Жаңалықтар

Мал пішудің ерекше тәсілі

Қарапайым мал дәрігері Қабылжан Тоқтағұлов айғыр пішудің ерекше әдісін өндіріске енгізіп отыр. Бір ғажабы, сол әдіспен «піштірілген» айғыр үш жылдан кейін үйірге түсе береді. Бұл — жылқы тұқымын асылдандыру үшін таптырмайтын тәсіл.

Жылқы ұстағанның бәрі білетін адам

Әйгілі Мұғалжар жылқысын өсіретіндердің нық қағидасы бар. Аналық жылқы үш жылға дейін тумағаны дұрыс. Әйтпесе, ерте құлындаған жылқының өзі де, тұқымы да өспейді. Ұсақталып, шөжіп кетеді. Аталықтың да осы үш жыл ішінде үйірге түспегені жөн. Ал енді «қаны басына шапқан» айғырды ұстап тұру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ендеше, оны «ұстап тұрудың» амалы қандай? Жалғыз амал — оны осы үш жыл ішінде қандай байтал көрсе де, қаны қызбайтын етіп қою. Яғни піштіру. Ал піштірілген айғырдың ат болатыны белгілі. Аттың үйірге түспейтіні және мәлім.

Бірақ атам қазақ бұның да жолын тапқан екен. Ол — айғырдың ұрық жүретін жолын үш жылға дейін тоқтатып тастау. Бұл тәсілді қазір Қазақстанда Қабылжан Тоқтағұлов қана біледі.

Қабылжанның жылқы пішудегі бұл әдісі ешбір кітапта жазылмаған. Жылқы тұқымын асылдандыруға арналған ғылымның «басы жетпеген» бір амал — осы. Бұл әдіс  ғылыми түрде дәлелденбеген де. Ешқандай ота, кесу, тілу, қан шығару болмайтын тәсілді  Тоқтағұлов кезінде Мұғалжар жылқы зауытының мықты мамандарының бірі Дүзбай Ниязовтан үйренген. «Әй, балалар, мына әдісті  мен барда үйреніп қалыңдар. Әйтпесе, мұғалжар жылқысы ұсақталып кетеді. Үйірге ерте түскен айғыр тез шаршап қалады, төлі ұсақталады.Үш жасқа толған айғырдың ұрығынан ірі құлын туады. Осылайша мұғалжар жылқысының тұқымы асылданып, іріленеді, жұмысымыз көзге көрінеді», — дейді екен сол кезде алпысқа жақындап қалған маман. Ол бұл әдісті «пробник» деп атаған.

Қабылжан аға Дүзбай ақсақалдың үйреткенін ұмытып қалып, кейін өз тәжірибесіне сүйене отырып, қайта жаңғыртқан. Әуелі ауыл-үйдің жылқыларына жасап көріпті. Кейін әбден көзі жеткесін ғана білгенін ортаға салған. Қазір оған келушілерде есеп жоқ. Бұл да өз тәсілін жастарға үйретіп-ақ жүр. Бірақ ынталылар көп болғанымен, тәуекелге барған біреуі шықпай тұр. Сондықтан алыс-жақыннан шақырту жиі түседі. Айғырын «піштіртеді». Үш жасқа толғасын әлгі «піштірілген» айғыр арқырап, үйір іздей бастайды. Керемет емес пе?

Шетелде болса, бұл әдіс керемет насихатталар еді. Ғылыми айналымға еніп, автор патент алып, жырғап отырар еді. Ал бізде Қабекең үйренетін адамды өзі іздеп жүр. Бірақ қалай жасалатынын тек үйренуге талапты жанға ғана көрсетеді. Яғни көзбе-көз кездесіп, тікелей өзінен үйренуі керек. Әйтпесе, оны қағазға түсірсе, біреулер дәл солай істеймін деп, айғырды  өмір бойы ат қылып жіберуі мүмкін. Ал олай жасауға бол-май-ды!

Жылқышы отбасында өсіп, Темір ауылшаруашылық техникумын бітірген, Мұғалжар асылтұқымды жылқы зауытында жұмыс істеп,  40 жыл өмірін осы ветеринария саласына арнаған маманның өмірлік тәжірибесі мол. Әке-шешесі де бар ғұмырын осы мұғалжар жылқысын асылдандыру жолында сарп еткен. Енді өзі де сол жолда жүр.

Қазір мұғалжар жылқысының атағы аспандап тұр. Республикалық жылқы палатасының Ақтөбеде орналасуы тегін емес.

Жылқы шаруашылықтарының бәрі мал басын асылдандыруға ден қойып отыр. Ол үшін ғылымға ден қою керек, мықты маман қажет. Сол мықты маманның бірі  — осы Қабекең. Облыстағы барлық дерлік шаруашылықтың, Батыс Қазақстан облысы  шаруашылықтарының оны қолдан-қолға тигізбей алып кететіні содан.

Міне, мал дәрігерінің өз саласына беріліп, бар ынтасымен жұмыс істеуінің арқасында зейнетке шықса да іздеушілер көп.

Облыстың бірнеше аудандарында болып, көптеген шаруа қожалықтарында бұл тәсілін үйретіп жүр. Ақмола, Қарағанды облыстарынан да шақырту түскен. Алдағы уақытта сол жаққа барып қайтпақ.

— Жылқы ұстаған  адамның  Қабылжанды білмеуі мүмкін емес. Оны бәріміз іздеп тұрамыз.    Менің үш айғырымды, естіп келген көршілердіңде айғырларын пішіп берді. Байқағаным, қолы жеңіл екен. Жұмысын тыңғылықты әрі адал істейді. Нәтижесін көріп жатырмыз. Өзбілгенін үйретіп кетті, — дейді Шалқар ауданы Жылтыр ауылындағы «Дәулет-М» шаруа қожалығының басшысы Марғұлан Маханбетов.

Мен бұл тәсілді өзіммен бірге алып кеткенде не пайда табамын. Оданда жылқы өсіріп отырған азаматтар пайдасын көрсін. Жылқымыз азбасын. Балалар үйренсін. Бұл керек болады,— деп шырылдайды Қабекең.

Төрт бала тәрбиелеп өсірген оның кенже ұлы Нұрбек әкесінің тәсілін меңгеріпті.

Оған да шүкір. Бірақ жылқы саны жыл санап өсіп келе жатқанын ескерсек, бұндай мамандардың көп болғаны дұрыс-ау.

Сиырға жасалған кесарь тілігі отасы

Мал дәрігерінің жұмыс аясы кең. Төрт түлік атаулы ауырса, ауыл халқы жүгіріп, соған келеді. Бірде мынадай оқиға болды. Таңғы алтыда Қабекеңе көршісі жүгіріп келді. Сиыры туа алмай қиналып жатыр екен. Бұзауы теріс келіпті. Сәл кешіксе, сиыр да, бұзау да арам өледі. Әрине, сиырдың ішін жарып, бұзауын аман алып қалуға болады. Бұл — осындайда жүгінетін жалғыз тәсіл. Бірақ Қабекең сиырға кесарь тілігі отасын жасауға бел буыпты. Ол үшін «наркоз»  беріп, сиырды ұйықтату керек. Ауылдық жерде қайдағы наркоз дерсіз? Оның да реті бар екен. Бұл сиырдың ауызына спирт құйды. Зеңгі бабаның ұрпағы ішіп алса да, ләйліп, ауыл аралап жүретін адам емес қой, дереу ұйықтап кетті. Аяғын байлап, әуелі қарнын кесті. Бұзауын шығарып алды. Сосын асықпай, сиырдың қарнын тікті. Бұл кезде «мастығынан» айыққан сиыр да ес жиып қалған. Жарықтық көзін ашып, анадай жердегі бұзауын көріп, тіктелуге ұмтылды. Су ішіп, әлденгеннен кейін шамалы уақыттан соң  бұзауын жалап тұрды. Сөйтіп сиыр да, бұзауы да тірі қалды. Бұл оқиға мал дәрігерінің атағын аспандатып кетті. «Қабылжанға жетсең болды, малың аман қалады…» дейді жұрт. Онысы рас.

Мал дәрігерлері керек

Ауыл шаруашылығы саласының теңселіңкіреп барып, ес жиғаны рас қой. Бірақ қазір көп адам мал бағуға ұмтыла бастады. Мемлекет те барынша көмек беріп жатыр.

Мал да адам тәрізді. Ол да ауырады. Оны емдейтін дәрігер керек. Кеңес өкіметі бұл мәселеге қатты қарады. Зоовет бітіргендердің асығы алшысынан тұратын. Техникум бітіргендердің де бәсі жоғары еді. Қазір, өкінішке қарай, мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарына ұмтылатындар аз. Ал мал саны көбейген сайын зоотехник те, мал дәрігері  де көп керек болады.

Өткенді ұмытуға болмайды. Әйгілі мұғалжар жылқысын асылдандыру жолында еңбек еткендерді көзімен көрген, солардың тәлімін алған Қабекең оларды жиі еске алып отырады.

— Бошан Төретов, Мұстафа Шонаев, Әліби Танкиев, Аманжал Елшібеков, Ақбай Есенбай, Жеңіс Смағұлов секілді білікті мамандар мұғалжар жылқысын асылдандыруға көп еңбектерін сіңірді. Алжылқыны келістіріп баптайтын Артықбай Уалиев, Нұрхат Ақбаев, Бітім Балдақовтардың ісін үлгі тұттым,—дейді ол.

Енді Қабылжан Тоқтағұловты үлгі тұтып, оның тәсілін үйренуге ұмтылатындар қатары көбейе берсе, кәнеки. Атадан балаға, ағадан ініге жалғасып келе жатқан өмір емес  пе бұл?!

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button