Жаңалықтар

Ақтөбеде жануарларға арналған қонақүй бар

«Естімеген елде көп». Ақтөбеде жануарларға арналған қонақүйі барынан хабардарсыз ба? Жасалған жағдайы, ұсынылатын қызметтері адамдікінен кем түспейтін ерекше қызмет орнына жылдан-жылға сұраныс артып келе жатыр. Ал Еуропа елдерінде бұл әлдеқашан жолға қойылған. Өйткені жаһандану заманында ит-мысықтарға «отбасымның бір мүшесі» деп қарайтындар айтарлықтай көбею үстінде…

60-тан астам ит-мысық «мейман» болған…  

Ақтөбелік Наиль Исимбетовтің айтуынша, үй жануарлары адамның досы ғана емес, жақын туысындай бола алады. Барлығы төртаяқтының иесіне тікелей байланысты.

Ұзақ уақыт бойы шаһардағы әуежайда еңбек еткен ол осыдан 3 жыл бұрын ерекше кәсіп түрін бастауды жөн көріпті.

— Әуе саласының маманы болсам да, кішкентайымнан үй жануарларына жақын болып өстім. Барлық балалар секілді ит-мысықтармен ойнап, тамақтандырған ұнайтын. Бірақ, неге екені белгісіз, жер үйде тұрсақ та ата-анам ит асырамады. Ал мысықтың түр-түрі болды. Бір жылдары үйімізде 11 мысыққа дейін жүрген (күліп).

Өзім ержетіп, отбасылы болған соң бала күнгі арманымды орындадым. Неміс овчаркасын бақтым. Ең қызығы, қатарынан екеуін бірден алдым. Сөйтіп, бірте-бірте бұл іске ықыласым ауды.

Ал 2018 жылы кинолог достарымның кеңесімен үй жануарларына арналған шағын отелімді аштым. Бұған мен жолдан қосылғаным жоқ. Он жылдан астам уақыттан бері ит асырауға кәдімгідей маманданған адаммын. Қазақстан кинологтар одағының арнаулы курстарын тәмамдадым, — дейді 54 жастағы кейіпкеріміз.

Үйінің жанынан екі шағын ғимарат салып, соны ит пен марғауларға арнайы жабдықтаған кәсіпкер барлық жағдайдың жасалғанын атап өтті. Нысанға жылу желілері тартылған, суы, жарығы бар. «Ақысына келсек, тәулігіне 2 мың теңгеден басталады. Қорегі бөлек есептеледі немесе өздері әкелуі керек. Ең бастысы,  ветеринарлық құжаты жоқтарды қабылдамаймын. Менің ойымша, бағалар қолжетімді. Қымбат деуге келмейді. Өйткені әрқайсысын серуендеуге алып шығып, тамақтандырамын, арасында ойнатамын. Басқа жерге тап болған ит-мысықпен «тіл табысу» да оңай емес. Бұның барлығы уақыт пен ептілікті қажет етеді», — дейді ол әңгіме арасында.

Бүгінге дейін 60-тан астам «қонақты» қарсы алғанын айтқан ерекше кәсіп иесі негізінен ит-күшіктердің «келетінін» қосты. Бұлардың арасында тұрақты түрде, жылына бірнеше рет бас сұғатындары да бар. Жалпы, иелері сенімді серіктерін әдетте 1-2 аптаға қалдырып кетеді екен. Ал ең ұзақ мерзімде болғаны — 5 ай. Әсіресе, жаз мезгілінде шетелге демалуға баратындар немесе жиі іссапарға шығатындар аталған қызмет түріне жүгінетінін білдік.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Материалды дайындау барысында аталған кәсіп түрінің тек Ақтөбеде ғана емес, күллі Қазақстан бойынша дамып келе жатқанына көзіміз жетті. Әсіресе, Алматы қаласында үй жануарларына арналған осындай қонақүйлері баршылық екен. Кейбіреулерінің сайты да бар. Сондағы мәліметтерге жүгінсек, ит-мысық, құстар, тіпті кеміргіштерге (тышқан) арналған нөмірлер көрсетілетін қызметтеріне қарай бөлінетін боп шықты. Мәселен, ең арзаны — тышқандардың жатын орны күніне 990 теңгеден басталады. Бұған мақұлықтың азығы кірмейді. Ал мысықтың бір күн «қонақтауы» 2490 теңгеден жоғары. Егер марғауыңыздың өте жақсы жағдайда, яғни кондиционер астында, жайлы орында өзі секілді жануарлар туралы түсірілген фильмдерді теледидардан тамашалап, 24 сағат бойы бейнекамераның бақылауында «Президент Люкс» нөмірінде болғанын қаласаңыз, әмияныңыздан бұдан да көп қаржыны шығаруға тура келеді. Сол сияқты иттерді қонақүйге тәулігіне 3490 теңгеден бастап қабылдайды. Бұл төртаяқтыларға да «Эконом-класс», «Элит», «Президент Люкс» нөмірлері ұсынылады. Қосымша ақысын төлесеңіз, жануарларға құлақ тазарту, қылын қысқарту, тарау, жуындыру сияқты spa-процедуралар да көрсетіледі. Алматының өзінде осындай зоотельдердің саны 30-ға жуықтайды.

Бұған маманданған кәсіпкерлер «мейманның» ішіп-жемі бөлек есептелетінін, сосын міндетті түрде әрқайсысының ветеринарлық құжаты болуы керектігін ескертеді. Айтпақшы, инфекциялық аурулары бар жануарларға, қай қонақүйде болсын, есік жабық.

Ал шетелдегі жағдайды тіптен салыстыруға келмейді. Бұл сырт жақта тіптен дамып кеткен.

Көрмелерге қатысып, шетелдік азықты саудалайды

Бірде-бір рет ит қауып алып, болмаса мысық тырнамаған, яғни «өндірістік жарақат» алудан аман екенін жымия жеткізген Наиль — осы істің кәнігі маманы. Өңірдегі ит асыраушылар клубының белді мүшесі өзінің асылтұқымды иттерімен талай жарыстардан олжалы оралғанын айта кету керек. Тақырыптық көрмелерге де қатысады. Бір жылдары сирек кездесетін иттерді өсіріп, сатумен де айналысқан жігіт ағасы кейінгі кезде оны доғарыпты. Себебі бұған біршама уақыт пен асқан төзім керек…

— «Неміс овчаркасы тұқымы» ұлттық клубының Ақтөбе қаласындағы бөлімшесінің жетекшісімін. Кинологиялық курстарды бітіргесін осы іске де бет бұрдым. Бірақ иттерге жаттығуларды (дрессировка) жасатпаймын, зоотехникалық шараларды ұйымдастыруға атсалысамын. Айталық, хэндлингке жақынмын, яғни төртаяқтыларды жарыс пен көрмелерде өзін қалай ұстауға баулимын, сондай-ақ түрлі тренингтерді өткіземін. Мұнымен бірге, супер-премиум санатындағы жануарлар азығын сатамын. Арнаулы азық бізге Германиядан жеткізіледі. Мұны қаладағы зоодүкендерден таппайсыз. Біздікінің сапасы жоғары, дәрумені көп. «Ауру — астан» деп жатамыз ғой. Бұл үй жануарларының қорегіне де қатысты. Қайсысын, қалай бересің, соған байланысты жануардың өмір сүру ұзақтығы, өзін қалай сезінетіні шешіледі. Бұл тақырып турасында көп нәрсе айтуға болады, — деп тілге тиек етті әңгімелесушіміз.

Ақысы төленетін сүйікті ісімен шұғылданатын Наиль жұмысын айрықша жақсы көреді. Осының арқасында ит пен мысықтардың көптеген тұқымын білген оның ойынша, жануарларға арналған қонақүйде, ең алдымен, жауапкершіліктің жүгі ауыр. «Клиенттердің» көпшілігі кірпияз. Олар ит-мысықтарын баласынан кем көрмейді… Сондықтан жануарларды қабылдағанда, иелеріне алып кетерде бір-ақ келуін сұраймын. Неге десеңіз, арасында көрініп кетсе, ит-мысықтың көңілі нілдей бұзылып, өте жаман күй кешеді. Иесін іздейді. Бұл да балабақшадағы ұл-қызына түскі уақытта келетін ата-ананың жағдайына ұқсас қой, сол арқылы екі жаққа да одан сайын қиын болады», — деп ағынан жарылады Н.Исимбетов.

ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…

«…Өз басым осы кәсіп түріне саналы түрде келдім. Себебі жан-жануарларды қатты жақсы көремін. Бүгінге дейін Ресейден әкелінген 3 неміс овчаркасын бақтым. Есімдері Герта,  Штефи мен Спартак болатын… Өкінішке қарай, үшеуі де ауырып өлді. Кейінгі жылдары шотландтық, британдық мысықтарды асырап, сатумен айналыстым. Бұл да шығыны көп жұмыс екен. Қазіргі таңда Мотя атты итім мен Севилья, Мурсия, Сантос деген мысықтарым бар. Әрқайсысының тұқымы ерекше, Қазақстанда сирек кездеседі.

Өзгелерге берер кеңесім — кез келген жануарды алмас бұрын «Бұл бізге керек пе?» деп ұзақ ойланса екен. Сосын қандай тұқым, не үшін керектігін қаперге алуы керек. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік. Ойыншық емес. Олар да тірі жан ғой, обалына қалмаудың қамын ойласа дейсің. Аламыз деп шешім қабылдаған екен, арнаулы орындардан құжатымен сатып алуы қажет. Бұрынғыдай көзі мен өзіне қызығып, ала салатын мезгіл өтті. Ең бастысы — жануардан уақыт пен ақшаны аяуға болмайды. Әйтпесе, елеусіз қалған, өзгелерге сүйкімсіз ит бұны сезеді. Артынша ашушаң болады… Бұл өмірде ештеңе де бекерден-бекер болмайтынын ұмытпайық.

«Жаны таза адамның ғана қолынан келеді»

Зайыбы екеуі екі баланы тәрбиелеп, бүгінгі таңда немере сүйіп үлгерген Наиль шағын кәсіпкерлік нысанының иесі де, аспазы да, тазалайтын қызметкері де өзі екенін айтты. Арасында ұлы ғана қолғабыс етеді.

— Менің білуімше, Ақтөбеде мұндай қонақүй тек менде ғана бар. Ал еліміз бойынша әлгіндей орталықтардың саны көп. Ешқайсысымен байланысып көрмеппін. Өз жұмысымды онсыз да білемін… Жалпы, ит-мысықтарды уақытша үйіне бағуға алатындар бізде де кездеседі, бірақ олар іске мен сияқты маманданғандар емес. Дені — еріктілер.

Ит-мысықтарға бауыр басқан кезім аз емес. Әлі есімде, өткен жылдары кане-корсо тұқымының күшігі келді. Алғашында ырылдап, кәдімгідей айбат шекті. Жанына жолатпады. Бірақ иесі ұзақ уақытқа қалдырып кеткесін екеумізге серуендеуге тура келді. Арасында жүгіреміз. Сөйтіп, сеніміне кірдім. Бізде 139 күн түнеген итпен соңында қимай қоштастым. Әлі күнге дейін соны сағынышпен еске аламын, — деп сыр ақтарды ол.

Ит-мысықтармен серуендейтін арнаулы орынның жоқтығын мәселе етіп көтерген кейіпкеріміз «жаны таза адам ғана жануарларды асырай алады» дейді. Және оқырмандарға иттің адалдығы жөнінде түсірілген «Белый Бим, чёрное ухо» фильмін (режиссері — Станислав Ростоцкий) көруге кеңес берді. Оның айтуынша, қайтыс болған иесін 9 жыл бойы теміржол станциясында күткен Хатико сынды жапондық иттер әлі де бар…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button