Жаңалықтар

Арнайы қосымша вокзалға да орнатылды

Күн санап коронавирус инфекциясына байланысты сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Өйткені қауіп әлі сейілген жоқ. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін енді Ақтөбе теміржол вокзалында да «Ашық» қосымшасы іске қосылмақ.

Вокзалға келіп-кетушілердің денсаулық жағдайы қалай, соны анықтайтын қондырғы 25 маусымнан бастап кіреберісте жұмыс істейді. Бұл мақсатта әр кезек бойынша 2 адам арнайы оқытылып, осы іске жұмылдырылған.

— Бірнеше күннен бері құзырлы орган өкілдері біздегі жұмысшыларға смартфондағы қосымшаны қалай пайдалану керек, соны үйретіп жатыр. Бұл, кім-кімге болсын, керек дүние. Себебі денсаулықтан асқан байлық жоқ. Келушілер де бұған түсіністікпен қарайды деген ойдамыз, — дейді Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышев.

Оның айтуынша, Ақтөбе вокзалынан тәулігіне 12 пойыз өтеді. Күн сайын барлығы 1 мыңға жуық жолаушы ғимаратқа кіріп-шығады. Санитарлық талаптардың қатаң сақталуы сондықтан.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірдің бас теміржол қақпасында 71 адам қызмет етеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button