Жаңалықтар

«Қызыл» статуста қыдырғандарға айыппұл салынды

«Ashyq» қосымшасы бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар 13 адам жауапкершілікке тартылып, оларға 568 815 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ashyq» жобасы Ақтөбе облысының аумағында 14 сәуірден бастап жұмыс істеуде. Бүгінгі күні Ақтөбе облысының 1708 кәсіпкері «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың бәріне QR-кодтары жүктелген.

Бағдарлама енгізілгеннен бастап өңірдегі «Ashyq» жобасы арқылы «сары» статусы бар 162 адам және «қызыл» статусы бар 104 адам анықталған. 73 «сары» статусы бар тұлғаға Ақтөбе қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шығарылды. «Қызыл» статусы бар 13 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып 568 815 теңгеге айыппұл салынды.

Айта кетейік, «Ashyq» жобасын енгізудің негізгі мақсаты — коронавирус инфекциясының алдын алу, яғни ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button