауыл жастары, теміржолшылар, мұғалімдерден құралған аудан бойынша жалпы 12 команда қатысты. Сайыскерлер әсіресе садақ ату сайысына ынтызарлықпен қатысып, алғаш өткізілген ұлттық додадан үлкен әсер алды.

— Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасының үкіметтік емес ұйымдар арасында өткізген әлеуметтік жобалар байқауында «Мерген» садақ ату клубы жобасы жүзеге асырылып, қаладағы «Отан» спорт кешенінен 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған садақ ату клубы өз жұмысын бастаған болатын. Осы байқауда 1 миллион 900 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, клубтың материалдық-техникалық базасын жабдықтап, жастарды мергендікке баулитын сайыстар өткізуді жолға қойдық. Қазірдің өзінде мұнда тұрақты келіп жаттығатын жетпіске жуық жас бар. Жақында ғана облыс орталығында жамбы атудан өткізілген іріктеу турында аудан жастары жүлделі орындарға ілікті.

Садақ ату баланы батырлыққа, ұқыптылыққа, жан тазалығына тәрбиелейді. Сондықтан спорттың бұл түрінің қоғамда алар орны айрықша болуға тиіс, — дейді жергілікті жастарды мергендікке баулып жүрген Сәндігүл Әленова.

Осы шараға қатысуға ниет білдіріп, бірақ қазіргі жағдайға байланысты келе алмаған Айшуақ, Бершүгір, Тоғыз, Шетырғыз, Мөңке би, Жаңақоныс ауылдық округтерінің командалары да алдын ала төлеген жарналарын қайырымдылыққа жұмсауға бірдей келісімдерін берген.

Қорытындысында І орынға №6 орта мектеп, ІІ орынға №8 орта мектеп, ІІІ орынға №2 мектеп-гимназия командалары лайықты деп танылып, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ләйлім Есмағанбетованың сөзінше, осы шаралардан жиналған қаржы алда аз қамтылған отбасы балаларына оқу құралдарын алу үшін жұмсалады.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button