Жаңалықтар

 «Бастаулықтарға» төмен пайызбен несие беріледі

«Атамекен Ақтөбе» микроқаржы ұйымы «Бастау-Бизнес» түлектерінің мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы  аясында жеңілдікпен несие алу жөніндегі өтініштерін қабылдайды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Бастау-Бизнес» түлектеріне, яғни әлеуетті кәсіпкерлерге арналған шара өткізіліп, микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландыру шарттары түсіндірілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобаларды несиелендіруге қатысты сұрақтарына жауап беріп, стартапқа жақсы көмек болатын жеңілдетілген несиелендірудің артықшылықтары туралы айтты. Сонымен бірге  Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығының кеңесшілері жобаларды әзірлеуге қатысты барлық мәселелерге көмек көрсетілетіні айтылды.

Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев  «бастаулықтарға» аталған бөлім тарапынан көрсетілетін көмек туралы, ал «Атамекен Ақтөбе» микроқаржы ұйымы директоры Нұрлан Серікжан қаржыландыру шарттары туралы мағлұмат берді.

Несие кәсіпкерліктің барлық бағыты бойынша өз бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған «Бастау-Бизнес» жобасы түлектеріне беріледі. Алайда микроқаржы ұйымы жеке тұрғын үй құрылысы мен жылжымайтын мүлік үшін жер учаскелерін алу, несиелік қарызды қайта қаржыландыру, бұрыннан бар несиелерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттағы жобаларды қаржыландырмайды.

Несие 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Айналым қаражатын толтыру мақсатындағы несие 36 айға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін несие 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Шағын несие алуға өтініш беру үшін үміткер белгіленген үлгідегі өтініші мен сауалнамасын ұсынуы қажет. Сонымен қатар заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несиелік тарих, банктер мен салық органдарынан берешегі жоқ екендігі туралы анықтамалар, кепілдікке кепілдік беретін құжаттар тапсырылуға тиіс.

Өз бизнес-жобаларын сәтті қорғаған «Бастау-Бизнес» жобасы түлектері микроқаржы ұйымдары арқылы жылдық 6 пайызбен несие рәсімдей алады.

Биыл ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар үшін несиенің максималды сомасы — 7,2 миллион теңге (2,5 мың АЕК), қалалар мен моноқалалар үшін 18,9 миллион теңгеге дейін (6,5 мың АЕК).

Республика бойынша «бастаулықтардың» жобасын қаржыландыруға барлығы 22,5 млрд теңге, Ақтөбе облысы бойынша 1,3 млрд теңге бөлінді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button