Жаңалықтар

Жұлдызқұрттың таралуына қарсы шаралар қолға алынды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин шалғын көбелегінің жұлдызқұрты тағы да пайда болған жағдайда химиялық өңдеуге кірісуге дайын техниканы қарап шықты.

Барлығы 70-тен астам техника дайындалып, енді пайда болатын зиянкестерге тиімді әрі ұзақ әсер ететін пестицидтер таңдалды.

— Саябақтарды, гүл бақтарын, тұрғын үй алаптарын, орман және шаруа қожалықтарын өңдеңіздер. Қаланы, ауылды аймаққа бөліп, әрбір учаскені өңдейтін жауаптыны анықтаңыздар, — деп тапсырды облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағамбетовтің айтуынша, шалғынды көбелектің жаппай өршуі 8-10 жыл аралығында болады. Елдің батыс өңірлерінде жазғы кездері қолайлы ауа райы жағдайында зиянкестер үш ұрпаққа дейін көбейе береді. 7 тамыздан бері шалғын көбелегінің үшінші ұрпағы жаппай белең алуда. Жұлдызқұрттың пайда болу кезеңі тамыз айының соңы – қыркүйек айының басы болуы мүмкін деп болжануда.

Сонымен бірге жұлдызқұрттардың таралуы азаяды деп болжанып отыр, зертханалық зерттеулерге сәйкес, күндізгі және түнгі уақытта температура күрт төмендегенде жұмыртқалардың 50 пайызы өмірге қабілетсіз болып шықты.

Исатай Еспағамбетов жұмысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен байланысты шаруашылық жүргізіп отырған субъектілер зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуді өз қаржыларына жүргізуге міндетті екенін айтты. Сонымен бірге зиянкестерге қарсы инсектицидтерді қолданған шаруашылықтарға дәрі-дәрмектің 50%-ға дейін төмендетілген құнындай субсидия беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button