Жаңалықтар

Шілде: жаз ортасы ауғанда

 Шолу

Биылғы шілде үміт пен күдігін қатар ала келді. Бір жарым жылдай уақыт адамзат баласын үрей мен қорқыныш құшағында ұстап тұрған кесапат дерттің кері шегінетін уақытын жұртшылық іштей осы айдан күткендей еді. Өкінішке қарай, әзіргеолай болмай тұр. Дегенмен көңілге медеу болатын бір жайт — қауіпке тосқауыл қоятын екпенің енгізілуі.

Осылайша жаз ортасынан ауды. Облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жекелеген шаруалар да өз тірліктерін жасауда.

 Алты ай қорытындысы шығарылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында өңірдің 6 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы қаралып, онда облыстың макроэкономикалық жағдайы тұрақты екені айтылды.

Статистикалық мәліметтер бойынша өнеркәсіптің физикалық көлем индексі 105,1%-ды құрайтыны белгілі болып отыр.

Алты ай ішінде 955 миллиардтеңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 101,8 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Биыл облыс экономикасына 276 миллиард теңге инвестиция тартылып, 367 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

35 ауылдық округтің әкімі сайланды

Облыста 141 ауыл әкімі бар. Ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округ бойынша өткізілді. Себебі қалған елді мекендердегі әкімдердің өкілеттік мерзімі әзір аяқталған жоқ.

Сайлау бюллетеньдеріне 105 кандидат енгізілді. Олардың 63-ін саяси партиялар ұсынса, 42-сі өзін-өзі ұсынған. Nur Otan партиясынан — 28, «Ауыл» партиясынан — 16, «Ақ Жол» — 9, «АDAL» — 4, Қазақстан Халық партиясынан — 4, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан  2 кандидат.

Жаңа сайланған 35 әкімнің 5-еуі — әйел.  Сайланған  әкімдердің орташа жасы — 46. Ең жасы – 26-да, жасы үлкені — 62-де.

Ауыл әкімдері жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқарушылық қана емес, қаржылық дербестікке де ие болады. Ал бұл өз кезегінде әкімдердің ауылды дамытуға қатысты бірқатар өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудағы қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бастаудың несиелері мен гранттары

«Бастау-Бизнес» жобасы аясында облыс бойынша 909 адам atameken.co платформасы арқылы онлайн режимінде арнайы курстан өтті.

Олардың 160-ы жалпы сомасы 99,6 миллион теңге көлемінде қаржы алды. Оның ішінде жалпы көлемі 20,3 миллион теңге болатын 6 несие және 79,3 миллион теңге құрайтын 154 грант бар.

Кейінгі толқындағы үшінші кезеңде 279 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге қамтылды.

Бизнес тренерлер, менторлар талапкерлерге ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, микроқаржылық ұйым арқылы жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасымен 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін гранттар алу бағытында көмек көрсетіп жатыр.

Көрші көмексіз қалмайды

Ақтөбелік кәсіпкерлер қуаңшылықтан зардап шегіп отырғаніргелес Маңғыстау облысына көмек қолын созды. Алғашқылардың қатарында жергілікті ірі шаруа қожалықтары қозғалды.

Кәсіпкер Орынбай Жолмұратовтың жетекшілігімен «Маңғыстауға көмек» атты арнайы қор құрылды. Алғашқы қарқында 1350 орама, 1000 бума шөп жиналды.

Облыстан Маңғыстаудың бес ауданына көмек ретінде шабындыққа жер берілді.

Мал азығын дайындауға байланысты облыс әкімдері меморандумға қол қойды.

Қобда ауданынан 10 мың гектар жер беріліп, Байғанин, Темір аудандарынан да маңғыстаулықтар келіп мал азығын дайындайтын болды. Маңғыстау облысының Шетпе, Мұнайлы, Форт-Шевченко, Бейнеу, Түпқараған аудандарынан өз көліктерімен осында дайындалған шөпті тиеп әкетеді.

Бейнеуліктер Байғанин ауданына қарасты Дияр, Үстірт, Доңызтау аумағынан бөлінген жерден мал азығын дайындап алады.

Нөкіспен қатынас жақсарды

Шілде айының соңына таман әуе қатынасы бойынша Ақтөбеге Нөкістен алғашқы рейс жүзеге асырылды. Бұған дейін екі ел арасында осы бағытты орнықтыруға байланысты келісімге қол жеткізілген болатын.

Алғашқы рейспен көрші елден 123 жолаушы ұшып келді. «Ақтөбе-Нөкіс-Ташкент» бағыты бойынша жұмыс жасайтын әуе қатынасын Uzbekistan Airways әуе компаниясы жүргізеді. Ақтөбеден Нөкіс қаласына дейінгі билет бағасы 40 мың теңге мөлшерінде.

Әзірге рейстер аптасына бір рет орындалады. Airbus A320 жайлы бизнес-эконом-конфигурациясы бар ұшақтардың келешекте ұшу жиілігі көбейтілмекші.

 Триатлон паркі ашылды

 Ақтөбе қаласының 12-шағын ауданында пайдаланылуға берілген триатлон паркі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды. Оның ұзындығы — 2,5 шақырым.Жаңа паркте велосипедшілерге, жеңіл атлеттерге және жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар бар.

Мұнда салауатты өмір салтын ұстанатын әрбір қала тұрғыны спортпен шұғылдана алады. Алда саябақтың іші одан әрі абаттандырылып, жеміс ағаштары отырғызылады.

Парк ашылған күні «Денсаулық жүгіруі» шарасы ұйымдастырылды. Алаңға шыққан 30-дан астам велосипедші мен 100-ден астам желаяқ 6 шақырым қашықтықта жүгіріп өтті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button