Жаңалықтар

Азық-түлік бағасы және ономастика

Өткен жұма күні облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселесі және ономастикалық комиссияның жұмысы қаралды. Облыстық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған кезекті басқосуға облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов, комиссия мүшелері, басқарма басшылары, журналистер қатысты.

Бірінші боп сөз алған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне пандемияға байланысты қазіргі ахуал әсер еткенін айтты.

— Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша бағалар республикалық көрсеткіштен төмен, соның ішінде бірінші сұрыпты бидай ұны, картоп және тұз басқа қалалармен салыстырғанда бізде арзандау. Жалпы, жыл басынан бері азық-түлік тауарларына тұтыну бағасының индексі 104 пайызды құрады.

Облыс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 14-імен өзін қамтамасыз етеді. Қалған 5 тауар түрі — күріш, қарақұмық жармасы, қант, тауық еті және ас тұзы басқа өңірлерден жеткізіледі. Соның салдарынан аталған өнімдердің құнының өсуі байқалады.

2021-2022 жылдардағы маусымаралық кезеңде тұрақтандыру қорына картоп пен көкөніс егу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрақтандыру қорына барлығы 2000 тонна картоп, 233 тонна пияз, 200 тонна сәбіз, 158 тонна қырыққабат салынады. Тиісінше тұрақтандыру қорының өнімдері нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен сатылады.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруші 11 кәсіпорынмен және ірі сауда желілерімен үшжақты меморандумдар жасалды. Сондай-ақ сауда үстемесін қолдану бойынша 2021 жылға  арналған әкімдіктер мен көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 711 меморандумға қол қойылды, — деді ол.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, «Алаңнан сөреге дейін» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбеде «Табыс Агро» дүкендері ашылған. Аталған сауда орындарында ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа төмендетілген бағамен сатылады.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тұрақтандыру қорының игілігі мол екенін, онда сақталған көкөністер жыл бойы саудаланатынын атап өтті.

Одан соң баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында ономастикалық комиссияның жұмысы туралы есеп берді. «Ел Тәуелсіздік алғалы облыста 167 елді мекен тарихи атауларымен «қайта қауышты» деген ол:

Облыс бойынша тіркелген  3400 көше атауының 2244-і дәстүрлі — топонимдер, 1056-ы — тарихи тұлғалар есімдері, 218-і топонимикалық жүгі жоқ және аса танымал емес кісі есімдеріне берілген. Атаулардың  96 пайызы мемлекеттік тілде қойылған. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы бойынша 5 атауы жоқ көше, 3 шағын аудан, 13 тұрғын үй алабы, 5 қайталанған көше атауын қайта атау бойынша түскен ұсыныстар 2021 жылғы 23 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясында қаралып, ұсынылған 26 атаудың 25-і оң қорытынды алды.  Ал атаусыз шағын ауданға ұсынылған Батыс (Батыс-1,2 ) атауына қатысты ұсыныс басқа тарихи жер-су атауымен қайта қарау үшін кері қайтарылды.

Қазіргі таңда облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген
3 ауылдық округ (Қарғалы ауданынан – Велиховка, Степной, Мәртөк ауданынан – Родников), 9 ауыл (Қарғалы ауданына – Петропавловка, Степной, Мәртөк ауданынан – Вознесеновка, Первомайка, Шевченко, Родниковка, Полтавка,  Дмитриевка, Покровка), 13 жалпы білім беретін орта мектеп (Мәртөк ауданынан – Вознесеновка, Полтавка, Родниковка, Хлебодаровка, Веренка, Дмитриевка, Покровка, Шевченко, Қарғалы ауданынан – Велиховка, Петропавл, Мұғалжар ауданынан – Н.Крупская, Каз ССР, Әйтеке би ауданынан – Шевченко), 155 көше және мән-мағынасыз қойылған 33 көше (Бакинский, Штурман, Орский, Крайний, Питомник, Безымянный, т.б.) анықталып отыр, —
деп сөзін сабақтады.  

Осы орайда облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясының құрамына топонимист, филолог, лингвист, тарихшы, өлкетанушы ғалымдар, қоғамдық кеңес мүшелері кіретінін айта кету керек. Комиссияның 2021 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, 4 рет отырыс өткізу жоспарланса, наурыз және сәуір айларында соның 2-еуі ұйымдастырылыпты. Айталық, наурыз айында өткізілген комиссия отырысына атау беру бойынша Мәртөк, Мұғалжар аудандарынан 21 ұсыныс, қайта атау бойынша Қобда, Ойыл, Хромтау аудандарынан 100 ұсыныс түскен. Барлық 121 ұсынысқа комиссия мүшелері тарапынан оң қорытынды берілді. Ал сәуір айында Әйтеке би, Қобда, Қарғалы, Ойыл, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарынан идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанған көше атауларын қайта атау бойынша 19 ұсыныс түсіп, барлығы оң қорытынды алған.

— Қазіргі таңда көрнекі ақпарат жайы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жарнама мен көрнекі ақпаратта тіл туралы заңнаманың сақталмайтыны, жарнама мәтіндеріндегі стилистикалық, грамматикалық қателердің болуы тұрғындардың наразылығын тудыруда. Бұл жерде көрнекі ақпарат саласы бойынша басқармаға тиісті бақылау құзыретінің берілмеуі тиісті саланы реттеуге кері әсерін тигізіп жатыр. Бірақ басқарма тарапынан ерікті топпен, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық ұйым өкілдерімен, тіл жанашырларымен бірге тіл туралы заңнаманы басшылыққа ала отырып, Әлия Молдағұлова даңғылы, Есет батыр, Ағайынды Жұбановтар, Шәмші Қалдаяқов, Қаныш Сәтбаев көшелері, 11, 12, Батыс-2 шағын аудандарындағы көрнекі ақпараттарға рейд жұмыстары жүргізілді. Жалпы, жыл басталғалы 4 айдың қорытындысы бойынша 567 жарнама мәтіні тексірілді. Рейд барысында анықталған 193 қателіктің 152-сі сол бойда заңға сәйкестендіріліп, 90 көрнекі ақпарат мәтінін түзетуге ұсыныс берілді. Электронды пошта арқылы басқармаға жарнама агенттіктерінен көрнекі ақпарат мәтіндерінің заңға сәйкестігіне келісім алу үшін 98 ұсыныс түсіп, қателіктер түзетіліп,  келісім берілді. Және әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қаламыздағы «Домострой», «Анвар», «Дина», «Шебер» секілді ірі сауда орындарында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңының» 21-бабының бұзылып отырғандығы жөнінде түскен өтініштер негізінде біз аталмыш мекемелерге хабарласып, көрнекі ақпарат мәтіндерін заң талаптарына сәйкестендірдік, — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тұрақтандыру қорындағы картоптың сын көтермейтінін, ондағы көкөністердің сақталу жайын тексеруге баратынын айтты. Сонымен бірге аялдама атауларының қоғамдық көліктерде дұрыс хабарланбайтыны да айтылды. Бұл бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысына кемшілікті жоюға тапсырма берілді.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кеңейтілген отырыстың соңында қоғамдық кеңес мүшелері келесіде атқарушы билік өкілдерін шақыру керектігін, артынша қателіктерді түземеген меншік иелерін жауапкершілікке тарту жайын күшейтуді өзара талқылады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button