Жаңалықтар

Мөлдірдің жаңа кәсібі

Мөлдір Дүйсенова — Қобдада алғаш болып гүл салонын ашқан жас кәсіпкерлердің бірі. Алғашында бұл ісін үйде бастаған кәсіпкер келіншек биыл мемлекеттік грантқа ие болып, кәсібін кеңейтті.

«Қобда фловерстің» ашылуы қобдалықтар үшін үлкен жаңалық болғаны рас. Өйткені бұған дейін аудан орталығында гүл салоны болмаған еді. Көпшілікке қуаныш сыйлап, түрлі мерекелік шаралардың сәнін арттыратын шоқ гүлдерді Мөлдір тікелей Голландиядан алдырады. Бүгінде салонда гүлдің бірнеше түрі бар.

Мөлдір өте еңбекқор, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қай істі қолға алса да, жаңаша леп беретін келіншек жаңа технологиялардың да қыр-сырын жетік меңгерген.

Әрекет еткен жанға қашанда берекет келері белгілі. Балаларының тәрбиесімен қоса, енді бастаған кәсіпті қатар алып жүру оңай емес.

Ауданда алғаш болып гүл салонын ашқан келіншек биыл кәсіптің тағы бір қырын меңгеріпті. Маусым айынан бастап Мөлдірдің салонында бұйымдарға сурет салу жабдығы жұмыс жасап тұр. Аталған құрылғыны ол мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыға сатып алыпты.

— Қазір кез келген бұйымға туған күн иесінің немесе үйленіп жатқан жас жұбайлардың суретін салу, әдемі тілек жазу трендке айналды. Гүл салонына келіп арнайы сұрайтындар да бар. Ойлана келе, сондай бұйымды сатып алуды жөн көрдім. «Бастау- Бизнеске» қатысып, жобамды сәтті қорғадым. 583 400 теңге қайтарымсыз грант берілді. Қажетті жабдығымды сатып алып, бүгінде шаруамды жүргізіп отырмын. Жалпы, «Бастау-Бизнес» — ауылдағы талай жанның өз істерін бастауына ұйытқы болып, қаржылық сауаттарын арттыруға септігін тигізген бірегей жоба, — дейді Мөлдір.  

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button