Жаңалықтар

Тексеру жұмыстары аяқталған жоқ

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде «Бестамақ ауылындағы экологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар» тақырыбында брифинг өтті.

Облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, департаменттің қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін «Парижская коммуна-ХХl» ЖШС-нан 7 милиард 26 миллион теңге өндіріп алу туралы талап-арызы Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының биыл 13 мамырда шыққан шешімі бойынша толық қанағаттандырылған.

Бұдан басқа қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттан айырылуына байланысты Ақтөбе облысының экономикалық сотына департамент ЖШС-ның  мал сою цехы, зертхана, дизбарьер, санөткізгіш, жемшөп цехы, қазандық, бордақылау цехының қызметін тоқтату туралы талап-арызбен жүгінген болатын. Алдын ала сот мәжілісі 4 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

— Бестамақ ауылы тұрғындарының өтініші бойынша біздің департамент  31 мамырдан 11 маусымға дейін жалғасатын жоспардан тыс тексеру тағайындап отыр, — деді Нұржан Аққұл.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті  облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кеңес Қанатбаев өзі жетекшілік ететін мекеме өкілдері Алғада биоқалдықтарды жою кезінде заңбұзушылықтардың болғанын анықтағанын атап өтті. Айыппұл да өндірілген.

Облыстық әділет департаментінің аға сот орындаушысы Ләззат Аманжолова барлығының заң аясында жүргізіліп жатқанын, бұл іске әлі нүкте қойылмағанын тілге тиек етті.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button