Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Ескерткіштер — ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері

Бүгінгі күні облысымызда мемлекеттік тізімге алынған тарихи-мәдени ескерткіштер саны, кеңестік дәуірмен салыстырғанда төрт еседен астам көп екен. Тарихи-мәдени мұраны қорғау — ұлттық тарихқа деген көзқарастың өлшемі, соның бір белгісі.

Біз осы саладағы өзекті мәселелер төңірегінде облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратовпен сұхбаттасқан едік.

— Әңгімені өлкедегі ескерткіштердің зерттелу жайынан бастасақ? Біздің жеріміздегі ескерткіштерді зерттеушілер кімдер? Қандай нақты еңбектерде Ақтөбе өңірінің ескерткіштері туралы деректер бар?

Қазақстанның халықтық сәулет өнері ескерткіштері ежелден-ақ саяхатшылардың, зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Мысалы, 922 жылы оғыз жабғуы Етіректің Үстірттегі ордасында болған араб саяхатшысы әрі елшісі Ахмет ибн Фадлан оғыздардың бейіт басына қандай құрылыстар тұрғызатыны, салт-дәстүрлері, жерлеу рәсімдері туралы мәліметтер жинаған. ХІІІ ғасырдың ортасында біздің даламызға келген тағы бір елші — француз королі ІХ Людовиктің өкілі Гильом де Рубрук өз жазбаларында қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі шаруашылығы туралы баяндаған. Сонымен қатар бұхарлық тарихшы Фазлаллах Рузбихан ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақтардың тұрмысы, соның ішінде кәсіпшілігі туралы жазған.

ХVІІІ ғасырдан бастап Ресейдің, жалпы, Еуропаның зерттеушілері Қазақстанға қатты ден қойды. Біздің өлкеміздің археологиялық, сәулет ескерткіштері туралы осы кезеңнен қалған деректерді Петр Рычков, Петр Паллас, Иоганн Фальк сынды зерттеушілердің еңбектерінен кезіктіреміз. Әсіресе Алексей Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегін ерекше айту керек, мұнда діни-сәулет құрылыстары, керуен сарайлар және басқа ескерткіштер туралы деректер көп.

Ал өңірдегі сәулет өнері ескерткіштерінің арнайы түрде зерттелуі кеңес дәуірінде басталды. Нақты айтқанда, 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық экспедициясы құрамындағы антропологиялық отряд біздің облыстың аумағында зерттеу жүргізген. Бұл отрядты Сергей Руденко басқарған. Ал осы экспедицияға Әлихан Бөкейхан да қатысқан. Экспедиция кезіндегі жұмыстардың нәтижесінде 1927 жылы «Казаки: антропологические очерки» деген кітап шықты. Осы экспедиция құрамында болған Евгений Шнейдердің «Казахская орнаментика» атты очеркінде қазақтардың тас өңдеу технологиясы, тасқа ою-өрнек салуы, құрал-саймандары туралы айтылды. Ал кейіннен, Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтар Маңғыстау мен Үстірттегі тас қашау өнері ескерткіштерін жүйелі зерттеуге жол салды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали Батыс Қазақстан аймағының ескерткіштерін өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, бүгінге дейін зерттеп келеді. 1979-2009 жылдар аралығында Серік Әжіғали жетекшілік еткен ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде Батыс Қазақстандағы халықтық сәулет өнері ескерткіштерінің ареалы айтарлықтай кеңейді. Оның «Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана», «История и культура Арало-Каспия», «Архитектура кочевников — феномен истории и культуры Евразии» атты еңбектері мен тарихшы-ғалым Рахым Бекназаровтың «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» атты монографиясында Батыс Қазақстанның, соның ішінде біздің облыстың ескерткіштерінің тарихы, этнографиясы, семантикасы, олардың түрлері жан-жақты сарапталып, ғылыми тұрғыдан жүйеленді.

— Көне ескерткіштердің зерттелу жайынан мағлұмат алдық. Ал қорғалуы мен сақталуы қандай деңгейде?

— Жерінің көлемі жағынан еліміз әлемде 9-орында тұрса, сондай-ақ халқымыздың  тарихи-мәдени құндылықтар «қоры» да орасан зор. Бұл, керек десеңіз, жеріміздегі мұнай, газ, түсті металдар қорынан әлдеқайда қымбат мұра. Дегенмен біз заттық және рухани-мәдени мұрамызды қорғау мен сақтау мәселесінде өркениетті елдерден біраз артта қалып қойдық. Соның салдарынан ескерткіштеріміз ескерусіз, иесіз қалып, әртүрлі себептермен жойылып та жатыр.

Зерттеліп, дерегі хатталғанға дейін жойылып кеткен ескерткіштер көп. Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі археологиялық ескерткіштердің адам қолымен жаппай бұзылуының бірнеше ірі кезеңі бар: біріншіден, патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау дәуірінде казак отрядтары мен келімсектер алтын іздеп, обаларды арнайы түрде шахталық әдіспен жаппай тонаған. Кейбір казак жасақтарының құрамында мыңға дейін адам болғаны жөнінде дерек бар. Сонымен бірге XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықта казак жасақтарынан тыс, қазақ жеріне түрлі мақсатпен келген экспедициялардың мүшелері, саяхатшылар да көне жәдігерлерді өз елдеріне сұраусыз, есеп-қисапсыз әкете берген. Екінші апатты кезең — кеңестік замандағы тың игеру жылдары. Астық тапсыру жоспарын асыра орындау үшін тың игерушілер жерді орынды-орынсыз жырта беріп, бар-жоғы үш жылдың ішінде Қазақстанда мыңдаған ескерткіштер мәдени ландшафтымен бірге бұзылып, көпшілігі біржола құрып кетті.

Қазіргі күнге келсек, елімізде археологиялық қазба жұмыстарымен айналысатын 70-ке жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олар облыстың территориясына келгенде, бізден рұқсат сұрамайды, олардың не мақсатпен жұмыс істеп, не қазып жатқанын өздерінен басқа ешкім білмейді.

Әрине, қорған қазу — жеңіл-желпі қарайтын жұмыс емес. Бәрі жан-жақты зерттелген болуы керек. Онсыз ата-бабаның мұрасын тану, жаңғыртып, ғылыми айналымға енгізу, жас ұрпаққа жеткізу мүмкін емес. Өткен жылдан бастап республика бойынша қазба жұмыстары жүргізілетін жердің арнайы жоспары әзірленіп жүр.

— Бүгінгі күні облыста тіркеуге алынған қанша ескерткіш бар? Өңірдегі ескерткіштердің ерекшеліктері туралы айтсаңыз? Біздің өңірде қай замандарға тән ескерткіштер көбірек кездеседі?

— Ұлан-байтақ даламыздың бір бөлшегі саналатын Ақтөбенің киелі топырағы — адам баласына есте жоқ көне заманнан тұрақ болып келе жатқан, тарихтағы талай маңызды оқиғалардың куәсі болған мекен. Облысымызда әзірге тіркелген ескерткіштердің саны — 850.

Мысалы, халық депутаттарының облыстық советі атқару комитетінің 1991 жылғы 13 тамыз күнгі шешімімен біздің облыстағы ескерткіштердің саны 200 болып бекітілген екен. Бұл — еліміз тәуелсіздік алар тұстағы көрсеткіш. Тәуелсіздік жылдарында бұл тізімді қайта қарау, толықтыру мәселесі қолға алынды. 2010 жылы Мәдениет министрлігінің келісімімен және облыс әкімінің қаулысымен 659 ескерткіштің тізімі бекітілді. 2020 жылы осы тізімге тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жоғарыда айтқанымыздай, 850-ге жетті. Біздің жерімізде сонау тас дәуіріндегі тұрақтардың орындары бар. Әзірге тіркелген ең көне ескерткіш — Мұғалжар тауы баурайындағы Төлеубұлақ үңгірі. Әлі де зерттей түссе, жермен-жексен болып, жай ғана төмпешікке айналған көне қорғандар, қорымдар, орны ғана қалған мешіттер, кесенелер, топырақ астында жатқан көне құлпытастар, яғни сандаған ескерткіштер табылары анық.

Мемлекеттік тізімге ескерткіш мәртебесі берілген, түрі, санаты және координаттары көрсетілген, реставрация мен консервациялауды қажет ететін объектілер енгізіледі. Мысалы, Орталық Азия мен Еуропаны жалғаған ұлы Жібек жолының бойындағы қазіргі Ойыл ауданының орталығында орналасқан ежелгі Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары, көне ғимараттар және осындағы көне мешіт те жақсы сақталған. Осы аудан аумағындағы қола дәуіріне жататын Құмсай қорымы — еліміздегі ең ірі қорымдардың бірі. Оның аумағында 160 қорған бары анықталған.

Өкінішке қарай, ежелгі саяхатшылар мен берідегі зерттеушілердің назарына ілінген халқымыздың сәулет өнері ескерткіштерінің басым көпшілігі қазіргі таңда, ең алдымен, табиғи факторлардың әсерлерінен жойылып кетудің алдында тұр. Сондықтан оларды фотофиксациялауға айрықша мән берген дұрыс. Фотофиксация арқылы суретін, дерегін сақтап қалудың маңызы зор. Көне заманнан қалған ескерткіштер мәңгі тұрмайды, тозады, жоқ болады, ал суреті сақталып қалса, ол нақты мәлімет, нақты дәлел ретінде ғасырлар бойы пайдаланылады, сол ескерткішті өз көзімен көре алмаған кейінгі ұрпақтың да кәдесіне асады. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы Бабан тамы мен Құлтас мешітінің сақталып қалған мұнаралы бөлігі өткен ғасырдың 80-жылдарында суретке түсіріліп, биіктігі 11 метр деген дерегімен, ғылыми айналымға енгізілген. Ал қазір олар қирап, құлап қалған. Орындарында тек үйілген кірпіш жатыр.

Әр ескерткіш — тарихымыздың бір-бір парағы. Ал тарихын жоғалту — халық үшін үлкен қасірет. Сондықтан әр ескерткішті есепке алу, қорғау және сақтау ісіне терең мән беру керек. Осы тұрғыда 2017 жылдан басталған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының маңызы зор. Жоба аясында біздің облыс бойынша киелі жерлердің тізімі жасақталды. Аталған тізімге 58 нысан енгізіліп отыр. Оның 12-сі — республикалық, 46-сы жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарына жатады. Бұл тізімге айрықша маңызды табиғи және мәдени нысандар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, халық арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың кесенелері мен қорымдары, халықтың жадында елеулі із қалдырған тарихи-саяси оқиғалар өткен орындар кіреді.

— 2000 жылдардың алғашқы жартысынан бері елімізде көне ескерткіштерді қалпына келтіру мақсатымен көп жұмыстар жасалды. Алайда кейбір ескерткіштердің сол жұмыстардан кейінгі бет-бейнесіне қатысты көпшілік тарапынан сын да айтылып жүр. Мысалы, Абат-Байтақ кесенесі? Сонымен қатар алдағы уақытта қандай көне сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жоспарланып отыр?

— Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылдан бастап, «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында, республиканың барлық аймақтарында көне ескерткіштерді жан-жақты зерттеу, олардың тарихын насихаттау, қайта қалпына  келтіру жұмыстары кеңінен қолға алынды. Аталған бағдарлама алғашқыда үш бағыттан тұрса, 2008 жылдан бастап алты бағытта жүзеге асырылды.

Осы бағдарлама аясында біздің облыста республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесі (XIV–XV ғғ.), Мұғалжар ауданындағы Қарағұл тамы, Ырғыз ауданындағы Жаныс тамы, Байғанин ауданындағы Індібай тамы кешенді түрде зерттеліп, толық қайта қалпына келтірілді. Байғанин ауданындағы біздің заманымызға дейінгі V-ІІ ғасырлардағы сармат дәуіріне жататын Қызылүйік ғибадатханасына кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Ең алдымен, ескерткіштің сапасы, жай-күйі, оның кірпішінің құрамы барынша зерттеледі. Сондықтан оның басында сол істің маманы жүреді. Мысалы, Абат-Байтақ қорымы тұрған жердің құмы мен Жаныс тамы тұрған оңтүстіктегі құмның құрамы басқа, екі бөлек. Абат-Байтақ кесенесінің кірпішін зерттеген кезде, 93 пайыз құм, 7 пайыз саздан тұратыны анықталды, оны 1100 градуста қыздырған кезде орта ғасырлық сапалы кірпіш алынды. Ал көпшіліктің сынына келсек, мен реставрациялық жұмыстардың сапасына жауап бермеймін. Себебі маманы емеспін. Білетінім, жұмыстар тиянақты зерттеулерден кейін ғана басталады. Біздің беріде көргеніміз — жүздеген жылдар бойы жаңбыр мен желге мүжілген кесене. «Қазреставрация» мекемесінің мамандары кесененің жобасын, бастапқы пішіні туралы мәліметті ойдан алмағаны анық. Жоба оны зерттеген ғалымдармен бірлесіп, солардың зерттеулеріне, пікіріне сүйеніп, әзірленеді.

Алдағы жылдары облыс аумағындағы Шәкен ишан мешіті, Алмат тамы мен Оңалбек ата кесенесін реставрациядан өткізу жоспарда тұр. Бұл жұмыстар алдымен Шәкен ишан мешітінен бастап қолға алынады.

Ақтөбе қаласының аумағында 150-ге жуық археологиялық қорған бар. Олардың онына алдағы екі жылдың ішінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Мәселен, қаланың бас жоспарына сәйкес биыл ерте темір дәуіріне жататын ХІ Сазды, VII Құрашасай, І Қызылжар қорғандарының үстінен төрт жолақты автокөлік жолы тартылып, көп қабатты үйлер салынады, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық желілер тарту жоспарланған.

— Ескерткіштерді қорғау бағытында қандай жұмыстарды жандандыру қажет?

Ең бірінші мақсат-міндетіміз — облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің санын және мемлекеттік тізімге енген ескерткіштердің орналасқан орындарын анықтау, тізімін жасау мен құжаттарын ретке келтіру. Бұл жұмыс дәл қазір аса өзекті, өйткені, біріншіден, бүгінге дейін облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің саны нақты анықталған жоқ. Екіншіден, әртүрлі себептермен (үй, құрылыстар, жол салу, канал қазу, газ-мұнай құбырларын тарту және т.б.) және табиғи апаттан бұзылып жатқан тарих және археология ескерткіштері көп, олардың қатарында бұрын есепке алынғаны да, сонымен қатар осы уақытқа дейін есепке алынбаған, ғылымға белгісіз болып келген ескерткіштер де бар.

Егер осы мақсат іске асырылса, атап айтқанда, облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны нақты анықталып, тізімі жасалып, аудандар бойынша жинақтар шығарылса, бүгінге дейін тізімге енген тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталу барысы анықталып, оларды қорғау және пайдалану жұмыстары реттелсе, жүздеген, тіпті, бәлкім, мыңдаған ескерткіштерді сақтап қалған болар едік. Бір ғана Ақтөбе қаласының аумағында 150-ге жуық археологиялық қорған бар. Олардың онына алдағы екі жылдың ішінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Мәселен, қаланың бас жоспарына сәйкес, биыл ерте темір дәуіріне жататын ХІ Сазды, VII Құрашасай, І Қызылжар қорғандарының үстінен төрт жолақты автокөлік жолы тартылып, көп қабатты үйлер салынады, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық желілер тарту жоспарланған.

Сонымен қатар тағы бір айрықша мәселе: облысымызда Қобыланды батыр мен Әбілқайыр ханның жерленген орындары анықталды. Сонымен қатар Абат-Байтақта халқымыз ерекше қадірлеген тұлға жатыр. Ол кім? Бөкенбай, Исатай батырлар мен Едіге бидің Ақтөбе топырағында жерленгені туралы ел аузында жүрген деректер шындыққа қаншалықты жанасымды? Міне, осы сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап керек.

— Өңірде туризмді дамыту бойынша қандай ұсыныстар бар?

— Облыс аумағындағы «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары аясында зерттеліп-зерделенген, ғылыми айналымға енгізіліп, қайта қалпына келтіріліп жатқан аса маңызды ескерткіштердің негізінде төмендегі 4 бағыт белгіленіп, олардың нақты жобалары жасалып, тиісті орындарға ұсынылды.

Бірінші бағыт — орта ғасырлардан бастап ХVІІІ ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығында салынған халықтық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштерін топтастыратын Елек-Қобда аймағы. Ол «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік тасжолы бойындағы орталығы Абат-Байтақ кешені  болатын Елек-Қобда-Ойыл өзендері аумағындағы Ақтөбе қаласы, Есет батыр Көкіұлы кешені, Шәкен ишан мешіті, Ә.Молдағұлова атындағы патриоттық орталық, Қобыланды батыр кешені, Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесі ансамблі сияқты ескерткіштерді қамтиды. Бұл нысандар арасында, жоғарыда айтқанымыздай, орта ғасырларға жататын бірегей халықтық сәулет өнері ескерткіші — Абат-Байтақ мавзолейі 2004-2006 жылдары зерттеліп, қайта қалпына келтірілді; эпостық қаһарман Қобыланды батырдың мавзолей-кешені жаңғыртылып, барша қазақ қастерлейтін Бекет әулиенің шәкірті Шектібай Оразайұлының алтыншы ұрпағының қолында сақтаулы тұрған киелі «Көк асамен» бірге зиярат етуші жұртшылықтың игілігіне айналды. 2006-2007 жылдары Абат-Байтақ және Қобыланды батыр кешендері маңында этноауыл құрылып, халықаралық дәрежедегі ғылыми конференция, жиындар өткізілді.

Екінші бағыт — орталығы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік тасжолы мен Ырғыз-Шалқар тасжолы қиылысындағы Бөкенбай батыр шоқысы және әлемдік маңызы бар Жаманшың метеориті болатын Солтүстік Арал аймағы. Ол Балғасын (ХІІІ-ХVІІІ ғғ.), Есет-Дәрібай (ХІХ ғ.), Тоқпан (ХІХ ғ.), Мәні әулие (ХVІІІ-ХХ ғғ.), Жаныс тамы (ХХ ғ. басы), Алмат тамы (ХХ ғ. басы), Ырғыз бекінісі (ХVІІІ-ХХ ғғ.), Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымы (ХVІІІ-ХХ ғғ.), Ырғыз-Торғай табиғи резерваты сияқты тарихи-табиғи ескерткіштерді қамтиды.

Солтүстік Арал маңы өңіріндегі Борсыққұм, Мұғалжар тауы, Торғай, Ырғыз-Өлкейек су алабы, сондай-ақ кесене-ғибадатхана құрылыстары да көрнекілігімен көз тартады. Мұнда Ноғайлы дәуірінің жәдігері Балғасын мұнарасының қираған орны жатыр. Бұл ғажайып ескерткіш ХХ ғасырдың басында құлаған. Қазір оның орнында көкшіл эмальмен қапталған күйдірілген кірпіш сынықтары ғана жатыр. Оған жақын жерде ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардың мұрасы — Оңалбек ата мавзолейі тұр. Аталған өңірдің кесене-ғибадатхана ескерткіштері – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында күйдірілген және шикі кірпіштен салынған күмбезді мазарлардың өзіндік ерекшеліктерін көрсететін Қарағұл, Нұрсейіт, Қали, Назар, Жаныс, Кепер, Алмат тамы сияқты мазарлар кешені. Бұл ескерткіштерден далалық сәулет өнерінің тамаша дәстүрлері айқын сезіледі. Ал Есет Дәрібай, Мамай батыр, Мәні әулие, Байғабыл тамы, Қайнар тамы, Кепер, Омар, Жапақ, Тоқсанбай, Әбдібай тамы сияқты ескерткіштер тобы, кейбірі — төрт қабырғалы, көпшілігі сегіз қырлы қабырғалы, порталды-күмбезді немесе кіреберісі бірнеше бөлме болып келетін күмбезді халықтық сәулет өнерінің ерекше үлгілері болып табылады. Солардың ішінен сегіз қанатты қазақтың киіз үйі тәрізді салынған Қарағұл тамы мен Жаныс тамы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары іске асырылды.

Өлкейек өзені мен Қабырғаның құйылысынан 4 шақырым батысқа қарай аймақтағы аса маңызды тарихи орын — Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1680-1748 жж.) жерленген «Хан моласы» қорымы бар. Солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы — 600 метр, шығыстан батысқа қарай ені 200 метр болатын көлемді жерді алып жатқан бұл қорымда 1 мыңға жуық бейіттің ізі бар, оның 40-қа жуығында, негізінен, Самарқанның көктасынан жасалған құлпытастар сақталған. Ескі жазбаларға сүйене отырып, 1998, 2001 және 2007-2010 жылдары қорымға кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Кешенді мемориалды-туристік орын есебінде қоршап, «Хан моласы» қорымы туралы кітап-альбомды жарыққа шығару көзделіп отыр.

Үшінші бағыт Жем-Сағыз-Темір өзендері бойындағы Төлеубұлақ үңгірі, Мұғалжар тауы тарихи-мәдени атрибуттары, Жәлімбет мавзолейі, Алкелді бекінісі, Досжан ишан мешіті, Молдағазы мешіті, Дәуімшар, Қарасақал, Нұрмамбет, Асанқожа ансамбль-кешендерін қамтиды.

Жем өзенінің бастауында орналасқан Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтерді ғалымдар, шамамен, осыдан 10 мың жыл бұрынғы тас дәуірі кезеңіне жатқызып жүр. Жем-Сағыз және Ойыл өзендері аңғарларындағы қорымдарда зираттар саны көп, әрі кешендер тобы жинақы келеді. Асанқожа, Қарасақал, Дәуімшар, Алып Ана, т.б. ХІХ ғасырға жататын көптеген қорымдардың жанына мешіттер салынған. Солардың бірі, Темір ауданындағы діни-ағартушы Досжан ишанның мешіт-медресе кешені — ерекше көңіл аударарлық ескерткіш.

Төртінші бағыт сармат дәуіріндегі бірегей ғибадатхана-әулиелі орын саналған Қызылүйік кешенін, орта ғасырлардан бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі халықтық сәулет өнерінің ғажайып ансамбльдері — Сүлікті, Ащыайрық, Тұщыайрық, І Ақсай, ІІ Ақсай, Үлкен Жыбысқы, Кіші Жыбысқы, Қошқар Ата, Беспай, Сұлтан ахун, Қайнар және басқа да діни-тұрғын кешендерін, яғни Доңызтау аймағының ескерткіштерін қамтиды.

Үстірттің солтүстік шеткі шыңының маңында орналасқан кесене-ғибадатхана кешені Доңызтау тобына жатады. Олардың ең көнелерінің бірі — Байғанин ауданы Дияр елді мекенінен оңтүстік-оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан Қызылүйік ғибадатхана-әулиелі орны. Ол — қазіргі жыл санауымызға дейінгі ІІ — қазіргі жыл санауымыздың ІІІ ғасырлары аралығына тән ескерткіш.  Қызылүйік 2004-2009 жылдары кешенді түрде зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді.

Доңызтаудағы адай және табын руларының көктемгі және күзгі көш жолында жатқан аса маңызды, көрнекті кешендер кейінгі ХІХ-ХХ ғасырларда қалыптасқан. Бұл кешендерде мешітпен қоса, тұрғын үйлер, мектеп-медреселер, бейіттер, қора-жайлар да бар, олар терең де кең сайдың жарқабағына, қыраттың етегіне орналасқан.

Сөз соңында айтарым, облысымыздың халықтық сәулет өнері ескерткіштерін зерттеудің, қайта зерделеудің және насихаттаудың нәтижесінде орта ғасырлардан бастап бергі заманға дейін жалғасқан халқымыздың дәстүрлі сәулет өнерінің тарихы, генезисі, оның көптүрлілігі, салыну және жасалу әдістері, ескерткіштердің таралу аймағы мәселелері ғылыми жүйеленіп, жұртшылыққа мақалалар, жинақтар, бейнефильмдер ұсынылды, ал жас ұрпақ үшін бұл үлкен рухани тәрбие құралына айналды. Ендігі міндет — жоғарыда аталған туристік бағыттарды кең көлемде насихаттай отырып, таяу жылдарда оларды толыққанды қалыптастырып, ішкі және сыртқы туризмнің бір тармағына айналдыру.

Ақтөбеде Рахым Бекназаров, Арман Бисембаев, Мейрам Дүйсенғали, Аслан Мамедов, Қонысбай Рахбаев бастаған этнограф-археолог мамандар, зерттеуші-ғалымдар бар. Дегенмен олардың қатарын әлі де толықтыра түсу қажет. Ақтөбеде құлпытастағы жазуларды оқитын арабист, сонымен қатар архитектор, реставратор, антрополог, геодизист сынды мамандар бірен-саран ғана. Сондай-ақ Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсетілген міндеттерге сай, облыста жас тарихшылар қоғамы құрылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button