«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Қаланың көркін ашатын муралдар

Ақтөбенің көп қабатты үйлерінің қабырғасына салынған алып суреттер қала көркін кіргізіп-ақ тұр. Абай Құнанбаевтың, батыр қыздар Әлия мен Мәншүктің, басқа да түрлі тақырыптағы суреттерді қала тұрғындары көріп те жүрген шығар. Екі-үш күндікте ғана Әбілқайыр хан даңғылының  Қалдаяқов көшесімен қиылысындағы бес қабатты үйдің қабырғасына композитор Шәмші Қалдаяқовтың  суреті салынды. Мұның барлығы суретші Төлеген Дарбаевтың туындысы.

Біз барғанда суретші Қалдаяқов көшесі мен Есет батыр көшесінің қиылысындағы екі қабатты үйдің қабырғасына үкінің суретін салып жатыр екен. Жұмысын енді бастап жатқан жігіттен сәл үзіліс жасауын өтініп, азырақ сұхбаттастық.

Бұл маңда екі қабатты ескі үйлер көп. Сондықтан осы көшенің сәнін кіргізейік дедік. Үкінің суретін салуымыздың да себебі бар. Қазақ ертеден үкіні қасиетті құсқа балаған  ғой. Қасиетті құс сәбиді жын-шайтаннан қорғайды деген сеніммен  үкі қауырсындарын нәрестенің баскиіміне, бесігіне таққан. Қызды айттырғандағы «үкі тағу» деген дәстүрді де білесіздер, — дейді ол.

Үкінің суреті — Төлегеннің Ақтөбе көшелеріне салып жатқан тұңғыш 3D туындысы.

3D форматының ерекшелігі — сурет «тіріліп кететіндей» болып тұрады. Үй қабырғаларына 3D  форматында сурет салған кезде үйдің екі қабырғасын пайдаланамыз, яғни, үкінің бір жақ көзі бір қабырғасында, екіншісі келесі қабырғасында орналсады. 3D эффектісі тек бір жағынан ғана байқалады. Мен бұл суретті бір күнде аяқтаймын, яғни, ертең сіздің газеттеріңіз шыққан күні суретім дайын болады, — деп күледі суретші.

Төлеген бұған дейін Абай даңғылы бойындағы көп қабатты үйдің қабырғасына Абайдың суретін салды. Осы даңғылдағы 45 қарасөз жазылған тақта орнатылып, шағын кітап қойылғаны да белгілі. Сол кітапшадағы Абайдың суретін де Төлеген салды.

Белгілі бір тұлғаларды салған кезде оның шығармаларын оқуға, жан дүниесін түсінуге тырысамын. Абайдың суретін салар кезде де ақынның өлеңдерін, қарасөздерін оқыдым. Ақынның суретін салар кезде оның даналығы көзінен көрініп тұратындай болуы керек… Ал Шәмшінің суретін салар кезде міндетті түрде оның әндерін тыңдадым, — дейді Төлеген Дарбаев.

Бұл муралдар кемінде 10 жылға дейін түсін бермейді, қыстың сарышұнақ аязы мен жаздың шіліңгір ыстығы, жауын-шашын да суреттің бояуын ағызып жібере алмайды. Барлық қажетті құралдарды Ресейден алдыртады екен. Ал муралдарды салу жұмысын қала тірлігіне бейжай қарай алмайтын қайырымды меценаттар қаржыландырады. Бұл үшін мемлекеттік қазынадан бір тиын да ақша жұмсалмайды.

Суретші бұл жолғы туындыларын 28 мамыр — қала күніне жасаған шағын ғана сыйы деп есептейді!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button