Жаңалықтар

Меншік иелері бірлестігіне өттіңіз бе?

2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қаладағы барлық пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдер өз қызметтерін тоқтатады. Олардың міндетін енді меншік иелері бірлестігі атқарады. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 54 көп қабатты үй меншік иелері бірлестігіне, 487 үй жай серіктестікке өткен.

Тұрғындарға түсінікті болу үшін айта кетейік, бұрын көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың төрт формасы болды. Олар — пәтер иелері кооперативі, кондоминиум нысандары, басқарушы компаниялар мен басқа да формалар.

Ал қазіргі қолданысқа енген Заңға сәйкес мұндай үйлерді басқарудың екі формасы енгізілді. Олар — мүліктің меншік иелері бірлестіктері мен жай серіктестік.

Енді жаңа үйлер пайдалануға берілетін болса, ондағы тұрғындар тек осы екі форманы ғана таңдай алады.

— Қазір пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумға өткен үйлер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарудың жаңа формасына көшуге тиіс. Яғни олар осы мерзімге дейін өздерінің жұмысын тоқтатуы керек. Заңға сәйкес үш жылдың ішінде қаладағы барлық үйлер басқарудың екі формасына өтуі қажет.

Қала бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы кесте құрылды. Жай серіктестік дегеніміз қаладағы 2-3 қабатты үйлерде құрылады. Ал 3 қабаттан жоғары үйлер меншік иелері бірлестігіне өтуге тиіс. Жай серіктестіктер заңды тұлғаға жатпайды, тек тұрғын үй инспекциясынан тіркеуден өтеді. Ал мүліктің меншік иелері бірлестігі — заңды тұлға. Ол үшін әділет басқармасынан тіркеуден өтеді, — деген қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева құрылған әр бірлестікте арнайы есепшоттар ашылатынын, бірлестікті басқаратын жетекші жұмысты сервистік компаниялар арқылы келісімшарт жасай отырып атқаратынын айтты.

Жұма күні басқарудың жаңа формасына өткен Қарғалы тұрғын үй массивіндегі №10 үйге бардық. Ақтөбеліктердің аузында «Нұр Ақтөбенің» 3-шағын ауданы аталып жүрген қалашықтағы тоғыз қабатты №10 үйдің тұрғындары меншік иелері бірлестігіне ақпан айында өткен. Тұрғындар өзара келісіп, жетекші ретінде Жұмасұлу Байниязованы таңдапты.

— Меншік иелері бірлестігі — басқарудың тиімді тәсілі. Мұнда тұрғындар есепшотқа түскен ақшаны өздері қадағалап, бірлескен түрде қажеттіліктеріне жұмсай алады. Ең алдымен, ашықтық бар. Әр тұрғын пәтерінің шаршы метріне 30 теңгеден төлейді. Мысалы, жақында қатты жаңбыр жауып, жоғары қабаттағы үйлердің төбелерінен су кетті. Сол кезде біз үнемделген қаражатқа үйдің төбесін жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Барлық жұмыстар тұрғындармен ақылдасып, келісіп алып жасалады, — дейді Жансұлу Байниязова.

№10 үйдің тұрғыны Балнұр Қазыбаева да меншік иелері бірлестігіне өтудің өзіндік артықшылықтары барын айтады.

— Бұл шағын ауданға 2019 жылы көшіп келдік. Бұрын қаланың орталығында пәтер жалдап тұрған кезімізде мәселе болса пәтер иелері кооперативтеріне жүгінетін едік. Олар орнында болмайтын, шаруаларымыз кейінге шегеріліп қалатын. Ал бұл жерде барлығы ашық. Жуырда 3-подъезд тұрғындарына дәнекерлеуші қажет болды. Бірден жетекшімізге хабарластық. Мәселе шешілді. Ақшамыздың қайда кетіп жатқанын көріп отырамыз, тіпті қай үйдің тұрғындарының ақша төлемегенін де біліп отырамыз. Жалпы, барлығы өте ыңғайлы, — деді ол.

Басқарудың жаңа формасына өткісі келетін тұрғындар толық ақпарат алу үшін Алтынсарин көшесі, №2 мекенжайына немесе Астана, Алматы әкімдіктеріне жолығуға болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button