Жаңалықтар

Еңбек құқығы бұзылуының алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық үш жақты комиссияның әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, қазіргі күні біздің алдымызда тұрған басты міндет — әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар барынша тиімді болуға тиіс, — деді облыс әкімі.

Биылғы жылдың алты айында облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылуының әртүрлі деректері бойынша 650-ден астам шағым түскен. Мемлекеттік инспекторлар 176 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасының 233 рет бұзылғаны анықталған.

— Анықталған заңбұзушылықтардың нәтижесінде кәсіпорын басшыларына​ 108 ұйғарым берілді​ және 10,3 миллион теңгеге 54 әкімшілік айыппұл салынды,— деді басқарма басшысы​ Абдухат Мырзалин.

Отырыс соңында облыс әкімі еңбекақыны уақтылы төлеу мәселесін басты назарда ұстап, халықтың табысын көтеру шараларын жүзеге асыруды жандандыруды тапсырды. Айта кетейік, былтыр облыстағы 900-ден аса жұмысшының айлығы орташа алғанда 10%-дан 50%-ға дейін көтеріліп, нәтижесінде 30 мыңға жуық ақтөбеліктің табысы артты.

Биыл жыл басынан бері облыстағы 445 кәсіпорын еңбекақыны көтерген. Сондай-ақ жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында 3600-ден аса меморандум мен 280 ұжымдық келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button