Басты жаңалықтарМереке

Елорда мен Ақтөбе

6 шілде — елордамыз Нұр-Сұлтанның және Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Осы орайда біз Ақтөбе облысында Елбасының есімі берілген және астанамыздың атауын иеленген әртүрлі мәдени-әлеуметтік нысандар мен көшелер туралы жазған едік. Сонымен…

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Елімізде «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы 2008 жылы қолға алынды. Ал Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың ақпан айында ашылды. Бұл — Елбасының бастамасымен ашылған республикамыздағы оныншы зияткерлік мектеп.

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі — 720 адамға арналған, 120 жатын орындық нысан. Жаңа мектеп қаламыздағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Мектеп ғимаратында 60-қа жуық кабинет, зертханалар мен педагогикалық және ақпараттық технологияларды интеграциялау орталығы, жеке сабақ беру және психологиялық бейімдеу кабинеттері, 360 орындық асхана, екі спорт және акт залы, қысқы бақ бар. Мектеп жаңа құрылғылармен, био және нанотехнологиялық зертханалармен, соңғы үлгідегі компьютерлер, ноутбуктермен, интерактивті тақталармен қамтылған. Мектеп аумағында 5400 шаршы метрлік футбол алаңы, теннис және хоккей корты, волейбол және баскетбол алаңы бар заманауи спорт кешені орналасқан.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеу үшін Ақтөбе қаласымен қатар Хромтау, Қандыағаш, Шалқар қалаларынан да мұғалімдер қабылданған. Оның ішінде пән мұғалімдері, педагогикалық шеберлік орталығының үш айлық деңгейлік бағдарлама арқылы біліктілігін арттыру курсынан өткен мұғалімдер, сонымен қатар, Назарбаев Университеті базасында оқудан өткен 100 мұғалімнің қатарындағы ағылшын тілі пәнінің PDP мамандары бар.

Бүгінгі күні бұл мектеп — облыстағы ең үздік және жетістігі мол білім ордасы.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арнайы келген сапарында Ақтөбедегі орталық демалыс және мәдениет саябағында орналасқан «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының тұсауын кесті. Шарада Елбасы:

Қазақстанның жері ықылым заманнан бері қарай шығыс пен батыстың ортасында, үлкен жолдың торабында — Ұлы Жібек жолында орналасқан.  Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Ол бүгін де ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Бұл — бірлігіміздің жемісі. Ендеше алдағы уақытта ауызбіршілігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін! — деп тілегін жеткізді.

Кешеннің ашылу салтанатында ақтөбеліктер «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саябағы» атын беру туралы ұсынысын айтқан болатын. Кейін қала тұрғындарының бұл ұсынысы қолдауға ие болып, бүгінде бұл кешен «Тұңғыш Президент атындағы саябақ» деп аталады.

«Астана» саябағы

 Ақтөбе қаласындағы «Астана» саябағы 2018 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.

Бұл саябақты жасақтауға жалпы құны 466 млн теңге жұмсалған. Нысанды қаржыландыру «Парыз» және Астана қаласы қорлары есебінен жүргізілді.

«Астана» саябағы орталықта орналасқан, яғни саябақтың оңтүстік бөлігі Әбілқайыр хан даңғылымен, шығыс беті «Нұр Ғасыр» орталық мешітімен, солтүстігі Неке сарайы аумағымен шектеседі. Саябақтың Әбілқайыр хан даңғылына шығатын бөлігінің ұзындығы — 210 метр, оңтүстік бағытының ұзындығы да сол шамада. Астана саябағының жалпы алаңы — 4,3 гектар.

Саябаққа «Астана» аты осында келетін тұрғындар мен қала қонақтарының Қазақстанның астанасына деген құрметін арттыру мақсатында қойылды. Саябақтың функционалдық зоналары — кіреберіс тобы, орталық ядро және ландшафттық аймақ. Кіреберіс топта екі стелла орнатылған. Оның бірі Хан шатыры түріндегі ғимаратты елестетсе, «Астана саябағы» деген жазу да көркемдігімен ерекшеленеді.

Саябақтың орталық аллеясы арқылы келушілер демалыс орнының басқа бөлігіне өтеді. Орталық ядро екі оппозитті төбеден тұрады және онда Астананың түрлі түсті панорамасы 3D форматта бейнеленген. Сондай-ақ жасыл қабырғаға қарсы амфитеатр орналасқан. Амфитеатрдың сыйымдылығы 100-120 орындық шамасында. Ядроның негізгі факторларының бірі — онда қоғамдық шаралар, қалалық мерекелер, жәрмеңкелер, әрине, астананың туған күні өткізіледі.

Саябақта сондай-ақ астананың көркем экспозициялы екі төбешікті 3D панорамасы бар. Ядро айналасында рекреациялы алаң, жол желілері, жаяу жүргіншілер жолы, сәулетті пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, скульптуралық композициялар, балалар алаңы, рельефті төбелер орналасқан. Саябақ қолдан жасалған, ені  — 3,5 метр, тереңдігі 50 см Есіл өзенінің жағасына барып тіреледі. Арықтар сумен қамтамасыз етілген. Шағын өзен үстіне көпірлер салынған, бұл — саябақты қызықты элементтермен толықтырудың бірден-бір көрінісі.

«Астана» саябағы ерекше қатармен көгалдандырылған. Ландшафтты дизайн автоматты суару жүйесімен жарақтандырылған.

«Астана» ауданы

2018 жылы облыстық және қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында екі аудан құрылды. Оның біріне елордамыздың сол кездегі атауы қойылды.

Бүгінде Астана ауданында 270 мыңнан астам тұрғын бар. Аудан қаланың батыс бөлігі болғандықтан, солтүстігінде Мәртөк ауданымен шекаралас, ал оңтүстік-батыс, батыс және солтүстік-батыс аумағы Алға ауданымен шектеседі. Қаланың Сазды, Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендері мен №39 бекет осы ауданға қарайды.  Ауданның  аумағы — 0,9 мың шаршы метр.

Аудан аумағында жалпы ауданы 1,3 млн шаршы метр болатын 60 сквер мен саябақ орналасқан, қызмет көрсетумен 2 мердігерлік ұйым («Самғау-2030» ЖШС, «Нұрлы Таң Ақтөбе» ЖШС) айналысады. Сондай-ақ аудан аумағында 294 балалар алаңы орнатылған. Өткен жылы бұл ауданда жаяу жүргіншілерге жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолдары (тротуарлар) салынды. Және бұл ауданда жалпы  ұзындығы 295 062 метрді құрайтын 324 көше бар.

«Астана» мен «Бәйтерек»

Ақтөбе қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» сауда орталықтары — бүгінгі күні халық көп баратын, сыртқы келбеті көз сүйсіндіретін ғимараттардың бірі. «Астана» сауда үйі қаланың ескі бөлігіндегі Орталық базардың қасында орналасса, «Бәйтерек» орталығы Әбілқайыр хан даңғылындағы «Тост» дүкенінің жанынан салынған. Бұл жерлерге күніне мыңдаған адам келеді. Соңғы жылдары бұл екі сауда үйіне де жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қобдадағы «Астана»  

Қобда ауданы — Ақтөбе облысындағы табиғи һәм тарихи құндылықтарының әлеуеті басым өңірлердің бірі. Талай қазақтың батырлары шыққан құтты мекен жылдан-жылға көркейіп, ауыл-аймақтарда жаңа әлеуметтік нысандар көбейіп келеді.

Еліміз тәуелсіздік алып, іргеміз бекіп, елорда Астана атанған тұста қобдалықтар ауданның орталығындағы бас көшеге Астана атауын беру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі күні сәулетті, әсем ғимараттар бой тіктеген бұл көшеде жүзден астам тұрғын үй бар. Орталық көше бойында аудан әкімдігі, орталық стадион, спорт кешені, «Шәріп молда» мешіті, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық қазынашылық бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, балалар кітапханасы, «Шұғыла» және «Нұрлы болашақ» балабақшалары орналасқан. Сондай-ақ бұл көшеде мейрамханалар мен ірі сауда орталықтары, дүкендер бар.

Жыл сайын осы көшеде елордамыздың туған күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Ақшидегі көше

Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылында да «Астананың 10 жылдығы» атты көше бар. Бұл көшенің бойында қаз-қатар тізілген 20-ға жуық үй орналасқан. Сонымен қатар

М.Төлегенов атындағы орта мектеп, стадион мен ауылдық амбулатория бар.

Бұл көшеге, өзі айтып тұрғандай, Астана қаласының 10 жылдығына орай осындай атау берілген.

— Бұл көше Ырғыз селолық округі әкімінің 2011 жылғы1 сәуіріндегі шешіміне сәйкес елордамыз Астананың 10 жылдығы құрметіне аталған болатын. Жергілікті халықтың бастамасымен мәселе көтеріліп, қолға алынған еді. Бүгінгі күні бұл көшеде он тоғыз түтін бар. Ауыл адамдарының көбі мал шаруашылығымен айналысады. Киелі Ақши атанып кеткен бұл мекен — Ырғыз өңіріндегі шағын ауылдардың бірі. Ақшиліктер жыл сайын осы көшені тазалап, көріктендіру жұмыстарын жүргізеді, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Әттиев.

P.S. Жыл сайын елордамыздың көркеюіне Ақтөбе облысы өз үлесін қосып келеді. Атап айтсақ, бас қаланың 10 жылдық мерейтойында Ақтөбе облысы тарту еткен «Әлия» монументальды кешені бүгінде алыстан көз тартады. Отан үшін он тоғызында опат болған, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіші қазіргі таңда Нұр-Сұлтанға айрықша көрік беріп тұр. Сондай-ақ ақтөбеліктер елорданың 20 жылдығында «Бейбітшілік қабырғасы» монументін салып берді. Монумент зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button