Жаңалықтар

Санитарлық талаптарды сақтап жүрсіз бе?

Соңғы тәулікте облыста 34 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 6 адамнан пневмония анықталған. 13 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар тұрғындардан санитарлық талаптардың қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды.

— Облыс «жасыл аймақта». Дегенмен эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.

17 маусым күні 34 адамнан індет анықталды. Аурушаңдық деңгейі — 0,3 пайыз.  Науқастармен байланыста болған 64 адам оқшауланды. Соңғы бес күндікте, яғни 13-17 маусым аралығында 99 жағдай тіркелді, — деген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев індетті алдын алудың бір тәсілі вакцина екенін айтты.

Сондай-ақ  вакциналау мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров ақпан айынан бастап облысқа 202 450 вакцина дозасы әкелінгенін, жуырда тағы қосымша 22 мың доза жеткізілгенін мәлімдеді.

— Күні бүгінге дейін облыстың 104305 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентімен, ал 59758 адам екінші компонентімен егілді. Емдеу мекемелерінде вакцинаның үш түрі де қолжетімді. Осы ретте тұрғындарға айта кетейік, вакцина алған адам ауру жұқтырмайды деген түсінік қалыптаспау керек. Ешбір вакцина індеттен 100 пайыз қорғамайды. Бірақ вакцина алған адам індет жұқтырса, онда ауру жеңіл түрде немесе симптомсыз өтуі мүмкін. Тұрғындар осыны түсінуге тиіс, — дейді Бекболат Ізбасаров.  

Пандемия басталғалы облыста 11609 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 11193 адам жазылып шықты. Қазіргі таңда 145 адам ем алып жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button