Жаңалықтар

Зейнеткерлер орталығы ашылды

Ақтөбе қаласындағы Мишин көшесі, 12-үйде зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Жалпы, орталықтың мақсаты — қаламыздағы белсенді қарттардың өмір сүру жасын және мүмкіндіктерін ұлғайту. Сол себепті де бұл орталықтың бағдарламасы салауатты өмір салтын ұстануға негізделген.

Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова бір уақыт өздеріне көңіл бөліп, замандастарымен осы жерде бас қосып, демалысын тиімді өткізуге келген зейнеткерлерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тіледі.

Мұндай жоба елімізде тек Алматы қаласында ғана бар. Біздің Ақтөбеде бұған дейін Астана ауданында Марат Оспанов көшесі бойында ашылды. Бүгінгі Мишин көшесінде ашылған орталыққа Алматы ауданының тұрғындары келеді деп ойлаймыз. Орталық зейнеткерлерге ғана арналған. Ата-әжелер бұл жерге немересіз келеді. Себебі олар да демалуы керек қой (күліп). Орталықта барлық қызмет түрлері — тегін. Мемлекет қаржыландырады. Бюджеттен осы екі орталыққа бір жылға 53 миллион теңге бөлініп отыр, — дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.

Орталыққа келушілердің бірі — суретші, портрет салудың шебері Есет Исмайлов.

Үйімізге жақын болғасын, зайыбым Гүлжан екеуміз осы орталыққа келіп тұрамыз. Ертеңгілік әуелі салмақ, температура, қан қысымын өлшеп, тексереді. Сосын Қарғалы өзеніне жақын орналасқан сай жағасына барып, таңғы жаттығуымызды жасаймыз. Бағдарлама кестесі әр күні әртүрлі. Кабинеттер көп, фитнес залы бар. Замандастардың кейбірі тоқыма, қолөнер бұйымдарын жасаса, тағы бірі массаж қабылдайды. Маған әсіресе буындарға  арналған жаттығулары жақты әрі нәтижесі де бар, бұрынғыдай емес, кішкене жақсарып келе жатқандаймын. Мамандар да ілтипатты, мәдениетті. Жалпы, орталық ұнады, — дейді Есет Исмайлов.

Белсенді өмір сүру орталығы жобасының ұйымдастырушысы — «Қайырымды жүрек» орталығының директоры Райхан Ермұханованың айтуынша, бұл — зейнет жасындағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуге, әсіресе, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін орталық.

Сондай-ақ бұл жерде зейнеткерлер компьютермен жұмыс істеуді үйренеді. Ынтасы барлары ағылшын тілін меңгеруге талаптанып жүр. Апта сайын тегін құқықтық-психологиялық кеңес, сауықтыру жөнінде шеберлік сыныптары өткізіледі. Орталық тынысын инстаграм парақшамызға жүктеп отырамыз және әр орталықтың ішінде ілінген стендке де шығарамыз. Орталыққа келушілер саны күннен-күнге көбеюде. Барлығының көңілі көтеріңкі, алғыстары шексіз, — дейді Райхан Ермұханова.

Құттықтау сөздері әжелер ансамблінің әнімен әрленді. Шара соңында ұйымдастырушылар орталықтың ашылу құрметіне зейнеткерлерге құшақ-құшақ гүлдер таратты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button