Жаңалықтар

Туған жердегі ыстық ықылас

Көгілдір Жемнің бойында

Жарқамыс деген ауыл бар.

Мен өстім соның қойнында,

Мен сонда тудым, бауырлар, — деген екен Өтежан ақын. Сол Жарқамыс — елге танымал біраз қаламгердің ауылы. Солардың бірі жазушы Тынымбай Кариннің 80 жылдық мерейтойы туған ауылында жалғасты.

Қаламгер алдымен Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде болып, жаңадан салынған мектеп, спорттық кешендерді аралады. Туған жеріндегі қайнаған құрылыс пен қызу тірлікті, ажары кірген көшелер мен тұрғындардың зәулім үйлерін көріп сүйсінді. Орталық музейге барып, ауданның тарихымен тағы бір сусындады.

Жалпы, Байғанин өңірі — ақын-жазушылардың елі. Жем-Сағыздың бойын жағалай жайлаған ауылдардан өрген өрендер өнерден кенде емес. Талай тұлғаларды шығарып салып, күтіп алған байғаниндіктер үшін жазушылардың келуі бір мереке. Сондықтан да жазушыны күтіп алушылар орталық кітапханада кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Тынымбай Төлепбайұлы жерлес оқырмандарына арнап әкелген бірнеше кітабын сыйға тартты. «Өмір сырының жүйрік майталманы» атты әсерлі сұхбатында өзінің сырларымен бөлісті. Оқырмандардың қойған сұрақтарына  тұшымды жауап беріп отырды. Оның «Жарқамыс» орта мектебінде бірге оқыған замандастары Лида және Бұлдырап апайлар да өздерінің ақтілектерін білдірді.

Аудан орталығындағы жылы жүздесуден кейін жазушы туған ауылына барды. Жарқамысқа жақындағанда әйгілі Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағына» аялдады. Сол жерде біраз естеліктер айтылды.

Сексеннің сеңгіріне келген жазушы ұзақ жолды ауырсынбай, ширақ жүрді. Өмірлік жары Несіпкүлмен бірге ауыл адамдарымен жылы амандасып, әрқайсысымен шүйіркелесті.

Нағыз рухани кеш кешкілік ауылдық Мәдениет үйінде болды. Кешті ақын, сазгер Орал Байсеңгір жүргізді. Ауыл тұрғындарымен болған кездесу мерекелік концертке ұласты. Туған жер мен ауылдастарының ыстық ықыласы Тынымбай ақсақалдың көңілін толқытып, көзіне жас алдырды.

Соңғы жылдары өндіре жазған қарымды қаламгер бірнеше романды жарыққа шығарды. Ол кітаптарында кейіпкерді алыстан іздеген жоқ. Ойдан шығарып образ жасамады.

Кітаптағы кейіпкерлерім мен оқиғалар — өзім көрген, куә болған жайлар. Бала кезден бастап көңілге түйгендерім, бастан кешкендерім. Жазушы — ақын емес. Шабыт келгенде немесе түнде жазу керек деген қағида жоқ. Мен алдымен жазарымды әбден пісіріп аламын. Кезі келді-ау дегенде жазуға отырамын. Ол күн бола ма, түн бола ма, әркім өзінің шамасына қарайды ғой, — деп шешілген жазушы бүгінгі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмай тұрғанын айтты. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары домбырамен күй тартып,  кештің көркін әсем әндерімен тұздықтады.

Аудан әкімі Қайрат Отаров құрмет көрсетіп, жазушының иығына шапан жапты. Ақын, Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Айжанов арнау өлеңін оқыды. Жергілікті айтыскер ақын Марат Ахметовтің жүректен шыққан жыры көпшіліктің көңілінен шықты. Жазушымен бірге келген қонақтар — облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжановтар тілектерін айтты. Жазушының туған жеріндегі кездесулерді ұйымдастырып, сапарда бірге жүрген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин жазушының құрметіне облыс орталығында көптеген шаралар ұйымдастырылып, туған жерінде жалғасып жатқанын айта келіп қаламгердің туындыларына тоқталды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button