Жаңалықтар

Кәсіпорындағы экосағат

Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатында бірнеше экологиялық акция ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбында бейнероликтер, кәсіпорын цехтарындағы ландшафтық дизайн байқауы, жыл сайынғы «Таза жағалау» акциясы, екінші жыл ұйымдастырылып жатқан «Пакет, кет!» шаралары өтті.   

Кәсіпорынның 25 экологі  «Таза жағалау» акциясы аясында «Мұғалжар» демалыс базасының қалалық жағажайынан отыз қапшықтан астам қоқыс шығарды.  Белсенді экологтардың көшін қоршаған ортаны қорғау зертханасының басшысы Зинаида Тулина бастап барды. Шараға комбинаттың шахта-құрылыс цехы, орталық зертхана, «Молодежная» шахтасы секілді бірнеше цехтардың қызметкерлері қатысты. Бір жарым сағатта жағалау бойын мұнтаздай етіп тазалады. Жағажай маңында қоқыс жинау шарасы бір сарында өтпес үшін ұйымдастырушылар сол сәтте-ақ қызықты шағын ойын өткізіп, уақыттың қалай тез өте шыққаны байқалмай қалды.

— Мен комбинаттықтар қатарына жаңадан қосылып жатқан қызметкермін. Мұндай экологиялық шараға бірінші рет қатысуым. Жағалауға келіп демалған әр қала тұрғыны өзімен бірге қоқыстарды алып кетсе, өңірдің экологиясы одан әрі жақсара түспек, — деді Дөң тау-кен байыту комбинаты қоршаған ортаны қорғау зертханасының қызметкері Жанар Есеналиева.

Сонымен бірге кәсіпорында жыл сайын өтетін «Пакет, кет!» акциясына қатысу үшін тұрғындарға 20 полиэтилен пакетін әкелу ұсынылған-ды. Орнына «Қазхром» АҚ қызметкерлері мен қаланың экобелсенділері арнайы тіккен сәнді экошоппер берілді. Бұл сөмке дүкенге баруға немесе мектеп құрал-жабдықтарын тасуға арналған экологиялық баламаға айналуға тиіс. Осылайша акцияға қатысқандар пакеттерін 150 экошопперге айырбастады. Жалпы, жыл сайын «Қазхром» қайта өңдеуге арнайы мамандандырылған компанияға өзге филиалдарды қосқанда шамамен 40 мың полиэтилен пакет жібереді.

Ал инстаграм желісінде комбинат қызметкерлерінің балалары «Экорепортер» бейнекросына қатысып, бейнеролик арқылы қалдық заттардан пайдаға асатын бұйымдар жасап көрсетті.

Дөң тау-кен байыту комбинаты цехтарының өндірістік алаңдарында өткен ландшафтық дизайн байқауы аясында корпоративтік стильдегі нысандар құрастырды. Әр экологиялық байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларына диплом мен бағалы  сыйлық табыс етілді.

Міне, осы секілді қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар кәсіпорында жиі өткізіледі.

 Арайлым ҒАНИ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button