Бұқара
Сынықшы көбек
Ырғыздағы Көбек Қонақбаевты жерлестері «аруақ қонған, қолы шипалы жан» дейді. Аяқ-қол буындары тайып, сынғандар, дертіне дауа іздегендер көбіне Көбек сынықшыдан ем алады.
Жасы алпысты алқымдаған Көбек бұл қасиеттің өзіне қалай қонғандығы туралы былайша әңгімелейді.
— 1948 жылы қазіргі Әйтеке би ауданына қарасты Ұзынкөл ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым соғыстан кейінгі жылы туған замандастарыммен бірге өтті. Жасым жиырмадан асқанда бойымда өзіме белгісіз жайлар пайда болды. Әсіресе, бейсенбі, жұма күндері ес-түссіз талып қалатынды шығардым. Бір күні үйге енем Інжепия келген-ді. Балалардың сабақтарын қарап отырған күйі соның көзінше талып қалыппын. Содан ол кісі: «Балам, бойыңда бір қасиет бар. Бақберген атаға (өңірге белгілі емші) көрінсеңші», — деп ақыл-кеңесін берді. 1973 жылдан бастап қайда барсам да жанымда аттылы ұзын қара кісі еріп жүретін болды. Қызығы, ол кісі өзімнен басқа ешкімге көрінбейтін жолдасыма айналды.
1974 жылдың желтоқсанында қызметтегі басшым Ырғыздан тоқсан шақырым жерде орналасқан Нұраға су апарып кел деп жұмсады. Барған үйіміздің егесі Жаушыбай ақсақалдың қолы шығып кеткен екен. Қария маған: «Шопыр бала, мені ертеңгісін көлігіңмен іргедегі Боранқұл емшіге алып баршы», — деп өтінді. Ертемен тұрып, үйдегілермен бірге шай ішейін десем, қолым кесеге жетер емес. Байқасам, мен дастарқан басындағы адамдардан жарты метр биіктікте қалықтап тұр екенмін. Бұл да қасымдағыларға білінер емес. Сырттан келсем, Жаушыбай қарттың ыңырсыған даусы шығып жатыр. Бір күш итеріп, еріксіз қарияның бөлмесіне әкелді. «Балам, жай ма?» деген сұрағына жауап қатпай, «Аға, қолыңызды беріңізші» дедім. Қолын сипалап, ұстаған бойда қария өзін жеңіл сезінді. Мен осылай қарияның шығып кеткен қолын салдым.
Бірде енем айтқан Бақберген атаға бардым. «Балам-ай, емшілікті тым ерте бастапсың. Мен адам мүшелерін алпыстан асқаннан кейін емдей бастап едім. Алла тағала осы қасиетті саған берген екен, аруақтар қолдасын», — деп батасын берді сынықшы. Мен осы кісімен бірге сүйектері сынған адамдарды емдедім. Онан кейін Бақберген ата дүние салды.
Елдің айтуына қарағанда, Көбек сынықшы біреудің өзіне ауырып келе жатқандығын алдын ала сезіп отырады екен. «Сол күні ұйқым келмей, өзімді жайсыз сезініп жүремін», — дейді сынықшының өзі.
2007 жылдың сәуірінде Көбектің өзі апатқа ұшырайды. «Волга» автокөлігін жөндеп жатып, тіреуші тайып, астында қалады. Көлік астынан ес-түссіз жатқан жерінен көршілері шығарып алыпты. Дәрігерлер «сүйектеріңіз сынғаннан аман» деп, ем-домын жасап, санаулы күндерден соң үйіне жібереді.
— Үйге келген соң, иығым мен жауырынымның сынғанын байқадым. Ұйықтап кеткем екем, түн ауа иығымды бір ұзын қол сипалап жатыр. Күтірлетіп, сынған сүйектерді орнына түсіріп жатқандай. Кім екенін білмеймін, қолынан басқа еш жері көрінбейді. Содан кейін өзімді жайлы сезіндім, — дейді кейіпкеріміз.
Қырық жылдан бері ырғыздықтардың ықыласына бөленіп келе жатқан Көбек сынықшы өте қарапайым адам. Құдай қосқан қосағы Кежек екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, бірнеше немеренің сүйікті ата-әжесі.
Осы уақытқа дейін емдеген жандарының санынан жаңылатын Көбек: «Денім сау болса, әлі де емімді жалғастырамын», — дейді.
Дархан МЕКТЕПБАЙ,
Ырғыз ауданы.
- Жаңғырық
Таңбалы із
Облыстық «Ақтөбе», аудандық «Шалқар» газеттерінде жарияланған журналист Жанғабыл Қабақбаевтың «Алаштың ойлы Оразы» атты мақаласын оқып, риза болдым. Ораз Тәтеұлы туралы деректерді жинақтап, тарихи тұлғаның есімін ел-жұртқа таныту азаматтық іс деп есептеймін.
Ораз Тәтеұлы Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсыновпен бірге қазақтың келешегі үшін күрескен тарихи тұлға. Ол талай мінбелерде қазақ мемлекетін құру жөнінде ұсыныстар айтып, ауылдарда мектеп ашқан. Сонымен қатар алқалы жиындарда сөз алып, партия съездерінде алаш азаматтарына қазақтың қамы үшін күресу керектігін айтудан жалықпаған. Сөзімізді сол кездің басылымындағы мына деректер айғақтайды. «1917 жылы 20-25 тамызда Ақтөбе қаласында Қостанай, Ырғыз Торғай уездерінің Торғай облыстық съезі болды. Сол съезге Ырғыз уезінен Тел Жаманмұрынов, Ахмет Тунғаншин, Ораз Тәтиев делегат болды».
Ал оның алдында Ораз Тәтеұлы 2-8 сәуір аралығында Орынборда өткен І жалпы қазақ мұсылмандар съезіне Торғай облысы қазақтарынан өкіл делегат болып сайланды. Осы съезде ол патша билігінің қазақ еліне жасаған құйтырқы отарлау саясатын, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаншудағы аса қатыгездік істерді шаршы топ алдында жариялап, Орынбор генерал-губернаторы Эверсманға съезд мінбесінде сөйлеуге жол бермей, залдан кетірген. «Алаш һәм Алашорда», «Алаш Орда» жинақтарында жарияланған қаулыда: «Алдағы 1-8 мамырда Мәскеуде өтетін жалпы мұсылмандар съезіне Торғай облысынан Ораз Тәтиев, Сейтәзім Қадырбеков, Аққағаз Дощанова және Сұлтанғазы жіберілсін. Делегаттардың «жол қаржысын» съезд ұйымы төлесін!» делінген. Өкінішке орай, Ораз Тәтеұлының бұл съезде оқыған баяндамасының толық нұсқасы біздің қолымызда жоқ. Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсандағы жалпы қазақ-қырғыз съезін ашар алдында Әлихан Бөкейханов: «Осы съезге шақырылған ардақты, шешен Ораз ақсақал Тәтеұлы опат болды. Мәжілісті марқұм Оразға дұға қылып басталық», — деп, Ораздың рухына дұға оқылады.
Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елдің арман-тілегі үшін еңбек етіп, тер төккен Ораз Тәтеұлының артында жанашыр ұрпақ болмауы мүмкін емес. Бұл әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи тұлға. Сондықтан біз тарихта болған тұлғаны жадымыздан шығармай, ол туралы деректерді жинақтауымыз қажет.
Халқының еркін болашағы үшін күресіп, тәуелсіз ел болуын тілеп, аз өмірінде артына таңбалы із қалдырған Ораз Тәтеұлы жайлы материалдар жариялаған облыстық, аудандық газет ұжымдарына айтар алғысым шексіз.
С.ТУРЕКЕШОВ,
Ақтөбе қаласы.
- Тәрбие
Ұлттық тәлім — ұрпақ ертеңі
Бүгінгі буын үшін ең негізгі мәселе — білім сапасын арттыру, тәрбие тәлімін жетілдіру. Білім жастарды кемел келешекке жетелер болса, ұлттық тәрбие ұрпақ ертеңі болмақ. Сондықтан ұстаздардың үнемі ізденісте болғаны дұрыс.
Қырық бес жыл ұстаздық еңбегімнің соңғы жылдарын облыстық білім басқармасы мен білім жетілдіру институтында жалғастырдым. Қызмет барысында қалалық, облыстық білім беру мекемелерінің ұжымдарымен етене араласып, тәжірибелерімен бөлістім.
Білім беру аясында ұстаздарымыз бірнеше белестерді бағындырып, жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Облысымызда білім беретін мекемелер саны артып келеді. Мектеп-гимназиялар, кәсіптік-техникалық мектептер мен лицейлер, жаңа типті колледждер қатарының жыл санап көбеюі сөзімізге дәлел. Ал мектептердегі оқу- тәрбие ісінің, педагогиканың ғылыми негізде дамуы ұлттық педагогика мен мәдениеттің қайта түлеуіне жол ашты.
Бүгінде педагогикалық ұжымдар оқу-тәрбие жоспарын әртүрлі әдістермен орындап, оқушылардың қабілеті мен қажетін толықтыруға мол мүмкіндік алды. Облыста жаңа эксперименттік әдістермен дәріс беретін мектептер саны көбейіп отыр. Ұстаздардың еңбегі де облысымызда ерекше аталып өтеді. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты түрлі жағдайлар жасалып, олардың жалақысы көбейтілді. Үздік ұстаздар, жас мамандар аудан, қала, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға қол жеткізіп жүргенінен хабардармыз. Ал «Дипломмен — ауылға» бастамасының да жас мамандарға тигізер көмегі көп. Мұндай жаңа бастамалардың оқу-тәрбие саласында көбеюі мамандардың құлшынысын жанып, жаңаша ұйымдастыру түрлерін табуға міндеттейтіні сөзсіз.
Облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ұжымы бүгінгі талапқа сай көптеген игі шараларды атқарып келеді. Ш.Көбенова жетекшілік ететін ұжым институттың баспалық қызметін дамыта отырып, мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің ұстаздарына арналған әдістемелік құралдарды шығаруға белсене атсалысып жүр. Ал білім саласы мен тәрбие жүйесіне сай құрылған әдістемелік құралдар ұстаздар үшін таптырмас сый.
Қазір еңбек ететін ұстаздарға, шәкірттерге білімнің жолын қууға мүмкіндік мол. Бастысы, сенім мен жігер болса болғаны.
Ландыш ЖАҒЫПАРОВ,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.
- Тұлға
«Нағыз ұстаздық қасиет киелі адамға ғана қонады…»
Ойылдағы Жақия Жүсібәлиев атындағы орта мектеп 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы білім ордасына есімі берілген Жақия Жүсібәлиев — бар саналы ғұмыры Ұстаз ұлылығының дәлеліндей болып өткен, сол өңірдің ең сыйлы азаматтарының бірі еді.
Балалығы өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қиындықтармен тұспа-тұс келген Жақия Жүсібәлиев ең алғаш 1927 жылы, 12 жасында, бірінші сыныпқа барған екен. Сол бірінші сыныпта оқытқан ұстазы Закария Елеуовтің есімін ол кісі көзі жұмылғанша ерекше құрметпен атап өткен еді. Үш сыныпты ол өз ауылында, қазіргі Берсеев атындағы ауылда бітірген. Ал төртінші сыныпты Ойылдағы бүгінде өзінің есімін алып отырған мектепте оқыпты. Төртінші сыныпты үздік бітіргеннен кейін, сол кездегі уақыт талабы болар, оған мектептен жолдама беріліп, Орал қаласындағы халық ағарту институтының дайындық курсына жіберіледі. Ал дайындық курсынан кейін сол институттың физика-математика факультетіне қабылданады.
Бір қызығы, Жақия Жүсібәлиев өзі студент бола жүріп, Оралдағы коопертивтік және мелиоративтік техникумдарында математикадан сабақ та берген екен. Студентке мұндай істің сеніп тапсырылуы оның ерекше қабілеттілігіне, білімділігіне дәлел болса керек.
Оның еңбек жолы 1936 жылдан басталды. Жақия Жүсібәлиевтің ұстаздық ғұмыры — бір мақала емес, үлкен кітапқа арқау болатын ұлағатты ғұмыр. Халық ағарту ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ниетжан Беріков кезінде былай деп жазған еді: «Жәкеңнің бойында жұртқа танымал, ұстазға тән он екі табиғи қасиеттің үстіне, оның өзінің оқытуда жүзеге асыратын асқан шеберліктері болатын. Біздер, жас мұғалімдер, ол кісінің сабағына кіргенде, ерекше ләззат алып, сондай шебер оқытушы болуды армандайтын едік. Ұстаздық — киелі кәсіп. Олай болса, нағыз ұстаздық қасиет киелі адамға ғана қонады… Диплом алып мұғалім болуға болады, бірақ нағыз, толыққанды мұғалім болу үшін ғұламалық керек. Осы айтылғандар Жақия Жүсібәлиевтің болмысында кездесетін және ол өз шәкірттері үшін идеал болып қала береді…».
Иә, бала оқыту көптеген мұғалімнің қолынан келеді, ал жүздеген шәкірттер үшін идеалға айналу — тек ұлы Ұстаздың ғана еншісіне жазылар бақыт. Жақия Жүсібәлиев сондай бақытқа ие болған тұлғалардың бірі еді. Бұл сөзімізге бір дәлел — оның шәкірттерінің өзі алғашқы оқушыларының бірі болған, кейін ұзақ жылдар қызмет еткен білім ордасына Жақия Жүсібәлиев есімін беру жөніндегі ұсыныстармен еліміздің БАҚ-ына жолдаған мақалалары. Физика-математика ғылымдарының докторы, академик Назарбай Блиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нариман Әжіғалиев, экономика ғылымдарының кандидаты Жолдыбай Әбдіров, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұрат Көпесов, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қалау Бақытов, экономика ғылымдарының кандидаты Сәуле Әлжанова, т.б. шәкірттерінің үкіметке, БАҚ-ына жолдаған ұсыныстары мен мақалалары аяқсыз қалмай, Ойылдағы қазақ орта мектебі 2000 жылы Жақия Жүсібәлиев есімін иемденген болатын.
Айым НАРМАНҚЫЗЫ,
Ақтөбе қаласы.
- Ауыл
Көмектесіңіздерші, көкелер!
Бершүгір стансасының тұрмысы бұрынғыға қарағанда көш ілгері. Ауылда көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары бой түзеп, экономиканың дамуына септігін тигізіп отыр. Алайда түрлі өндіріс орындары шоғырланған өлкенің тұрғындары әлі күнге Мәдениет үйіне зәру. Ескі клубты жөндеу жөнінде ұсыныстар айтылғанымен, білек сыбана іске кірісер азамат жоқ.
Ауылымызда 1980 жылдан бері жөндеу көрмеген ескі Мәдениет үйі бар. Әні-міне құлайын деп тұрған ғимаратты ауыл тұрғындары әлі күнге көненің көзіндей дәріптейді. Жылына екі рет — Жаңа жыл және Наурыз мерекелерінде ілдалдап әзер ашылатын клубқа тұрғындар тегіс жиналып, мәре-сәре болады. Мерекеде жұртшылықтың көңілін көтереміз деп қуанғанымызбен, көңілімізде үйінді астында қалып қоймаймыз ба деген қорқыныш тұрады. Себебі, көптен жөндеу көрмеген клубтың ажары тайып, сыны кеткен. Есік-терезелері қаңылтырмен қапталып, кірпіштері құлап, топырағы үгітіліп түсіп жатқан клуб адам көргісіз. Сахна ағашы да әбден тозған, орындықтары ескі, едені сықырлап «ән салып» қоя береді.
Өткен жылдың ақпанында аудан әкімі халыққа есеп беру кезінде ауылдың тау-тасын қажетінше игеріп, кәдеге жаратқан зауыт басшыларына Мәдениет үйін жөндеу керектігін айтып, қатаң тапсырма берген еді. Алайда әкім айтқан ұсыныс сол жерде қалды.
2008 жылдың көктемінде ауылымызға Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актерлері келіп, өнер көрсетті. Облыстан келген әнші-әртістерге құламалы күйде тұрған мәдениет ошағымызды көрсетуге біз қатты қысылдық. Актерлердің де бүгін-ертең құлайын деп тұрған клубқа кіруге көпке дейін батылдары жетпеді. Одан бері, міне, біраз уақыт өтті. Бізді ауылымыздағы түрлі өндіріс орындарын басқарып отырған басшы ағаларымыздың Мәдениет үйін жөндеуге селсоқ қарап отырғандары таң қалдырады. Ауыл тұрғындары ескі Мәдениет үйін жөндеуге жанашыр азаматтар іздейді. Ендеше, Мәдениет үйін жөндеуге көмектесіңізші, көке!
Ғарифолла МҰҚАШЕВ,
Бершүгір стансасының тұрғыны.
Шалқар ауданы.
- Ауыл
Карточкамыз бар. Банкоматымыз жоқ
Ырғыз ауданындағы көптеген мекемелердің қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер жалақыларын банкоматтан алуы тиіс. Әр маманның қолында бір-бір банк карточкасы болғанымен, ауданда әлі күнге банкомат жоқ.
Адамның көңілі бірленген сайын елде жақсы жаңалықтардың болғанын қалайсың. Бұл дұрыс қой. Алайда өркениетке бағыт алған заманда қалағаның орындалмаса, көңіліңе кірбің түседі. Ырғызда банкоматтың жоқтығы бұған дейін де айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ еш нәтиже жоқ. Қызметкерлерде карточка болғанымен, банкомат әлі жоқ. Тұрғындар ай сайын жалақыларын алу үшін бар уақытын сарп етіп, қыруар қаржысын шығындап, қаланы бетке алады. Одан қалды касса алдында моншақтай тізілген кезектің қатарын толықтырады.
Он үш мың халқы бар аудан орталығына банкомат аса қажет. Шалғайды мекендеген тұрғындар үлкен қалаларда білім алып жатқан балаларына қаржы аудару үшін де банкоматтың көмегіне жүгінеді. Сондықтан құзырлы органдардың басшылары біздің ауданға банкомат жүйесін қондыруын сұраймыз.
Мұратбек ЕСБОЛҒАНОВ,
Ырғыз ауданының тұрғыны.
- Ұстаз
Ұстамды ұстаным
Біз сөз еткелі отырған Мақсат Әбжанов бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан адам. Ол бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп, ел құрметіне бөленіп отыр.
Бала кезінен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандаған Мақсат 1970 жылы Ақтөбе педагогика институтын физика-математика мамандығы бойынша оқып, бітірген. Алғашқы еңбек жолын Байғанин ауданындағы Матайқұм сегізжылдық орта мектебінде мұғалім болып бастаған ол ұстаздық білік-білігінің арқасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істеген. Кейін осы мектепке директорлық қызметке тағайындалған.
Мақсатты бүгінде әріптестері білікті ұстаз ғана емес, көреген басшы деп те біледі. Ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оларды адамгершілікке, әдептілікке, ұлттық салт-дәстүрді дәріптей білуге баулыды. Еткен еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Байғанин аудандық мәслихатының депутаттығына екі кезеңде сайланып, 2007 жылы ауданның «Жыл адамы» құрметті атағын иеленді.
Мақсаттың басшылық қызметтегі ұстанымы да бөлек. Ол «мен – бастықпын, сен – қызметкерсің» деген көзқарастан ада. Ұжымындағылармен сыйлас, құрбы-құрдас ретінде емен-жарқын сөйлеседі. Соның әсері болса керек, ұжымындағылар бір үйдің баласындай бір-бірімен тату, жұмыс барысында ұйымшыл. Ұстаздардың ұйымдастыруымен мектепте көптеген игі шаралар жүзеге асты. Мысалы, жыл сайын мектепте түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіліп келеді.
2006-2007 оқу жылдарында бастауыш сынып оқушылары 5 күндік білім жүйесіне көшірілсе, жоғары сынып оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша білім алуда. Мектеп жанында арнайы орталық ашылып, мүмкіндігінше қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қызметінде абыройлы басшы – отбасында қадірменді отағасы. Зайыбы Тілектес екеуі Бекен, Нұрбек, Жанар есімді үш өренді өсіріп, тәрбиелеп отыр. Балалары да жоғары білім иесі, еліне қызмет етіп жүр. Ол тәрбиелеген бала мен шәкірттің де ел алғысын алары сөзсіз. Ал Мақсат – сондай мерейлі ұстаз.
Марфуға Жантурина,
Ақтөбе қаласы.
- Жанайқай
Жаңа мектеп салынса, жол түзелсе…
Біздер, Жабасақ ауылының тұрғындары, облыс орталығынан 400 шақырым, аудан орталығы — Комсомол селосынан 120 шақырым жырақта тұрамыз. Оңтүстікте Нұрамен, шығысында Қостанай облысымен шектесетін алыс елді мекеннің біріміз. Бізді ауылдың орталықтан қашықтығы емес, жолдың жөнделмеуі мен мектептің ескілігі алаңдатып отыр.
Бізді қинайтын өзекті мәселе — жол қатынасы. Аудан орталығына бару үшін Құмқұдық селосы арқылы жүреміз. Ал Құмқұдыққа дейін баратын көтерме жолдың тозығы әбден жеткен. Оның үстіне 45 шақырым жолға жазда 3 сағат, қыста 10-12 сағат жүріп әрең жетеміз. Кеңес заманындағыдай қыста қар тазартып, жол ашатын техника жоқ. Елбасы бастамасымен үкімет «Жол картасы» бағдарламасын қабылдағанымен, біз мұндай игі істерден шет қалып қойдық. Жабасақтың жолын жөндеуге келгенде басшыларымыз селсоқтық танытып отыр.
Барлық шаруамыз аудан орталығында болған соң, жолға жиі шығуымызға тура келеді. Ал сырқаттанып қалсақ, аудандағы дәрігерлерге әрең жетеміз. Халық санын көбейтуге үлес қосқысы келген келіндерді акушерлер ауданға «жолдайды». Кейде жедел жәрдеммен бара жатқан әйелдердің ауданға жете алмай, жолда босанып қалған кездері де болды. Әйтеуір, Алла сақтап, әзір аманшылықта келеміз.
Екінші мәселе — мектеп. Жабасақтың мектебінен ауданға, облысқа белгілі азаматтар шықты. Бүгінгі күні Жабасақтан енші алған Толыбай, Басқұдық, Құмқұдық ауылдарында типтік жобамен салынған су жаңа мектептері бар. Аудандағы маңдайалды Жабасақ қазақ орта мектебіне де сонау кеңес заманынан бері балалар білім алатын жаңа ғимарат салынуын сұрап, құзырлы органдарға талай хат жазғанбыз. Бізге берілген жаңа мектеп жобасы аудан орталығының үлесіне тиді. Енді бір жобаны көрші Ақтасты ауылы алды. Оған да көндік. Өйткені ол ауылда орыстар көп… Аруағыңнан айналайын, Темірбек Жүргенов сонау 1934 жылы Жабасақта бастауыш мектепке арнап сол заманның озық үлгісімен мектеп салдырып еді. Құрылысқа қажетті ағашты Қостанайдың Аманқарағайынан өгіз арбамен тасып салдырған сол мектепте жарты ғасырдан астам уақыт мыңдаған түлектер оқып, елге танымал азаматтар атанды. Кеңес үкіметі тұсында, яғни 1975 жылы құрастырмалы материалдардан бір қатарлы мектеп салынып, ауыл тұрғындарын жұбатқандай болды. Ол мектепке де бұл күнде 35 жыл толды. Тозығы жеткен білім ошағының қабырғасы жарылып құлайын деп тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», бір күні мектебіміздің шаңырағы ортасына түссе, ішіндегі оқып жатқан балалардың амандығына кім кепілдік береді?..
2009 жылдың жазында мектеп салуға жаңа жоба бекітілді деп естідік. Бірақ ол кәдеге аспады. 2010 жылда салады деп үміттендік, ол да болмады. Енді 2011 жылдан үміт күтеміз, жоғарыдағы іс тізгінін ұстаған басшылардан бір жақсылық болады деп…
Қуаныш АЛТЫНБАЕВ,
зейнеткер.
Жабасақ ауылы,
Әйтеке би ауданы.
- Дін
Шариғатпен жүрсең, шатаспайсың!
Тәуелсіздік алып, дініміз қайта жанданғалы санада сәл де болса сілкініс орнады. Дін жоқ жерде дым жоқ екенін ұғынып келеміз.
Сананы тұрмыс билейтін заманда кейбіреулер қанағат деген ұғымды ұмытып жатады. Сәл ойланып қарасақ, қандай кедергі, қиындықтарды болмасын қанағатшылдықпен жеңуге болады. Алла Тағала әу бастан әр адамды ырыздығымен бірге жаратқан. «Бір төл туса, бір түп жусан артық шығады» деген емес пе?
Діннің қуаты — білімде. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу адам діни жолды ұстанумен қатар білім іздейді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бесіктен бейітке дейін білім іздеген жан. Рас, бүгінгі күні дініміз өркендеген сайын келеңсіздіктер бой алып жүр. Дін туралы сөз алсақ, түрлі ағым, секта, діни экстремизм, терроризм, уаһаббизм, т.б. тәрізді терминдер тізіле жөнеледі. Неге? Миссионерлер рухани болмысымызды, наным-сенімімізді, салтымызды зерттеу арқылы өзімізді шоқындырып, мәңгілік рухани құлдыққа түсірудің мақсатын көздейді. Ақиқатында, мұның барлығы шайтанның айласы. Егер барша мұсылман шариғатпен жүрсе, шатаспаймыз! Ақиқат жолы — Алланың жолы.
Құлға лайық құлшылық етсек, сынаққа сабырлылықпен қарасақ, әр пенденің ықылас-ниетіне қарай мейірімді Алла шуағын төгеді. Сондықтан, біз, бәріміз, жұмыла жұмыс жасағанымыз дұрыс. Барыс жылы ірі мемлекеттердің басшыларының басын қосып, Саммит өткізсек, қоян жылы да осындай іргелі істерді ұйымдастырайық. Жан қиналмай, жаннат жоқ, жамағат!
Гүлмира СЕЙКЕНОВА.
- Айтарым бар…
«Неміс күйеу балам машина мінгізді…»
Ұл ержеткесін, қыз бойжеткесін теңін тауып, өз алдына отау құрғанын қалаймыз. Алайда қазір отбасы деген шағын мемлекетті құруға талпынған жастарымыз шетелдіктермен бас қосып, аралас неке құруға құмар-ақ. Шетелдік күйеу балаларының мансабы мен шенін мақтан тұтатын үлкендеріміз де кездеседі арамызда.
Бірде бір тойда сексеннің сеңгіріне шыққан ауыл ақсақалы қонақтарға өз өмірі, көрген бейнеті мен жеткен зейнеті туралы сыр шертіп, әңгіме бастады. Арамыздағы көпті көрген қариядан біз елімізге қатысты тың, тарихи әңгімелер күткен едік. Алайда әлгі қария шетелдік күйеу баласының байлығы мен мансабын айтып мақтанудан ары аса алмады.
— Германиядағы құдаларым басқа тума-туыстарыма, құда-жегжаттарыма қарағанда өте күйлі тұрады. Елдерінде барып бірнеше күн қонақ болдық. Қайтарымда құдаларым су жаңа автокөлікті сыйға тарту етті, — деп масайрап отыр.
Қарияға қуаныш боп саналатын бұл оқиға мені қалың ойға батырды. Әрине, әркім өз сүйгеніне қосылғаны дұрыс. Бірақ ата-бабамыз салт-дәстүрімізді сақтаймыз, елдің тыныштығын бұзбаймыз деп қасықтай қаны қалғанша күресті емес пе? Біз бүгінгі заманда неге қызды еркіне жіберіп, ұлдың айтқанын жасауымыз керек? Германия асқан қаракөзімізден дүниеге келетін жиендеріміз қазақ нағашыларын ертеңгі күні құрметтейді деймісіз?
Бұрын аталарымыз қанды бұзбау үшін өзгеге қыз бермеген еді. Ал қазір бойжеткендеріміз өзге ұлт өкілдерінің байлығы мен мансабына қызығып, шетел асады. Біле білсек, байлық тек қолдың кірі ғана. Ал тіл, дін, діл біздің баға жетпес мұрамыз.
Ғабділмәлік АХМЕТҰЛЫ,
Мәртөк ауданының тұрғыны.
Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.



