Жаңалықтар

Олимпиада жүлдегері сыйақысын қайырымдылыққа жұмсайды

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, еркін күрес шебері, жерлесіміз Нұрислам Санаев мемлекет тарапынан берілген сыйақыны қайырымдылыққа жұмсайтын болды.

Нұрислам мемлекет тарапынан берілген сыйақыны мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсайды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

«Мен ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кезде бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда, Олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу арманым болатын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын!» — деп жазды спортшы.

Сондай-ақ Олимпиаданың қола жүлдегерлері, боксшылар — Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов та Нұрисламның осы бастамасына қолдау көрсетіп отыр. Олар да мемлекет тарапынан берілген сыйақыны қайырымдылыққа жұмсайтындарын жария етті.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасы жүлдегерлерінің әрқайсысына мемлекет тарапынан 31 миллион теңге көлемінде сыйақы берілген болатын.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button