Жаңалықтар

230 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында суармалы жерлердің ұтымды пайдаланылуы мен пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтып алу мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Қазіргі таңда облыста 10,6 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек. Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері суарылатын жерлердің тиімді пайдаланылуына тікелей жауапты екендерін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың сөзінше, бүгінде Қарғалы және Хромтау аудандарындағы 892 гектар суармалы жердің бос тұру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
— Егер миллиондар жұмсалып, нәтижесі болмаса — бұл кем дегенде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы. Егер жағдайды түземесеңіздер, ең болмағанда тәртіптік жауапкершілікке тартыласыздар, — деді облыс басшысы аталған аудан әкімдеріне.
Nur Otan париясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл облыста 500 мың гектар пайдаланылмаған және тиімсіз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 234,7 мың гектары (46,9%) қайтарылды.
Жиын барысында жаңа гидротехникалық ғимараттарды түгендеу және іске қосу мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда облыс аумағында 172 гидротехникалық ғимарат бар.  Былтыр жүргізілген зерттеулерге сәйкес қырық бөгет жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы екі бөгет жөнделді, биыл тағы екеуіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ 8 гидротехникалық ғимаратты күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Облыс әкімі пайдалануға беріліп жатқан және бұдан бұрын берілген суармалы жерлерді толық игеру үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Сонымен қатар жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуын бақылауды күшейтуді, Ақтөбе қаласы мен барлық ауданда суару үшін және балық шаруашылығын дамыту үшін жаңа бөгеттердің құрылыс жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
— Ауыл шаруашылығы — ауа райына тәуелді секторлардың бірі. Осы жазда біз бұған тағы бір көз жеткіздік. Суармалы жерлерді, жаңа бөгеттерді іске қосу – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Бұл сұраққа барынша жауапкершілікпен қарауды сұраймын, — деді О.Оразалин.
Жиында сондай-ақ 920-дан астам ақтөбелік шекара әскерінің, ҚР қарулы күштер қатарын толықтырған көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы қаралды. Облыс әкімі әскер қатарына жинайтын және шақыратын орындардың материалдық-техникалық жарақтануын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button