Жаңалықтар

Агроном, мал дәрігері, механизаторлар керек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық білім басқармасына колледждерді профильдеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Тапсырма Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжі мен Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғарғы колледжінде болған кезінде берілді.

— Жұмысшы мамандарды даярлау — қазіргі таңда өзекті мәселе. Білікті жұмысшыларға деген сұраныс ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп өндірісінде де жоғары. Қай жерге барсаң да агроном, мал дәрігері, механизаторлар керек. Колледждердегі кәсіби даярлық деңгейін көтеру қажет. Соның ішінде оқу орындарын профильдеген жөн. Ауыл шаруашылығы колледжінде денешынықтыру пәні мұғалімін не үшін дайындайды? Колледж мамандығы өз аясында болуы керек. Бұл барлық оқу орындарына қатысты. Облыстағы барлық колледжді сараптап, мамандандырыңыздар, — деді облыс басшысы.

Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің негізі 1977 жылы қаланған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылы іске қосылған «Жас маман» жобасы аясында колледж 37 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Колледж директорының міндетін атқарушы Айгүл Балмағамбетованың айтуынша, бұл дуальды оқыту жүйесінің элементтерін енгізуде үлкен демеу болған. «Жас​ маман» бағдарламасы аясында өңірдегі барлығы бес колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғарғы колледжі бір жыл бұрын ашылған. Студенттердің арасында Ресей, Әзірбайжан, Конго, Нигерия және өзге де елдерден келген жиырмаға жуық шетелдік бар. Академиялық мобильділік аясында студенттерін Франция, Италия, Украина, Беларусь, Польша елдерінің оқу орындарымен бір семестрге алмастырады.

— Қазақстандағы білім анағұрлым жақсырақ, тек біз оны қалай танымал етуді білмейміз. Мен Ресей мен Польшада оқып, ол жақта осында беретін білімнің берілмейтініне көзім жетті. Іргелі білімімді Ақтөбеде алдым, — деді Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғарғы колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратов.

Педагогикалық ұжыммен әңгімеден кейін облыс әкімі білім сапасын көтеру, соның ішінде дуальды оқыту жүйесін кеңінен қолдану бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button