Жаңалықтар

Ауырғанын біле тұра қыдырғандар жауапқа тартылды

«Ashyq» қосымшасы бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар ақтөбеліктер әкімшілік жауапкершілікке  тартылды. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ashyq» жобасын енгізудің негізгі мақсаты — коронавирус инфекциясының алдын алу, яғни ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау.

«Ashyq» жобасы Ақтөбе облысының аумағында 14 сәуірден бастап жұмыс істеуде. Бүгінгі күні Ақтөбе облысының 930 кәсіпкері «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың 920-сына QR-кодтары жүктелген. Жобаға қатысушы нысандар қызмет салаларын қамтып отыр.

Бағдарлама енгізілгеннен бастап  өңірде «Ashyq» жобасы арқылы «сары» статусы бар 134 адам және «қызыл» статусы бар 70 адам анықталған. 52 «сары» статусы бар тұлғаға Ақтөбе қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шығарылды. «Қызыл» статусы бар 5 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып, 218 775 теңге айыппұл салынды.

«Ashyq» жобасынан басқа Аitu және Kaspi.kz. платформаларын да қолдануға болады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button